• Атамекен
  • 21 Қараша, 2019

Дәрігер үнемі даму үстінде болуы керек

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Сухраб ЖАПАРОВ – еліміздегі жақ-бет хирургиясы саласының үздік мамандарының бірі. Бала күнінен ертегілердің орнына анатомиялық кітаптарды оқып өскен ол бұл мамандықты таңдауға сол кезден-ақ бел буыпты.

– Сухраб Абайдуллаұлы, өзіңіз, отбасыңыз және кәсібіңіз жайында біраз айтып берсеңіз. – Отбасымызда екі ағайын­дымыз, мен үйдің үлкенімін. Ата-анам – жоғары білікті дәрігерлер. Әкем – елге танымал хирург, ал анам – тіс дәрігері. Әлбетте, мен мамандық таңдауда ата-анамның ізімен жүрдім. Екі қызым бар, кенжем де дәрігер болуды амандайды. Қазір Алматы қаласының №5 қалалық клиникалық ауруханасында бет-жақ хирургі болып қызмет етемін. Яғни, балалар мен ересектерге әртүрлі жақ-бет патологиялары бойынша ем жасаймыз. Негізгі жұмысымнан бөлек, Қазақстан Рес­публикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Ғылыми кеңес төрағасының орынбасарымын. Бұл істе Қазақстанның жас ғалымдарына көмек көрсетуге байланысты түрлі шаралар ұйым­дастырамыз. Мұндағы жұмыс ынта-жігерге негізделген және біз бос уақытымызды соған арнауға тырысамыз. Бала кезімнен ата-анамның тәлім-тәжірибесінен көріп-түй­генім – дәрігерлік мамандықтың қиын да жауапты жұмыс екендігі. Олардың шаршап-шалдық­қандарына қарамас­тан өз ісіне құлай берілгендігін, оған аса жауап­кершілікпен, құрметпен қарай­тынын сезіп өстім. Күн­делікті үйдегі әңгімелер де тек медицина та­қырыбында өрбіп жататын. Осылайша менің де мамандық таңдауым алдын-ала анықталып, мектеп бітірген соң С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық меди­циналық университетінің стоматология бөліміне түстім. Клини­калық ординатураны, одан кейін И.Сеченов атындағы Мәскеу меди­циналық академиясында докторантураны тәмамдадым. Бұдан бөлек, Жапонияда ауруханаларды басқару бойынша, Нью-Йорктің Колумбия университетінде биостатистика бойынша, сондай-ақ Литвада, Ресейде және басқа да көптеген елдерде жақсы тағылымдамалардан өттім. – Ал «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қалай кірдіңіз? – Бұл жобаға қатысу фактісі мен үшін тосынсый болды. Бұл Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының бастамасы. Ондағы азаматтар мені осы жобаға қатысуға шақырғанда, мен іштей күмәнданғаным рас. Өйткені, біздің елімізде талантты жастар мен белгілі тұлғалар өте көп. Менің мәліметтерім Нұр-Сұлтан қаласына жіберіліп, дауыс беру басталғанда, көптеген адамдардың маған дауыс бергендерін көріп қуанып, жігерлене түстім. Осы жобаның арқасында мен тамаша жандармен танысып, олардың арасынан достар таптым. Мен үшін бұл жоба – бірінші кезекте, өмір бойы істеген ісімнің маңыздылығын білдіреді. Өйткені, осының арқасында мен өзімнің қоғамға пайдалы, қажет азамат екенімді, әрі қарай да бұл сенімді ақтау үшін аянбай қызмет ете алатынымды түсіндім. – Науқаспен жалғыз қалып, опе­рация жасаған алғашқы тәжіри­беңізді еске түсіре аласыз ба? Сол сәтте не сезіндіңіз? – Әрине. Кез-келген операция кезінде күтпеген жағдайлар туындауы мүмкін. Баланы операция үстеліне жатқызып, қолыма скальпель алғанда, қатты толқыдым. Опе­­рация сәтті өтті, бәрі ойда­ғыдай аяқталды. Менің ойымша, алғашқы эксперименттен кейін кез-келген дәрігер-хирург жұмыстың алғашқы күніндегідей алаңдамайды. Осыдан кейін мен балалар хирургы болып жұмыс істей бастадым. Осындай кезеңдерде әкем – әрдайым менің басты кеңесшім, ұстазым және тәлімгерім. Ол ме­нің қолымды операция жасауға дағдылан­дырды, қиын маман­дық­тағы алғашқы қадам­дарымда көмек­тесті. Бүгінде мен де ол кісі секілді кәсіби хирургпын. Дегенмен, бірлескен операциялар пайда болған кезде мен оны бірге жасауға шақырамын. – Негізгі қызметіңізден басқа, сіз 40-тан астам ғылыми еңбек жаздыңыз, бірнеше патенттеріңіз бар. Осы шығармашылық қыз­метіңіз туралы айтып берсеңіз. – Шығармашылық-ғылыми қызметке келсем, мен ғылыммен белсенді айналысып, диссертация қорғағанымды айта кетсем деймін. Болашақта мұның бәрі менің ғылымнан бастап менеджментті үйренуіме, содан кейін Қазақ ұлттық медицина университетінің Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы болып сайлануыма жалғасты. Қазір біз жас мамандардың ғылыми қызметін үйлестіріп, оларға көп­теген мәселелер бойынша кө­мектесіп жатырмыз. Яғни, менің бүкіл өмірім әрдайым ғылыммен қатар өрбуде. Менің патенттерім сондай-ақ зерттеу мен дамуға қатысты, өйткені менің жұмысым балалар мен жасөспірімдердің бет-жақ бөлігінің жарақаттарымен байланысты. Диссертациямды жазған кезде, 90-шы жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында біз жақ сүйектері мен сынықтарын емдеуге көмектесетін түрлі әдістерді белсенді түрде енгіздік. – Қай елдерде медицина жақсы дамыған деп ойлайсыз? – Әрине, кез келген ел өз медицинасын тиісті деңгейде да­мытуға тырысады. Мысалы, АҚШ-та медицина өте жақсы дамыған. Түркиядағы Аджибадем клини­касына барғанымызда, мен түрік медицинасы адамдардың қажеттіліктеріне бағдарланғанына көз жеткіздім. Сондай-ақ Жапонияда аурудың алдын-алуға арналған өте тиімді денсаулық сақтау жүйесі қызықты. Неліктен бұл елде өмір сүру ұзақтығы жоғары? Себебі олар кез-келген аурудың дамуын ерте сатысында анықтап, алдын-алуға көп көңіл бөледі. Медицинада өсудің жақсы тенденциясы байқалатын біздің елімізді де атап өткім келеді. Бізде шетелде оқыған жоғары білімді мамандар шақырылатын өте жақсы клиникалар салынды. Сонымен қатар Қазақстанға басқа алдыңғы қатарлы елдердің сарапшылары шақырылады. Отандық медицинаның жыл сайын өсіп-дамып келе жатқаны катты қуан­тады. Бүгінде отандық медицинаның коммерциялануы туралы айтылып жүрген пікірлерге келсек, меніңше, егер адамдар ең жақ­сы жағдайда емделгісі келсе, сапалы медициналық тексеруден өтуге тырысса, оның несі айып? Ком­мерциялық клиникалардың артық­шылығы сол, олардың жақсы жабдықтарды, материалдарды сатып алуға, кәсіби медици­налық мамандарды тартуға және кадрларды даярлауға мүмкін­діктері жоғары. Тек бұл жерде өзекті мәселе, мұндай клиникалар қызметі «түсі­ніксіз» жағ­дайда қалмас үшін мемлекеттік ба­қылауды орнату керек. Негізінде, Қазақстанда бюджеттік медицина да жақсы дамып келеді, өйткені мемлекет тарапынан алғашқы тегін медициналық көмек көрсету тұрғысынан мемлекеттік қолдау көрсетіледі. – Сіздің ойыңызша, ауруханаларды жабдықтармен қамтамасыз етуде отандық медицинада қандай проблемалар бар? – Жабдық барлық мәселелерді шеше бермейді. Әрине, біз шетелде тағылымдамадан өткен кезде ауруханалардың жабдықталу деңгейіне таң қалдық. Бұл жабдық­тар енді өз елімізде де бар. Мәселен, біздің клиниканың бас дәрігері аурухананың ең жаңа медициналық жабдықтармен қамтамасыз еті­луіне өте мұқият қарайды. Ол дәрі­герлер мен пациенттер үшін барлық жағдайды жасауға үлкен мән береді. Сол кісінің күш-жігерінің арқасында біз үнемі жаңа диагностикалық сынақтар жүргізіп отырамыз. Бірақ, жақсы жабдықтардан басқа көптеген ауруханалар мен емханалар заманауи технологияларды дұрыс қолдана алатын кәсіби мамандарға, қызметкерлерге зәру. Менің ойымша, бізге шетелден әртүрлі мамандарды көптеп тарту қажет, сондай-ақ дәрігерлерімізді шетелге жіберіп, олардың медицина саласындағы барлық қажетті білімдерді алуы, тәжірибе алмасуы үшін база керек. Дәрігер жай ғана отырып жұмыс істей алмайды, ол үнемі дамып, жаңа нәрсе үйреніп, қандай да бір жабдықты шебер пайдалануы керек. Яғни, уақыттан кенже қалуға болмайды. Өйткені медицина үнемі бір орында тұрмайды, ол әркез жетілу, даму үстінде, тіпті әр 3-5 жыл сайын жаңарып отырады. Дәрігер әр түрлі конференцияларға қатысуы, арнайы әдебиеттерді оқып, жеке тәжірибесімен бөлісуді ұмытпауы керек. Сонымен бірге көп нәрсе маманның адами қасиеттеріне және оның білім алу қабілетіне байланыс­ты. – Бүгінгі таңда Интернет дипломдар мен басқа да құжаттарды сатуға арналған жарнамалардың әр түрімен толықтырылуда. Дәрігердің жалған дипломмен жұмыс істеуі мүмкін бе? – Мен ұзақ уақыт Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоратында жұмыс істедім, кафедра ассистенті болдым. Сондықтан айтарым, медициналық университетте оқу оңай емес. Бұл көп күш-жігер жұмсауды қажет ететін өте күрделі оқу процесі. Әлдекім егер диплом сатып алса, мұнда ешбір мағына жоқ. Өйткені медицина – бұл ешкімнің көлеңкесінде жасырына алмайтын немесе біреуге сене алмайтын сала. Мұнда бәрін маман өз көзімен көріп, жасауы керек. Сондықтан сатып алынған дипломмен дәрігер ретінде жұмыс істеу мүмкін емес. Оқып, білім алу жолындағы барлық кедергілерді адал түрде жеңбейінше, дәрігер болам деу – бос әурешілік. Медицина кәсіптің алғашқы сатысында барлық кәсіби емес адамдарды жояды. Үнемі жетіліп, дамып отыру қажет болғандықтан медицина маманының үнемі қате­лесуі қабылданбайтын нәрсе. Нәтижесінде кездейсоқ адамдар бұл саладан кетіп, тек қана бұл кәсіпті шынымен де өмірлік таңдауы еткен адамдар ғана қалады. Жоғарыда айтып өткенімдей, дәрігер үнемі оқып, үйреніп, дамып отыруы керек. Өйткені, бұл өте күрделі де қызықты, ешбір басқа кәсіп­пен салыстыруға болмайтын мамандық. Бұл дегеніміз жақсы ынталандыру ғана емес, үлкен жауапкершілік. Сонымен бірге дәрігер өзінің кәсіби қызметінде түрлі қиындықтарға, күтпеген жғдайларға дайын болуы керек. Егер ол мың табысты операциямен бірге бір нашар операция жасаса, адамдардың есінде соңғысы ғана сақталады. Сондықтан дәрігер­дің қателесуге құқығы жоқ. Біз өз жұ­мысымызда мұндай жағдайларға жол бермеуге тырысуымыз керек. – Сырлы сұхбатыңызға көп рақ­мет.

Сұхбаттасқан Бахтияр Тохтахунов

2021 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы