- Цифрлы Қазақстан
- 21 Қараша, 2019
ӘЛЕМДІК ДЕРЕКТЕР ТРАНЗИТІНЕ ЖОЛ АШАТЫН ЖОБА

Үкімет басшысы Асқар Мамин және Әзербайжанның премьер-министрі Али Асадов Ақтау қаласында Каспий теңізінің табаны арқылы тартылатын екі ел арасындағы талшықты-оптикалық байланыс желісі – «TransCaspianFiberOptic» жобасы құрылысының басталуына арналған салтанатты рәсімге қатысты.
«TransCaspianFiberOptic» трансқұрлықтық жобасы Еуропа мен Азия арасындағы цифрлық телекоммуникациялық дәлізді құрады. Каспий теңізінің түбінде 380-400 шақырымға жуық қашықтықта жүргізілетін кабель тарту жұмыстарын «Транстелеком» АҚ, «KazTransCom» АҚ және әзербайжандық «AzerTelecom» байланыс операторы жүзеге асырады. Екі ел арасындағы талшықты-оптикалық байланыс желісі 2021 жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі, ол кемінде 4-6 терабит/с сыйымдылықта ақпарат жеткізуге мүмкіндік береді. Трансқұрлықтық жоба құрылысының басталуына арналған салтанатты рәсімде сөз алған премьер-министр Асқар Мамин: – Әзербайжан – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Алиев негізін қалаған елдеріміз арасындағы достық пен өзара тиімді ынтымақтастық байланыстар дәйекті жалғасын табуда. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының сыртқы саяси бағдарын жалғастыра отырып, Әзербайжанмен екі жақты қарым-қатынасты дамытып, тереңдетуге ерекше көңіл бөледі, – деп атап өтті. Үкімет басшысы «TransCaspianFiberOptic» бірлескен жобасы деректер табыстаудың жедел және жақсы қорғалған инфрақұрылымын дамытудың жоғары деңгейіне қол жеткізуге, жетекші Еуропа-Азия магистралды бағыттарының қатарына қосылуға және әлемдік деректер транзитінде лайықты орын алуға мүмкіндік беретінін айтты. Салтанатты рәсімнен кейінгі кездесу барысында Қазақстан мен Әзербайжанның үкімет басшылары екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, ауыл шаруапшылығы, ғарыш және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығы мен оның даму мүмкіндіктерін талқылады. Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында премьер-министр Асқар Мамин метанол және олефин өндіретін зауыт құрылысының қазығын қағу рәсіміне қатысты. Жоба құрылысын сингапурлық «WestGasOil» компаниясы жүзеге асырады, 1,8 млрд АҚШ доллары сомасында инвестиция салынады. Зауыттың қуаттылығы жылына 300 мың тонна метанол мен 600 мың тонна олефин өндіруге жетеді. Құрылыс кезеңінде 4000 жұмыс орны құрылады, 2023 жылы пайдалануға берілген соң кәсіпорында 650 адам жұмыс істейтін болады. Үкімет басшысы «AktauResortHotel» көпбейінді қонақүй-туристік кешен құрылысының барысымен, сондай-ақ «ҚазАзот», «MangystauOilRefining» кәсіпорындарының және «Maga-Bread» нан-тоқаш зауытының жұмысымен танысты. Премьер-министр Әбіш Кекілбаев атындағы мәдени орталықта болып, Қазақстанның халық жазушысының мұражайын аралап көрді.
Рымтай Сағынбекова

1684 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *