- Цифрлы Қазақстан
- 28 Қараша, 2019
Цифрлық даму және еңбекті қорғау: Сейсенбілік отырыста не айтылды?

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында электрондық үкіметті дамыту және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселелері қаралды. Сонымен бірге жиында еңбек қатынастарын реттеу шараларына ден қойылды.
Елде электрондық үкіметті дамыту бағытындағы жұмыстар туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А.Жұмағалиев және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Ә.Балташева баяндады. Мәлім етілгендей, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтер тізіліміне 723 мемлекеттік қызмет енгізілген, олардың 580-і немесе 80%-і электронды форматта, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 648 қызмет немесе қызметтердің 89,6%-і ұсынылады. 143 қызмет немесе 19,8%-і әзірге қағаз түрінде қолжетімді. 182 мемлекеттік қызмет бойынша бизнес процестер оңтайландырылып, құжаттардың орташа саны 30%-ке, қызмет көрсетудің орташа мерзімі үш есе – 31-ден 10 күнге дейін қысқартылған. Өткен жылмен салыстырғанда композиттік мемлекеттік қызметтердің саны екі есеге артқан. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша eGov порталында 10 миллионнан астам пайдаланушы тіркелді, 36,5 млн қызмет алынды. Ал былтыр бұл көрсеткіш 27,5 млн қызметті құраған-ды. Бүгінде қазақстандықтардың 64%-і смартфонды пайдаланатынын ескерсек, мобильдік технологиялар мемлекеттік қызметтерге қол жеткізудің ең ыңғайлы жолдарының бірі болып отыр. Осы ретте жаңа мобильдік eGov mobile қосымшасы әзірленіп, онда 31 қызмет пен сервис іске асырылды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құжаттарды қабылдап, беру үшін Қазпоштаның 1656 бөлімшесі, 348 фронт офис, 16 мамандандырылған, 17 көші-қон және 18 цифрлық ХҚКО арқылы мемлекеттік қызметтерді ұсынады. Үкімет басшысы тұрғындар үшін мобильді құрылғылар арқылы қолжетімді мемлекеттік қызметтер тізбесін кеңейту жұмысын жеделдетуді тапсырды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы аудандардағы, шағын қалалардағы, ауылдардағы азаматтарды цифрлық технологияларды қолдану арқылы қашықтан оқыту құралдарын пысықтауы қажет. Сондай-ақ барлық орталық мемлекеттік органдарға жыл соңына дейін интернет ресурстардың Бірыңғай платформасына көшуді аяқтау міндеттелді. «Кез келген Халыққа қызмет көрсету орталығы ақпараттық жүйелерді интеграциялау және бизнес-процестерді автоматтандыру арқылы қолжетімді қызметтердің бүкіл спектрін кешенді түрде көрсетуге бағытталуы керек», – деді А.Мамин. Жиында талқыланған тағы бір өзекті мәселе – кәсіпорындардың жалақы бойынша берешегі және еңбек нарығын реттеу жұмыстары туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Е.Тоғжанов, сондай-ақ бірқатар өңірлердің әкімдері есеп берді. Биыл еліміз Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде «Еңбек нарығының тиімділігі» факторы бойынша Грузия, Ресей, Украина сынды елдерді басып озып, 30-дан 25 орынға көтерілді. Осы жылдың шілде айында Үкімет Парламент Мәжілісіне «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды, онда еңбек келісімшарттарын электронды форматқа аудару, жұмысшыларға лайықты еңбек және тұрмыс жағдайларын жасау үшін жұмыс берушілердің міндеттері мен жауапкершіліктерін белгілеу, бір компанияның тобы аясында іс-сапармен бару жағдайларын кеңейту, кәсіпорындардағы кәсіптік сын-тегеуріндерді бағалау мен басқару негізінде еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу бойынша шараларды бекіту және басқа да шаралар қарастырылған. Қазақстанда 6,7 млн-нан астам жалдамалы жұмыскер жұмыс істейді. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы бір жарым есеге – 42,5 мың теңгеге дейін, ал 203 мың кәсіпорында жалақы аз төленетін 1,2 млн жұмысшылардың жалақысы 32%-ке өсті. 2017-2019 жылдары жалақы бойынша берешек 169 млн теңгеге немесе 9,8%-ке төмендеп, 1,4 млрд теңгеге жетті. Ең көп берешек кәсіпорындар Нұр-Сұлтан қаласы, Ақтөбе, Алматы және Түркістан облыстарында. Оңалту және банкроттық сатысындағы 65 кәсіпорынның қарызы 691 млн теңгені құрайды. Соңғы 3 жыл ішінде еңбек инспекторлары прокуратура органдарымен бірлесіп еңбек және көші-қон заңнамасын бұзудың 930 фактісін анықтады, оның ішінде 25 кәсіпорында еңбекақы төлеу сәйкессіздігінің 474 фактісі, 681 рұқсат қайтарып алынды, 393 шетелдік жұмысшы елден шығарылды. Биыл еңбек жанжалдарын шешу мен алдын-алудың кешенді жоспары бекітілді. Үкімет басшысы биыл қабылданған Өндірістік жарақаттануды азайту жөніндегі жол картасын іске асыруды жандандырып, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мен ескертуге назар аударуды тапсырды. Сондай-ақ жалақы бойынша берешекті мониторингтеудің қолданыстағы алгоритмін қайта қарау, жалақыны уақытылы төлеу жөніндегі заңнама нормаларын қатаңдату тапсырылды. Денсаулық сақтау министрлігіне Еңбек министрлігі және Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп кәсіптік ауруларды болдырмау мақсатында оларды ерте анықтау жөнінде шараларды қабылдау, сондай-ақ кәсіптік патологиялық көмек көрсетуді күшейту жүктелді. Бұдан өзге, Қазақстанның Халықаралық еңбек ұйымының Конвенцияларына қосылу мүмкіндігін қарау және әлеуметтік-еңбек қатынастарының өзекті мәселелерін талқылау жөнінде ведомствоаралық комиссия құру қажет. Үкімет мүшелерінің назарын еңбек мәселелерінде медиация кеңінен қолданылмай отырғанына аударған А.Мамин: «Әр еңбек дауын шешуге мемлекеттік органдар қатысады. Ал бұл мәселелер ең алдымен жұмыс беруші мен жұмыскердің ортасында кәсіподақтардың араласуымен шешілуі керек», – деп, жыл соңына дейін әлеуметтік әріптестік форматын түрлендіру жөнінде ұсыныстар беруді тапсырды.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1178 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *