• Атамекен
  • 05 Желтоқсан, 2019

Тарихтан сабақ алу қажет

Жаңа заман жаңа жағдай қалыптастырады. Бірақ баяғыдан берi өзгерiссiз қалған нәрселер бiздің өмірiмiзде әлі де болса аз емес. Бұлар баяғы патша заманында да, Кеңес өкіметi уақытында да өзiнше көрінiс тауып отырған. Ендi, мiне, тәуелсiздiк кезеңiнде де осының бәрі қаз-қалпында қайталанып жатыр…

Біз бiреудің көңілiне қарауға тырысамыз. Мүмкін, бұл дұрыс та шығар. Кiм бiлiптi… Бірақ сол қазақ асты-үстiне түскендер оның өзiнің көңілiне қарап жатыр ма?! Осы сұрақтың жауабы Орта Азия аймағының өткенi мен бүгінi контекстiн алып қарағанда айқын көрінедi.

Жағаласпай, танылу жоқ

Қазақтың үш жүзі де Ресейге өз еркiмен қосылды деп есептеледi. Олай емес деген күнде де, халқымыздың сырттан келгендердi негiзiнен бейбiт қарсы алып, табанды қарсылықсыз олардың айтқанын iстеп, сұрағанын берiп, ырқына көнгенiн мойындауымыз керек. Бүгінге дейiн туған тiлiмiздің табалдырық тұсында қалуы да осы бiр өзгенің алдында ебектеп тұрғанымыздың және әлде де ебектеп жүргенiмiздің салдарынан болса керек. Ал өзбектi, тәжіктi және түрікпендi Ресей соғыс ашу арқылы жаулап алды.. Одан кейiн де олар патша өкіметiне де, Кеңес өкіметiне де талай қарсылық көрсеттi. Қарулы қақтығыс-шайқастар барысында көп қан төгiлдi. Теке түрікпендерi Геок-тепе (Коктобе) түбінде генерал Скобелевтiң жазалаушы әскерiмен қасық қаны қалғанша арпалысты. Осының арқасында Ресей империясының генералдары теке руының жiгiттерiн I Дүниежүзiлiк соғысқа басқа ортаазиялықтардай қара жұмысшы ретiнде емес, жаужүрек Солтүстiк Кавказ жiгiттерiне тең түрдегi жауынгер ретiнде алды… Кейiн түрікпендер Жунаит ханға және басқа көсемдерге ерiп, Кеңес өкіметiне қарсы ұзақ соғысты. Ақыр соңында көнгенi көндi, көнбегенi қырылып бiттi не шетелге кеттi. Бiр қызығы, қазақтың адай руының жiгiттерi де теке түрікпендерi құсап патша әскерлерiне қатты қарсылық көрсеткен. 1870 жылдың наурыз айында Маңғыстау түбегiнде олар көтерiлiс шығарады. Оған патша өкіметiнің адайларға Жем өзенi бойындағы жайлауларын пайдалануға тыйым салуы себепшi болды. Көтерiлiсшiлердi Досан Тәжіұлы мен Иса Тiленбайұлы басқарды. Оларға қарсы подполковник Рукин басқарған 60 адам мен 4 зеңбiректен тұратын жазалаушы отряд жiберiледi. Көтерiлiсшiлер оны қоршап алып, тас-талқанын шығарады. Жараланған подполковник Рукин өзiн-өзi атып өлтiредi. Осы жеңiстен соң көтерiлiсшiлер Нижнее бекiнiсiнің ойранын шығарады да, Николаевская станицасы мен Александровск форпостына шабуыл жасайды. Ондағы маяктарды қиратып, өртейдi. Көтерiлiстi басуға Кавказдан граф Кутайсов бастаған тың әскер әкелiнедi. Сәуiр айының аяғында бiр зеңбiрек, үш рота солдат және үш жүз қазақтан тұратын экпедициялық отряд қырға қарай жорыққа шығады. Мамыр айында адайлар көтерiлiсiн басу мақсатында Маңғыстауға тағы да Апшеронск полкының бiр батальоны, екi атқыштар ротасы, линиялық батальонның екi ротасы, Дағыстан полкының төрт ротасы, екi жүз Кавказ казагы және 4 зеңбiрек әкелiнедi. Көтерiлiсшiлер өлермендене қарсыласқанымен, жеңiледi. Сол 1870 жылдың желтоқсан айында Досан Тәжіұлы мен Иса Тiленбайұлы соңына ерген 3 мың адамнан тұратын елмен бiрге iзiне түскен орыс әскерлерiмен жағаласа шегiнiп, Хиуа хандығына өтiп кетедi. Патша үкiметi адайларды 90 мың қой пұл төлетiп, жазаламақ болады. 1873 жылы адайлар тағы да көтерiлiс шығарады. Бұл жолы оларға қарсы Хиуаға қарай жорыққа шыққан әйгiлi генерал Скобелевтiң армиясы колданылады. Шайқаста бiрнеше офицер қаза табады. Скобелевтiң өзi жараланады. Алайда көтерiлiсшiлер жеңiлiп тынады. Бірақ 1873 жылы Хиуа құлағаннан кейiн де Досан Тәжіұлы, Тiлеуберген Орақұлы және Алға Жалмағамбетұлы бастаған адайлар күрестi жалғастыра бередi. 1874 жылдың жазында жазалаушылар отряды Досан түнеп жатқан ауылды қоршап, кескiлескен шайқастан соң, оны ауыр жараланған күйiнде қолға түсiредi. Батырды мен оның екi жақын жолдасын жазалаушылар Александровск фортының түрмесiнде қинап өлтiредi. Тiлеуберген Орақұлы өлiм жазасына кесiледi. Алға Жалмағамбетұлы 10 жылдық каторгаға айдалады.

Генерал Скобелев табанды түрде қарсыласқанды  мойындады

Адайлардың қайта-қайта көтерiлуi Петербор мен Мәскеудегi жұртшылыққа, қоғамдық пiкiрге қатты әсер етедi. Әсiресе, олардың жаугершiлiгi әскери мамандардың назарына iлiктi. Бұл орайда сол адайдың қаруынан жарақат алған әйгiлi генерал Скобелевтi арнайы атап өткен жөн болар. Ол генерал Ресейдің XIX ғасырдың екiншi жартысында өмір сүрген тамаша iрi әскери маманы ретiнде Германиямен алдағы уақытта болуға тиiс үлкен соғысқа қатысты өз ақыл-ойларын жазып қалдырған. Айтқалы отырғанымыз – ЦГВИА архивiнде сақтаулы құжат. Ол Скобелевтiң өз қолымен жазылған және сол соғыста жеңіске жету үшін қандай шараларды жүзеге асыру керек екенiне арналған. Iс жүзiнде бұл – Германиямен болады деп күтiлген болашақ соғыстың жоспары туралы идеялар жинағы. В. Масальский деген автордың «Андреев флаг» баспасында 1998 жылы жарық көрген «Скобелев. Исторический портрет» атты кiтабында бiздің тақырыбымызға қатысты мынадай жолдар бар: «Далее генерал переходит непосредственно к стратегии войны. Не растеряться в случае внезапного нападения, а действовать по заранее разработанному плану, например: “Удержание линии Вислы устройством Варшаво – Новогеоргиевск – Глубо – Наревского плацдарма наподобие Плевны”. Подчеркнув, что “на войне сердце суть”, Скобелев продолжал: “Каково будет состояние сердца… когда образованные бюргеры, утопая в грязях между Вислой и Бугом, узнают от молвы, что под Франкфуртом, Кюстрином… живьём сожгли целые округа, что всё для него святое и милое гибнет??… средствами к достижению этого первенствующего результата против Германии… являются в первый период кампании А) Туркмены текинского племени Ахала и Мерва. 20-30 тыс. первой в мире кавалерии. Путь следования: Кизил-Арватская железная дорога, Петровск – Владикавказ – Минск. Вооружение винтовками в пути. В) Адаевцы и киргизы Мангышлака: 6 – 10 тыс. отличной конницы. Посадка на суда: ф. Александровский – далее или Владикавказ – Минск по ж. д. или Астрахань – Царицын. Вооружение по пути. С) Киргизы бассейна Ори около Орска Оренбургской ж.д. Около 15 тыс. Пункт посадки – Оренбург. Вооружение по пути. В итоге всё это составит, по расчётам Скобелева, 40-50 тыс. неподражаемой конницы». Генералдың осы айтқандары I дүниежүзiлiк соғыс басталардан бiраз бұрын жазылғанмен, 1914 жылдың қыркүйек айында Ресей армиясының Бас штабының назарына ұсынылған. Құжат сондағы генералдардың бiрi Н.А. Монкевицтiң қолына түскен. Сосын оны ашық түрде жариялау мүмкіндiгi де қарастырылған. Басқаша айтқанда, сол соғысты басқару мен ұйымдастырумен айналысқан адамдар өмірден бұрынырақ өтiп кеткен генерал Скобелевтің ақыл-ойларын назарға алған. Түрікпеннің теке тайпасының жiгiттерi соғыстағы атты әскер қатарына шақырылды. Олардан «Текинский полк» деген кұрылды. Бұл әскери бөлiмше Солтүстiк Кавказ халықтары өкiлдерiнен тұратын «Жабайы дивизия» («Дикая дивизия») кұрамына ендi. I дүниежүзiлiк соғыс пен ол аяқталмай жатып-ақ басталып кеткен Ресейдегi азамат соғысы барысында теке полкының аты шықты. Ал соның адайлар мен Маңғыстау қазақтары («Адаевцы и киргизы Мангышлака») туралы «отличная конница» дегенiне көз жеткiзудің ретi болмады. Ресей армиясы Бас штабы бұларды да, Ор бойы қазақтарын да («Киргизы бассейна Ори около Орска Оренбургской ж.д») I дүниежүзiлiк соғысқа жауынгер ретiнде шақыруға келiспедi. Осы бiр фактор патша билiгi құлап, Кеңес өкіметi орнаған тұста 5-6 миллион адамнан тұратын қазақ халқының салған жерден тек қана автономиялық республика статусына, ал бар-жоғы 700 мың адамнан тұрған түрікпен халқының бiрден толыққанды одактық республика статусына ие болуын мүмкін еткен шешушi фактор болды. Өйткенi XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында дамыған елдерде үстемдiк еткен көзқарас бойынша, отырықшы халықтар көшпендiлерден сөзсiз түрде озық деп танылатын. Орталық Азиядағы сол кездегi түрікпен мен қазақтың тәжік пен өзбектен айырмашылығы сол негiзiнен егiн өсiрiп сауда жасауға емес, мал бағып, көшiп жүруге көбiрек бейiмдiгi едi. Сондықтан олардың статусының ұлттық тұрғыдан бөлектену тұсында бiрдей болуы шарт едi. Алайда түрікпендер өздерiн мықты жауынгер ретiнде көрсеткендей болды да, қазақтар көрсетпегендей болды. Әрине, кейiн болған II дүниежүзiлiк соғыс шындығы қазақтың әскери қабiлет жағынан түрікпеннен асып түспесе, кем болмайтынын толық дәлелдедi. Бірақ бұл кейiн болды. Ал алдында бәрі басқаша көрінген… Жоғарыда айтқандай, өзбек пен тәжікке деген көзқарас о бастан басқаша болды. Оның үстiне олар уақытында патша үкiметiне өз еркiмен мойын ұсынған жок. Өзбек пен тәжік Қоқан, Хиуа хандықтарын және Бұқара әмiрлiгiн қорғаймын деп бiр қырылды, 1890 жылдардың аяғында Қоқан хандығын қайта орнатамын деп, Андижан көтерiлiсiн жасап екi қырылды. Кеңес заманында қызыл әскерге қарсы Қоқан автономиясы басшыларына, Энвер-пашаға ерiп, қайта-қайта соғысты. Одан кейiн басмашылар козғалысы жанданып, XX ғасырдың 30-ыншы жылдарының аяғына дейiн жаңа тәртiптің керегесiн шайқаумен болды.

Тарихтан сабақ алмасақ, көз ашылмайды

Дегенмен, патша заманында да, Кеңес кезеңiнде де осы екi халық пен түрікпендердің жағдайы ұлттық құқық пен мүдде тұрғысынан алып қарағанда да, жеке адам мүддесi тұрғысынан алып қарағанда да қазақтың жағдайынан анағұрлы қолайлырақ болды. Осыны мынадай фактiлерден көруге болады. 1886 «Положение об управлении Туркестанского края» деген құжат жарияланды. Соның негiзiнде көшпендiлер (яғни қазақ-қырғыз) өз жерлерiне ие болу құқынан айырылды. Ал Орта Азияның отырықшы халқына жердi қожайын ретiнде иемдену, оны мұрагерлерiне қалдыру құқығы берiлдi. Осы құжат талаптарын жүзеге асыру нәтижесiнің қандай болғаны белгiлi. Одан кейiн де патша үкіметi Орта Азияның отырықшы халқын барынша қорғауға (әрине, қазақтармен салыстырғанда) тырысып бақты. 1904 жылы қабылданған қоныс аудару туралы заң және басқа да заңды құжаттар орыс отаршылдарының Түркiстан губерния-сындағы ежелден егiншiлiк отаны болған аудандарға көшiп баруына шектеулер қойды. Осы себептi 1910 жылға дейiн Орта Азияның осы бөлiгiнің елдiк жерлерiнде сырттан келiп қоныстанушылар жоқтың қасы болған. Мәселен, жер жаннаты болып есептелетiн Ферғана облысында сол кезде тек қана 29 мың еуропалық (негiзiнен өкімет қызметiндегi адамдар) тұрған. Ал оның орталығы Ферғана Түркiстан аймағының ең орыс қаласы болып есептелген. Ондағы 11 мың адамның 70 процентi орыстар болған. Демек, ол жаққа қоныс аударушылар келгiсi келмегендiктен емес, шектеу койылғандықтан көптеп көшiп бара алмаған. Бұл үрдiс 1917 жылдан кейiн де сақталып қалды. Мәселен, 1918-1919 жылдары Түркiстан губерниясын жайлаған аштық кезiнде қойша қырылып жатқан қазақтарға қатысты түрде түркiстандық коммунист басшылардың бiрi «Правда» газетiнің бетiнде былай деген: «Казахи, как экономически слабый народ с точки зрения марксизма, должны будут вымереть, потому что для революции важней тратить средства не на борьбу с голодом, а на поддержку фронтов». Мұстафа Шоқайдың 1935 жылы Парижде шыққан «Туркестан под властью Советов» деген кiтабында мынадай нәрсе айтылған: Кеңес өкіметi мәліметтерi бойынша, 1919 жылға қарай 1 млн. 114 мың қазақ аштан қырылып кеткен… 1924 жылы Орта Азияда ұлтаралық бөлiс болды. Оның нәтижесiнде түрікпендер (700 мың адам) одақтық республика құрып алды да, халқының саны 5 миллионнан асып кеткен қазақтардың республикасы одан бiр саты төмен деңгейде, яғни автономия дәрежесiнде қала бердi. Ал 1929 жылы халқының саны 1 миллионға да жетпеген тәжіктер (900 мың адам) де одақтық республика мәртебесiн алды. Қазақ пен қырғыздың қолы бұндай жетiстiкке тек 1936 жылы ғана жеттi. Бiр қызығы, сол кезде аймақтың еуропаша бiлiм алған алдыңғы қатарлы азаматтарының басым көпшiлiгi қазақтар болған. Сондай қазақтардың 1920-ыншы жылдары Ташкент пен Орта Азияның басқа қалаларында үлкен салмағы болған. Бұл жайт тарихтан жақсы белгiлi. Ал сонда қалайша үшеуiнің санын қосқанда, қазақпен әзер теңесе алатын өзбек, тәжік және түрікпен жеке одақтық республика құрып, қазақты сол бұрынғы автономиясымен 1936 жылға дейiн артта қалдырып кеткен?! Тарихтан сабақ алмаған жанның ешқашанда да көзi ашылмайды. Бұл – айдан анық акиқат. Қазiрдің өзiнде тәжік зиялылары мен мемлекеттiк қайраткерлерi өткен ғасырдың 20-ыншы жылдары Мәскеу тәжіктi өзбекке жығып бердi деп, өкпесi қара қазандай болады. Ал сол кезде салыстырмалы түрде емес, шынымен және мықтап ұтылған біз болсақ, осы күнге дейiн ондай нәрсенi қәперімізге алмаймыз. Бұндай мәселелердi сөз ету ерiккеннің ермегi емес. Егер қазақ 1920-ыншы жылдардың орта шенiнде-ақ өзбек-түрікпенмен бiрге одақтық статусқа қол жеткiзгенде, 1930-ыншы жылдары елiмiздi жайлаған аштық сонша ұзаққа созылар ма едi?! Бұның бәрін айтып отырған себебiмiз мынау. Тап осы уақытта талай оқиға бастан өткенмен, сабағы алынбаған нәрселер тағы да қайталанып отыр. Бірақ бұл орайда танданатын еш нәрсе жоқ. Осының бәрі тарихи қалыптасқан жағдайдың салдары болса керек.

Аққали ҚОДЫҚОВ

971 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы