• Өндіріс
  • 05 Желтоқсан, 2019

Қазақстан ТМД ауқымында басқалардан озық...

Бұрынғы КСРО, кейiнгi ТМД ауқымында негiзiнен мұнай мен газ өндiрумен шұғылданатын 4 ел бар. Олар – Ресей, Қазақстан, Әзербайжан және Түрiкпенстан. Бұлардың iшiнде Қазақстан мен Әзербайжаннан басқа екеуі мұнай не газ өндiруден әзiрше кеңес заманындағы көрсеткiштерiне қайтып көтерiле алмай отыр. Олардың қатарына Өзбекстанды да қосуға болар едi. Бiрақ бұл елдiң экспорттық мүмкiндiктерi де, өндiрiстiк мүмкiндiктерi де тым шектеулi. Оның мұнайы бұрын өзiне де жетпейтiн. Тәуелсiздiк алғаннан кейін ол өзiн-өзi осы шикiзатпен қамтамасыз ету биiгiнен көрiнуге қол жеткiздi. Бірақ кейінгі жылдары Өзбекстанда мұнай өндіру көлемі біршама қысқарып кетті. Енді ол қайтадан бұл шикізатты сырттан сатып алуға мәжбүр болып отыр. Ал газ жағынан алғандағы Өзбекстанның жағдайы, әрине, бiршама артық. Ол оны да алыс Еуропаға сата алмағанмен, айналасындағы екі елдi – Қырғызстанды және Тәжiкстанды – әзiрше өзiне тәуелдi етiп ұстап отыр. Осының арқасында ол газ қорының көлемі жағынан Ресей түгiлi Түрiкпенстанмен де бәсекелесе алмайтын болғанына қарамастан, оны өндiру жағынан ТМД-да әзiрше үшінші орынды иемденiп жүр. Ал әлемде ол бұл көрсеткiш бойынша алғашқы он төрт мемлекеттiң қатарынан табылады. Өзбекстан осы газды 52 кенiштен өндiрiп алып отыр. Оның iшiндегi Шуртан, Зеварды, Кокдумалак, Алан және Адамташ сияқты ең iрi 12-i бүкіл өнімнің 95 пайызын бередi. Ал Қазақстанның жағдайы басқаша. Біздің еліміз бүгінгі таңда Өзбекстанның Бұхара облысында өндірілетін газын Ташкентке өз аумағы арқылы жеткізіп беріп отыр. Ол қалай дейсіз ғой? Тақиялы ағайынның табиғи «көгілдір отыны» Газли-Бозой-Шымкент магистральді газ құбыры арқылы Ташкентке жөнелтіледі. Яғни Өзбекстанның өз газы оның астанасына Қазақстан арқылы жеткізіледі. Қазір біздің еліміздің өндіретін газы өзіне ғана емес, біршама көлемде сыртқа сатуға да жетеді. Ал кеңес заманында жағдай басқаша болған. Мәселен, 1985 жылы Қазақстан тек 5,5 миллиард текшеметр газ өндірген болатын. Ал 2002 жылдың өзінде бұл көрсеткіш 8 миллиард тоннаға жетті. Соңғы кезге дейін елдегі ішкі тұтыныс үшін жеткілікті көлемде өндіруге қол жетпей жүрген газдың өнімдік көрсеткіші енді тез өсіп келеді. Сол 2002 жылдың аяғына дейін Қазақстанда тұтынылатын «көгілдір отынның» жалпы көлемі осы шикізаттың елде шығарылатын жалпы көлемінен аз болған. Тек 2003 жыл барысында барып біздің мемлекет газ тұтынысы көрсеткіші мен газ өнімі көрсеткішінің паритетіне, яғни теңелуіне қол жеткізді. Бұл екеуі сол уақытта 15,5 миллиард текшеметр деңгейінде өзара теңесіпті. Одан соң Қазақстан газға қатысты түрде, нетто-экспортерге, яғни жалпы есеп бойынша осы шикізатты сырттан сатып алудан гөрі сыртқа көбірек сататын мемлекетке айналды. Содан бергі кезеңде газ өндіру көлемі біраз ұлғайды. Ал оны тұтыну көрсеткіші аз-маз ғана өсті. Мәселен, ол 2016 жылы 13,1 миллиард текшеметрді, 2017 жылы 13,2 миллиард текшеметрді құраған. Ал газды өндіру көрсеткіші болса сол уақытта қарыштап өскен. 2017 жылы «көгілдір отын» шикізаты өнімінің көлемі 14,1 пайызға ұлғайған. Бұл дегеніңіз – 52,9 миллиард текшеметр. Өткен 2018 жылы Қазақстан 54,5 миллиард текшеметр газ өндіріп, оның 26,5 миллиард текшеметрін экспортқа жөнелткен. Жобалап айтқанда, елімізде шығарылатын көгілдір отынның» жартысы сыртқа сатылады екен. Бұл, әрине, көп емес. Батыс Қазақстанда отандық бүкіл «көгілдір отын» қорының 4/1 немесе 25 процентке жуығын қамтитын Қарашығанақ кеніші орналасқан. Ондағы жер қойнауында газдың көлемі 452 млрд. текшеметрден 1,3 триллион текшеметрге дейін жететін көрінеді. Мұнайдың жағдайы болса басқаша қалыптасты. 1992 жылдан былай қарай бұрынғы кеңес республикаларының, кейiнгi ТМД елдерiнiң барлығында да экономикалық көрсеткiштердiң құлдырай бастағаны белгiлi. Бұл үрдiстiң мұнай-газ өндiру саласына да тiкелей әсерi болды. Мәселен, Кеңес Одағы тарағаннан кейін Ресейде мұнай шикiзатын өндiру көрсеткiшi 2 есеге жуық қысқарды. Сөйтiп, ол «әлемдегi нөмiрi 1 өндiрушi» атағынан айрылды. Бiрақ бұл жерде бiр нәрсенi атап айтып кеткен жөн. Өндiру көрсеткiшiнiң тұтыну көрсеткiшiне тiкелей байланысты болатыны белгiлi. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Ресейдегi мұнай өндiрiсi көлемiнiң азаюы негiзiнен iшкi нарықтың есебiнен болып отырғанын аңғарамыз. Ал сыртқы нарыққа келетiн болсақ, онда барынша көп мұнай шығаруға Ресей мұнай компаниялары тырысып бағып жатты. Кейінгі жылдары бұл ел осы шикізатты өндіру көлемін біраз ұлғайтты. Дегенмен, оның осы саладағы қазіргі нәтижесі (жылына 514 миллион тонна) 1986 жылғы көрсеткішке (569 миллион тонна) жетпейді.

Ал, кеңес заманында жылына 90 миллиардтан астам текшеметр газ өндiрiп отырған Түрiкпенстанның кейiнгi көрсеткiшi 20 миллиардқа да жетпей қалыпты. Түрiкпен елiндегi осындай риясыз жағдай Ресейдiң өз газ нарығына ортаазиялық шикiзаттың келуiне бiрталай шектеулер қоюына байланысты қалыптасқан. Ал «Рейтер» агенттiгiнiң мәлiметi бойынша, Түрiкпенстандағы газ өндiру көрсеткiшi 1990-шы жылдардың басынан 2000 жылдардың басына дейiн 7 есе қысқарған. Яғни 90 миллиардтан астам текшеметрден тура 13 миллиард текшеметрге дейiн кемiген. Кейінгі жылдар барысында Түрiкпенстан газ өндіру көлемін бұрынғы деңгейге қайта жеткізуге көп талпыныс жасады. 2008 жылға дейін оның «көгілдір отыны» негізінен экспортқа Ресей жаққа қарай жіберілетін. Ал содан соң Қытай түрікпен газының негізгі сатып алушысына айнала бастады. Түрікпенстанда осы отындық шикізатты өндіру көрсеткіші біраз көтерілді. 2015 жылы ол елде 83,7 миллиард текшеметр табиғи газ өндірілді. Ресейлік «Газпром» 2016 жылдан бастап түрікпен «көгілдір отынын» сатып алуды толығымен тоқтатты. Сонан соң елдегі өндіріс көлемі қайтадан қысқара бастады. 2017 жылы Түрікпенстан 62 миллиард текшеметр табиғи газ шығарды. Яғни айналасы екі жылдың ішінде ол елдегі өндіріс көлемі 20 миллиардтан астам текшеметрге қысқарған. Сонымен, энергиялық шикiзат шығаратын ТМД-дағы негiзгi төрт мемлекеттiң iшiндегi өндiрiстiк көрсеткiштерi ең керi кеткен ел –Түрiкпенстан. Каспийдiң тура арғы бетiнде орналасқан Әзербайжанның жағдайы оныкiне қарағанда әлдеқайда жақсы. Бұл негiзiнен мұнайлы ел екенi белгiлi. Бiрақ оның ендігі көрсеткіші да салыстырмалы түрдегi ғана жетiстiк. Мәселен, өткен 2018 жылы Әзербайжан 38,76 миллион тонна мұнай және газ конденсатын өндірді. Әрине, бұл 1985 жылғы көрсеткiшпен – 13,142 миллион тонна – салыстырғанда біраз жоғары. Бірақ тарихи тұрғыдан алып қарағанда, осы меже аталмыш ел үшін ең жоғары меже емес. 1940 пен 1975 жылдар аралығында Әзербайжандағы мұнай өнімінің көрсеткіші 1985 жылғы көрсеткiштен біршама жоғары болған. Мәселен, 1960 жылы ол елде 17,85 миллион тонна мұнай және газ конденсаты өндірілген. Сондықтан Әзербайжанның өткен жылғы өнімі одан елу сегіз жыл бұрын өндірілген өнімнен бар-жоғы екі есе ғана көп болып шығады. Ендi Қазақстанға келейiк. Мұнай қорларының 90 пайыздан астамы Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ, Өзен, Жетібай, Жаңажол, Қаламқас, Кенқияқ, Қаражанбас, Құмкөл, Солтүстік Бозащы, Әлибекмола, Орталық және Шығыс Прорва, Кенбай, Королевское атты ірі кен орындарына шоғырланған. Жалпы, ондай кеніштер Қазақстанның 14 облысының алтауында орналасқан. Олар Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Маңғыстау облыстары. Бұл ретте, көмірсутектері қорларының шамамен алғанда 70 пайызы Қазақстанның батысында топтасқан. Бiздiң ел 1997 жылдың өзiнде-ақ өзiнiң мұнай өндiру тарихындағы ең үздiк көрсеткiштерiне жақын барды. Бұл сол тұста әлгi энергиялық шикiзат шығаратын ТМД-дағы негiзгi төрт мемлекеттiң iшiндегi ең үздiк көрсеткiш болды. Қалған үш елдiң – Ресейдiң, Әзербайжанның, Түрiкпенстанның – ауылы бұндай жетiстiктен ол кезде тіпті алыста еді. Қазақстанның көрсеткiшi айналасы үш жылдың iшiнде, яғни 1994 жылдан 1997 жылға дейiн 20,2 миллион тоннадан 25,7 миллион тоннаға дейiн өстi. Таза өсiм – 5 миллион тонна. Келесi 1998 жылы мұнайдың әлемдiк бағасының күрт түсiп кетуiне байланысты осы шикiзатты өндiру көрсеткiшiн әрi қарай өсiрудiң қисыны болмады. Ал 1999 жылдың көктемiнен бастап әлгi баға бiрнеше жыл құлдыраудан кейiн қайта өсе бастады. Бiрiншi рекорд сол кезде болды. Онда Қазақстанның өнiмi бұрын-соңды болып көрмеген 30 миллион тоннаға дейiн жеттi. 2000 жылғы көрсеткiш 35 миллион болса, 2001 жылы – 40 миллион тоннаға, 2002 жылы – 47 миллион тоннаға, 2003 жылы – 54 миллион тоннаға, 2004 жылы 60 миллион тоннаға жеттi. Яғни айналасы бес жылдың ішінде Қазақстан мұнай өнімінің көлемін екі есе ұлғайтқан. Кейін өсу қарқыны біраз бәсеңдеді. 2010-2016 жылдар аралығында Қазақстанның жылдық мұнай өндіру көрсеткіші шамамен 80 млн. тонна деңгейінде сақталды. Өткен 2018 жылы елімізде 90 мұнай және газ конденсаты өндірілген. Яғни 1994 жылдан бері өткен ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өнім көрсеткіші төрт жарым есе өскен. Сөйтіп, Қазақстан әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елдердің қатарына қосылды.

Қайрат ӘМІРЕЕВ

570 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы