• Атамекен
  • 05 Желтоқсан, 2019

Ауыл шаруашылығынсыз өмірді елестету қиын

Оралдағы Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университеттің базасында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған мерекелік жиын өтті. Басқосуға облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысып, сала мамандарын және ардагерлерді кәсіби мерекемен құттықтады.

Салтанатты шара облыстың ауыл шаруашылығы саласының даму жетістіктерін баяндайтын бейнефильм көрсетумен басталды. Биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі және көрсетілген қызметтер 140 млрд. теңгені құрады, нақты көлем индексі 3,5% болды. Осы көрсеткіш бойынша Батыс Қазақстан облысы республикада Жамбыл облысынан кейін 2-орында. Тек биылғы 10 айдың қорытындысында саладағы негізгі капиталға құйылған инвестициялар көлемі 7,2 млрд. теңгеге жетті. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында осы саладағы еңбек өнімділігі 331,8 мың теңгені құрап, 5,6% -ға өсті. Мал шаруашылығы өнімінің өндірісі тұрақты өсуде. Он айдың қорытындысында тірі салмақта 73,3 мың тонна мал мен құс еті, 214,5 мың тонна сүт, 154,6 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Бүгінде мал шаруашылығы саласының алдындағы басты міндеттердің бірі – ет экспортын арттыру. Биылғы 15 қарашадағы жағдай бойынша «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасы бойынша облыста 3665 тонна сиыр еті мен ет өнімдері және 1263 тонна қой еті экспортталды, жылдық жоспар сәйкесінше 122,1%-ға және 157,9%-ға мерзімінен бұрын орындалды. Осы көрсеткіштер бойынша облыс республикадағы ірі қара мал етінің экспорты көлемі бойынша Түркістан облысынан кейін 2-орында, қой етін экспорттау көлемі жағынан 1-орында. Ал егін шаруашылығына келсек, биыл барлық дақыл бойынша егіс көлемі 516,3 мың гектарды құрады. Орташа өнімділік әр гектарынан 10,3 центнерден болып, 249 мың тонна дәнді дақылдар жиналды, бұл өткен жылғыдан 45,3%-ға артық. Картоп, көкөніс және бақша дақылдарының жалпы өнімі 151,3 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,3%-ға көп. Майлы дақылдардың орташа өнімі әр гектардан 10,6 центнерді құрап, 84 мың тонна алынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары. Соңғы үш жылда бюджеттен және қаржы институттарынан несие ресурстарын беру үшін ауыл шаруашылығы саласын қолдауға мемлекеттен 55 миллиард теңге бөлінді. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде облыстағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының саны 63%-ға артып, бүгінде 8265 ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында 68 мыңнан астам адам жұмыс істейді. – Бүгінгі мереке «Ас – адамның арқауы» деген қазақтың әдемі мақалын есімізге түсіреді. Күнделікті тірлікте қарапайым мәселелерді байқай бермейміз. Мысалға, дастар­қанымыз нанға, асқа толса, қуанамыз. Ал сол нан қандай маңдай термен үстелімізге келді деген сұрақ көпшіліктің ойына келе бермейді. Осы ретте ауыл шаруашылығы қызметкерлері еңбегін атап өткеніміз жөн. Әсіресе, мол өнім алу үшін аптап ыстықта күнге күйіп жұмыс жасайтын жерлестеріміздің еңбегі еселі. Қандай заман тумасын, ауыл шаруашылығынсыз өмірді елестету қиын. Бүгінде Үкімет тарапынан агроөнеркәсіп кешені саласына баса назар аударылып, саланы қолдау мақсатында жаңа бағдарламалар жасалуда. Ауыл шаруашылығында адами ресурстардың деңгейі өсіп, жаңа технологиялар өндіріске белсенді түрде енгізіліп келеді. Облыста атқарылған жұмыстар мен жетістіктер баршылық. Осы жерде өңір тұрғындарының әл-ауқатының өсуі мен облыс экономикасының дамуына зор үлес қосып жүрген бірқатар ауыл шаруашылығы еңбеккерлері мен ардагерлерінің есімдерін мақтанышпен айтамыз. Осы залда өңірдің ауыл шаруа­шылығы саласына сөзбен емес, іспен үлес қосқан нағыз еңбек адамдарын көріп отырмын. Атакәсібіміз мәнін жоғалтпай, барлық қыр-сырымен бізге жетуі осы адамдардың арқасы деп түсіну қажет, – деген Ғали Есқалиев кәсіби мереке иелерін мерекемен құттықтап, игі тілектерін айтты. Одан кейін кәсіби мереке иелеріне марапат табыс етті. ҚР Ауыл шаруашылығы министр­лігінің «Еңбек ардагері» медалімен Бөкей ордасы ауданынан «Нұрбек» шаруа қожалығының жетекшісі Мақсот Ражманов марапатталды. Ол 2004 жылы шаруашылығын құрып, бастапқы 20-30 ірі қараны өз төлінен өсіріп, 450 басқа жеткізген. Ауылда өтетін мерекелік, қайырымдылық акцияларына атсалысып отырады. Сырымдық «Құспанкөл» шаруа қожалығының басшысы Ғайнолла Сүлейменов те министрліктің марапатын алды. Шаруашылық егін және мал өсірумен айналысады. Қазіргі уақытта шаруа қожалығының меншігінде 94 ірі қара малы, 75 қой, 18 жылқы бар. Тағы бір марапат иесі Жәнібек ауданындағы ауыл шаруашылығы ардагерлері кеңесінің мүшесі Нұрман Түменов ұзақ жылдар бойы жер қатынастары саласында еңбек етіп, зейнетке шыққан. Байтерек ауданындағы «Асан-Аул» ЖШС-ның бригадирі, шынжыр табанды, басқа да дөнгелекті тракторларды айдап, орақ науқанында комбайнның да штурвалына иелік ететін Әбелжан Хасанов та төсіне медаль тақты. Соңғы он жылдай зейнетте болса да, әлі күнгі дейін өзіне жүктелген бригадир міндетіне қоса, шөп жинау науқанына қатысады. ҚР АШМ-ның «Ауыл шаруашы­лығы саласының үздігі» төсбелгісін қазталовтық «Қайнар» ШҚ-ның жетекшісі Махамбет Бермағамбетов, теректілік «Шалқар» ШҚ-ның басшысы Роберт Ирменов, Ақжайық ауданындағы «Нығмет» шаруа қожа­лы­­ғының басшысы Зайдок Өтеға­лиев, Бөкей ордасы ауданындағы «М.Боран­баев» шаруа қожалығының жетекшісі Теңізбай Боранбаев және өзгелері кеудесіне тақты.

Денис КИРИЛЛОВ, Орал қаласындағы «Высший сорт» ЖШС-ның жетекшісі:

– Бұрын Ресейде ет комбинатында жұмыс істедім. Қазіргі уақытта Қазақстан-Ресей біріккен кәсіпорнын құрып, мал етін өңдеумен айналысудамыз. Өңір нарығына өнімдерімізді шығаруды екі ай бұрын бастадық. Әзірге шұжық өнімдерінің 10 шақты түрі «Высший сорт» тауар белгісімен тұтынушыларға ұсынылуда. Өнімдеріміздің барлығы «ҚМДБ халал» сертификатына ие. Қазір комбинат тәулігіне 5 тонна ет өңдейді. Қазақстан бойынша БҚО-ның мал еті дәмі, сапасы жағынан жақсы бағаланады. Сондықтан осы өңірдегі шаруашылықтардан малды тірі салмақта сатып аламыз. Қазақстанда өнімді өткізу орындары жеткілікті, салыққа келсек, Ресейде қосымша құн салығы 20%, ал мында 12%, сондықтан кәсіпкерлікпен айналысу жеңілдеу. Облыста ет өңдеуші ірі, шағын кәсіпорындар баршылық. Олардың арасынан орын алу қиынға соғады. Бірақ біз қиындықтан қорықпаймыз. Жергілікті нарықтан өнімнің жоғары сапасы арқасында өз орнымызды ойып алмақпыз.

Тойдық ШАПАНОВА, Сырым ауданындағы «Жайлау» шаруа қожалығының өкілі:

– Жұбайым Отарғали Досжанов бұл қожалықты 2012 жылы құрды. Бүгінде аппаратпен 20 бие сауамыз. Жазда 100 литрдей, қазіргі уақытта 50 литрдей қымыз сауылады. Бал татыған қымызды қаладағы «Әнуар», «Алтындар» супермаркеттеріне, 20 шақты шағын дүкендерге саттыққа шығарамыз. Литрі 1 мың теңгеден, өтімі жақсы. Саумалды тұтынушыларға үйден ұсынамыз. Биелер мамыр айынан бастап ақпанға дейін сауылады.

Асхат ҚҰЛАҚОВ, Бәйтерек ауданындағы «Сары бел» ЖШС-ның директоры:

– 2015 жылы серіктестік құрылып, «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі арқылы 8 млн. теңге несие алынды. Сол қаржыға қажетті жабдықтарды сатып алдық. Содан бері Чебатарев ауылында «Даринка» шағын сүт зауытында сүт өнімдерін шығарудамыз. Шикізатты ауыл тұрғындарынан сатып алудамыз. Айран, май, қаймақ, ірімшік түрлері, қайнатылған құрт және басқасы тұтынушылардың сұранысына ие. Өнімдерімізді Орал мен Атырау қалаларына, Ресейдің Самара қаласына шығарудамыз. Тәулігіне 2 тонна сүт өңдейміз. Қыста шикізаттан тапшылық болғанымен, жазға салым арқамыз кеңиді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

609 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы