• Өндіріс
  • 12 Желтоқсан, 2019

Экономикалық тиімділікті экологиялық қауіпсіздікпен ұштастырған жөн

Сәуір айының барысында отандық ақпарат көздері Атырау облысындағы Қашаған теңіз кенішінде мұнай өндірісінің 45 күнге, яғни бір жарым айға тоқтатылатынын хабарлаған еді. Бұл орайда аталмыш кен орнын игеріп жатқан «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» (НКОК) компаниясының баспасөз қызметі: «Осы айда Қашаған кен орнында мұнай өндіру жұмыстары уақытша тоқтатылады. NCOC компаниясы жер үстіндегі «Болашақ» зауытында және жасанды D аралында жабдықтардың күрделі жөндеуіне кіріседі. Дайындық шаралары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарының жоспарлы ұзақтығы – 45 күн. Оған NCOC-тың және серіктес-мердігерлердің 5 мыңға жуық қызметкері жұмылдырылатын болады», – деген мәлімдеме таратқан болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Қашаған Қазақстандағы ең ірі мұнай кеніші болып есептеледі. Онда шикізат өндіру көлемі 2018 жылдың барысында 1,6 есе ұлғайды. Нәтижесінде еліміздегі мұнай өндірісінің көрсеткіші 2017 жылғы нәтижемен салыстырғанда бірден 6,3 пайызға артып, 77,491 миллион тоннаға жеткен. Ал Қашаған кенішінде шикізат өндіру көлемі сол өткен жыл барысында 13,22 миллион тоннаны құрап, алдын-ала межеленген көрсеткіш болған 11 миллион тонна деңгейінен асып түскен. Ал 2017 жылы мұнай өндірісі 8,3 млн тоннаны құраған болатын. Қашаған 75 км x 45 км аумақты алып жатыр. Оның құрамында негізінен үш массив бар: Шығыс Қашаған, Батыс және Оңтүстік-батыс Қашаған. Өндірілетін мұнай қоры 1,5-10,5 млрд тонна аралығында болса, жалпы геологиялық мұнай қоры 38 миллиард баррельді (6 миллиард тоннаны) құрайды, ал табиғи газдың қоры 1 триллион текшеметрден астам деп есептеледі. Шығыс Қашағанның қоры 1,1-8 миллиард тонна, Батыс Қашағанның қоры – 2,5 миллиард тоннаға дейін, ал Оңтүстік-Батыс Қашағанның қоры – 150 миллион тонна. Каспий теңізінің мұнайын іздеу үшін 1993 жылы құрылған және «Қазақстанкаспийшельф» деп аталған концерннің құрамында әуел бастан Батыс энергетика өнеркәсібінің мынадай алпауыттары болған: «Бритиш Петролеум», «Бритиш Гэс», «Ройал Датч Шелл», «Мобил Ойл» (қазір «ЭкссонМобилға» айналды), «Статойл», «Эни» және «Тоталь». Бұлардың ішінде үшеуі бұрыннан әлемнің «жеті апалы-сіңлілі» деп аталатын ең ірі мұнай монополиялары қатарына кіретін. Олар – «Бритиш Петролеум», «Ройал Датч Шелл» және «Мобил Ойл». Бұлардың әрқайсысы өз алдына ғаламат империялар. Ол аз десеңіз, осы алыптардың соңғы кезде бір-біріне қосылып, бұрынғыдан да бетер монополияларға айналып жатқанын айтуымыз керек. Мәселен, «Мобил Ойлды» онсыз да әлемдегі ең ірі болып табылған «Экссон» корпорациясы өзіне қосып алды. Ал Қазақстанда белгілі «Шеврон» корпорациясы (әлемде екінші орынды иеленген) «Тексако Ойлмен» (әлемде үшінші орында болған) бірікті... Сөйтіп, бұл ғаламат алыптар бұрынғыдан да бетер күшке айналып жатыр. Олар бас-басына жүздеген миллион тонна мұнай өндіреді, өз зауыттарында жүздеген миллион тонна көлемінде сол алынған шикізатты өңдейді. Айналымдары ондаған миллиард долларды құрайды. Оның ішіндегі таза пайдасы миллиардтап есептеледі. Олардың әрқайсысында жүз мыңнан екі жүз мыңға дейін адам жұмыс істейді. Өткен ғасырдың 80-інші жылдарының екінші жартысында әлемде көмірсутек өндіру жағынан бірінші орында болған КСРО 600 миллион тонна мұнай өндіріп, оның 400 миллион тоннаға жетер-жетпесін өзі өңдеп, түрлі өнімдер шығарған. Ал әлгі үш компания қосылғанда 1980 жылдың өзінде сондай 600 миллион тонна өндiрiп, оның 430 миллион тоннасын өздерi өңдеп сатып, жалпы айналымдарын 150 миллиард долларға жақындатқан. Әрине, бұл алыптардың өндiретiнi де, өңдейтiнi де, сататыны да негiзiнен өз елдерiнiң, тiптi болмаса Еуропа немесе Солтүстiк Американың емес, дамып келе жатқан Азия, Африка Латын Америкасы мемлекеттерiнiң мұнайы. Каспий табанынан мұнай iздей барлап, бұрғылай бастағанына биыл жиырма алты жыл толған консорциум әуелi «Қазақстанкаспийшельф» аталып, кейін ОКИОК-ке («Offshore Kazakhstan International Operating Company») айналды. Қашағаннан мұнай табылуға жақындап, сосын ендi сол жетеуiнiң iшiнен бiреуiн жауапты оператор қылу қажет болғанда, ондай орынға Италияның «Аджип» компаниясы ие болды да, концерн «АджипKCO« («Agip Kazakhstan North Caspian Operating Company») деп атала бастады. 2001 жылдың наурыз айында «АджипKCO» Батыс Қашаған-1 ұңғысынан мұнай тапты. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл кенiштегi жалпы мұнай қорының көлемi 40 миллиард баррель де, алынатын мұнай қорының көлемi 10 миллиард баррель көрінеді. Оның өндірістік тұрғыдан игерілуі осыдан бес жылдан астам уақыт бұрын басталған. Бірақ бұл іс көп ұзамай тежелді. Бір сөзбен айтқанда, сол кезде Қашаған кенішінен мұнай өндіру теңізден құрғаққа тартылған 93 шақырымдық құбырдың жарылуы салдарынан тоқтатылды. Сондықтан нақты түрде мұнайды өндіру 2016 жылы басталды. Сол кезден бастап, үстіміздегі жылдың сәуір айына дейін өндіріс процесі тоқтатылған жоқ. Өнім көлемі уақыттың өтуіне сай ұлғайып отырған: 2016 жылы - 1,2 миллион тонна, 2017 жылы - 8,35 миллион тонна, 2018 жылы - 13,2 миллион тонна. Өндіріс қарқыны бірте-бірте ұлғая беретін сияқты. Демек, Қашағанның потенциалы тiптi Теңiз кен орнымен салыстырғанның өзiнде шынында да ғаламат екен. 1993 жылы Теңiзге американдықтар келiп жайғасқан кезде ашылғанына он шақты жыл болып қалған сол кенiште әлi де болса тәулiгiне 25 мың баррель немесе жылдық есепке шаққанда 1,25 миллион тонна ғана мұнай өндiрiлетiн. Бар-жоғы 8 жылдан кейiн, яғни 2001 жылдың өзiнде-ақ ондағы өнiм 10 еседен асып кетiп, 12,5 миллион тоннаны құрады. Егер осындай қарқын Қашағанға тән болатын болса, ондағы өндiрiлетiн мұнайдың көлемi жуық жылдарда 50 миллион тоннаға жетпек. Мамандар Қашағанның арқасында Қазақстан тез арада-ақ мұнай өндiруден әлемде 5-iншi орынға шығады деп отыр. Өткен 2018 жылдың қорытындысы бойынша еліміз 16-ыншы орынға табан тіреген. Аталған биіктіктен көріну үшін ол жоғарыға қарай он бір саты көтерілуге тиіс. Қазақстанның жуық арада мұнай өндіретін ел ретінде үлкен маңызға ие болатынын болжаушылар жетерлік. Олардың болжамдары қазiрдiң өзiнде шындыққа айнала бастаған сияқты. Қазір Әзербайжан мен Қазақстан Ақтау мен Баку арасын жалғайтын теңiз асты мұнай құбырын тарту туралы жобаны қарастырып жатыр. Ресей тарапының бұған қарсылық бiлдiруiне Қазақстан Республикасы өкілдері былай деп жауап беруге дағдыланған: Жобаланып отырған құбыр Қазақстан мен Әзербайжанға тиесiлi акватория ауқымында болмақ, сондықтан бiз бұған қатысты басқа ешкiмнен рұқсат сұрауға мiндеттi емеспiз. Осының бәрiнiң арты не болмақ?! Каспий теңiзi – әлемдегi ең үлкен көл. Оның көлемi 232 мың шаршы миль немесе 600 мың шаршы километр. Каспий теңiзi мен оның бассейнiндегi аймақ туралы әңгiме болғанда, өз мұнайын кейiнге қалдырып, алдымен басқалардың кен көздерiн сарқып алуға дайын Батыс елдерi мамандарының сiлекейi шұбырады. Олардың айтуына қарағанда, бұл геологиялық аудан мұнай мен газ қорының көптiгi жағынан Парсы шығанағы ауданымен тайталасқа түсуi мүмкiн. Бiрақ әзiрге бұл шындықтан гөрi аңызға көбiрек ұқсайды. Сол Батыс мамандарының пайымдауынша, Қазақстандағы қазiр барлығы дәлелденген мұнай қоры 30 миллиард баррельдi құрайды. Оның табылады деп болжау жасалып отырған мұнай резервi тағы да 92 миллиард баррельдi құрайды. Сонда қазiргi бары мен болашақта табылып дәлелденедi деген жалпы қор мөлшерi – 122 миллиард баррель немесе 16,6 миллиард тонна. Түрiкпенстанның табылады және дәлелденедi деп күтiлiп отырған жалпы қоры 80 миллиард баррельге немесе 11 миллиард тоннаға жуық. Жалпы Каспий теңiзi бассейнiндегi барлық нақты және жобалы қор 240 миллиард баррельдiң немесе 32-33 миллиард тоннаның айналасында. Бұндағы Қазақстан мен Түрiкпенстанның үлесi ғана 202 миллиард баррелi немесе 27,6 миллиард тоннаны құрамақ. Ал қалған үш елдiң – Әзербайжан, Ресей және Иранның үлесi – 38 миллиард баррель немесе 5,1 миллиард тонна ғана. Қазiрдiң өзiнде Әзербайжан өзiнiң мұнайға қатысты болашағын Қазақстанмен байланыстырып отыр. Ол ол ма, Грузия мен Түркия да Қазақстанның мұнайын әуелi теңiз астымен, сосын үш мемлекет арқылы тасытқызу арқылы қазақ елiне көп пұл төлетіп, өздері одан қыруар транзиттік ақы алып, жұмаққа жетпек. Түрiкпенстан болса олардың осы шамалас ұсынысына көнбей отыр. Осыдан бірер жыл бұрын ресми Ашгабат Бакудың қазiргi Қазақстан құсап су астымен құбыр (газ тасымалдауға арналған) тарту ұсынысын қабылдамай тастады. Сондағы себеп – өйткен күнде Каспий теңiзiне төнетiн қауiп. Қазiр Түрiкпенстан ондай құбырды теңiз арқылы емес, оңтүстiкке, яғни Ауғанстан мен Пәкiстан арқылы Үндi мұхитының жағасына тартқалы жатыр. Батыста әрбiр iскер адам iстеген iсiнiң олқылығы үшiн, содан айналадағы адамдар мен қоршаған ортаға келген зиян үшiн айып төлейтiнiн, абыройдан айрылатынын бiледi. Сондықтан жоба неғұрлым аумақты болса, қауiпсiздiктi қамтамасыз ету шаралары соғұрлым салмақты болады. Бұл жалпыға бiрдей белгiлi нәрсе. Дегенмен, осындай заңға да, ұзақ жылдар бойы адам мен табиғат қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге барынша ыңғайланған iскерлiк дәстүрiнiң тәртiбiне де мейлiнше сай шарттардың өзi соңғы жиырма-жиырма бес жыл iшiнде адамзатты дүрлiктiрген «Амоко Кадис» танкерiнiң Атлант мұхитын лайлауына да, Аляска түбегiнiң жанындағы мұнай апатына да, АҚШ-тың «Юнион Карбайд» компаниясының Үндiстанның Бхопал қаласының тұрғындарының бiрталайын химия өндiрiсiнiң авариясына жол беру арқылы қырғынға ұшыратуына да ешбiр кесел бола алмайды. 2002 жылдың аяғында Атлант мұхитындағы Бискай шығанағы ауданында апатқа ұшыраған «Престиж» танкерi үш ай бойы сол аудандағы барлық балық-құс атаулыны қырып, Франция мен Испания жағалауларын майға бөктiрiп, миллиардтаған доллар-евро шығынын әкелдi. Каспий теңізі – тұйық су. Әлгі «Престиж» апаты сияқты бәле бола қалса, оның кесiрi адам айтқысыз болады. Өйткенi Каспийдiң өзiн-өзi табиғи жолмен тазарта бiлу қабiлетi ашық теңiз бен мұхиттың әлгiндей қабiлетiмен салыстыруға ешбiр келмейдi. Осыны ескерген жөн.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ

613 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы