• Өндіріс
  • 12 Желтоқсан, 2019

Қауіпсіз өндіріс мәдениетіне қадам

Мамыр айында Ақтөбе өңіріне сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ферроқорытпа зауытында жүзеге асырылып жатқан жаңа «Халықтық бақылау» жобасы таныстырылған болатын. Президент сол кезде металлургтердің бастамасын жоғары бағалап, Үкіметке ERG тәжірибесін республиканың басқа кәсіпорындарына тарату мәселесін пысықтауды тапсырды.

Осылайша, кәсіпорындағы еңбекті қорғау мен қауіпсіздікті бақылауды нығайтуды көздейтін «Халықтық бақылау» жобасының келтірер пайдасын алғаш Қазхром трансұлттық компаниясының филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытының мамандары бағалады.

Жобаны жүзеге асыру арқылы Eуразиялық топ өзінің негізгі мақсаты – өндірісте жазатайым оқиға мен жарақат алу деректерін мүлдем болдырмауға ұмтылып отыр. Әр кәсіпорында болған оқиғаларды тегіс саралап шыққан компания мамандары қауіпсіздік ережелерінің қалтқысыз сақталуын қамтамасыз ету үшін тек ішкі бақылау аздық ететінін аңғарған. Нәтижесінде бұл жауапты іске сыртқы бақылаушыларды да жұмылдыру ұйғарылыпты. Сөйтіп, бақылауға негізінен кезінде өндірістік кәсіпорында еңбек етіп, жарақат алған жандар тартылған. Компания олардан Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы қауіпсіздік ереже-лерінің сақталуын «Халықтық бақылауға» алуды өтінді. Пилоттық жобаға 12 оператор қатысып жатса, жүйе толық қанат жайған тұста олардың саны 60 адамға жетпек. Олар қашықтықтан еңбек етіп, зауыттағы қауіпсіздік ережелерінің сақталуын 13 камераның көмегімен бақылайды. Жұмыс 4 сағаттық ауысыммен атқарылмақ. Осылайша ереженің сақталуы тәулік бойы бақыланады. Жобаға кіріспес бұрын операторлар өнеркәсіп қауіпсіздігі бойынша оқытылып, компьютерлік сауаттылық дағдыларына машықтанды. Барлық бақылаушылар Қазақстан заңдарының талаптарына сәйкес кәсіпорын штатына қабылданып, тиісті әлеуметтік кепілдемелерге ие болды. Ал жыл соңына дейін бұл мақсаттарға 30 млн теңге бағытталмақ. Компания бақылаушыларды барлық техникалық жабдықтармен – ноутбуктер, телефондар, роутерлер, интернет және телефон байланысымен қамтамасыз еткен. Осы техникалық қамсыздандыру мен байланысты қамтамасыз етуге жыл соңына дейін 14,1 млн теңге жұмсау жоспарланыпты. Еуразиялық топ басшылығы өндірісте жарақат алуды мүлдем болдырмау жолында күш пен ресурсты молынан жұмсаудан тартынбайтынын айтуда. Өйткені, «Халықтық бақылау» жобасы арқылы бір жағынан әлеуметтік әлжуаз топ еңбекпен қамтылса, екінші жағынан кәсіпорындардағы өнеркәсіптік қауіпсіздік нығайтыла түспек. Мұнда мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастырудың нақты механизмдері қарастырылған. Яғни, жоба Мемлекет басшысының еңбекпен қамтудың инклюзивті саясатын қамтамасыз ету жайлы тапсырмасы талаптарының үдесінен шығады. Енді бейнекөрсетілім көмегімен өндіріс алаңдарындағы еңбекті қорғау талаптарын бұзушылықтарды тіркейтін бұл жүйе екінші бөлімше – Ақсу ферроқорытпа зауытында жалғасын тауып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар еңбекті қорғау, өндірістік қауіпсіздік және технологиялық тәртіпті бұзушылықтарды тіркейтін болды. «Халықтық бақылау» – өндірісте жарақат алуды мүлдем болдырмауға бағытталған мақсатты қадам. Бүгінде ERG кәсіпорындарында тек еңбекті қорғаудың жоғары деңгейі ғана емес, сонымен қоса, әр жұмыс орнында қажет жағдайлар мен қауіпсіздіктің бірыңғай мәдениетін қалыптастыратын кешенді бағдарлама жүргізіліп жатыр. Бейнекамералар арқылы Ақсу ферроқорытпа зауытының өндірістік алаңдарында техникалық қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қадағалайтын халықтық бақылаушылар бұл істі одан әрі күшейтуі керек. Бейнебақылаудың операторлары болып өндірістік жарақат салдарынан еңбекке араласа алмай қалған, кәсіби аурулармен ауыратын кәсіпорынның бұрынғы қызметкерлері сайланды. Әзірге олар – бес адам, әрі қарай штатты 15 адамға кеңейту жоспарлануда және кандидаттарды іріктеу жалғасуда. Олардың әрқайсысы үйде отырып, нақты уақыт режимінде өндіріс алаңдарындағы техникалық қауіпсіздіктің бұзылуын тіркейді. Қызметкерлердің кез-келген қауіпті әрекеттері оқиғаның потенциалды себебі ретінде қарастырылып, кәсіпорында бұл қатаң түрде бақыланады. – Бейнебақылау оператор-ларының міндеті – әріптестерінің жұмысын бақылау, ал ереже бұзушылықтар болған жағдайда ақпаратты тиісті қызметтерге жеткізу. Олар өз кезегінде алдын-алу шараларын қабылдайды. Бұл жоба біздің компаниямыз үшін қауіпсіз өндіріс мәдениетін құруға арналған тағы бір қадам болады деп сенеміз, – дейді Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Сергей Прокопьев.

Ботагөз Әбдірейқызы

1938 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы