• Өндіріс
  • 26 Желтоқсан, 2019

Ауыл шаруашылығы жерлері тиімді пайдаланылады

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің ең басты активі – ауыл шаруашылығы жерлерін өндірістік қызметке тарту жұмысы соңғы кездері біршама жанданғанын атап өтуге тиіспіз. Орталық комуникациялар қызметінің мәліметіне сәйкес жердің 98,4 пайызы мемлекет меншігінде, ал 1,6 пайызы жеке меншікте. Жері кең, халқы тығыз орналаспаған еліміздің аумағы 272 млн. гектарды құрайды. Оның 105,3 млн. гектары коммерциялық пайдаланудағы ауыл шаруашылығы жерлері. Нақтылап айтқанда бұлар шамамен 25 млн. гектар егістік жерлер мен 72 млн. гектар жайылымдық жерлер, сондай-ақ бүгінгі күні мемлекетте шамамен 96,7 млн. гектар босалқы жер бар. Осы орайда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануда шешілмей жатқан бірқатар мәселелер бар екендігін атап өтуіміз керек. Мәселен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге топырақтық зерттеудің 64,1 пайызы және геоботаникалық зерттеп-қараудың 63,4 пайызы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жүргізілген. 2004 жылдан бастап геоботаникалық зерттеп-қарау 25,7 млн. гектарға жүргізілді, бұл табиғи азықтық алқаптардың 13,9 пайызын құрайды, топырақтық зерттеу 38,8 млн. гектарға жүргізілді, бұл барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының 18 пайызы. Республика аумақтарының ауыл шаруашылығы карталарымен қамтамасыз етілуі бар болғаны 47,2 пайызды құрайды. Бұған қоса, өткен ғасырдың 80-90 жылдары жасалған ауыл шаруашылығы карталары мемлекеттік координаталар жүйесіне келтірілмеген. Әкімдіктермен бірлесіп жүргізілген жұмыс 2,2 млн. гектар ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдаланылмай жатқандығын көрсетті. Қазіргі уақытта оларды мемлекетке қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, атап айтқанда 400 мың гектар бойынша материалдар сотта қаралуда, 1,2 млн. гектарға қайталама бақылау іс-шаралары жүргізіліп, материалдар сотқа беруге дайындалуда, 600 мың гектар бойынша қайталама бақылау іс-шаралары жүргізілуде. Бұдан басқа 1 млн. 137 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері түйткілді агрохолдингтерден қайтарып алынып, тиімді пайдаланушы шаруаларға берілді. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы жерлерінің сапалық көрсеткіштерін тексеру жұмыстары басталды. 2021 жылға дейін 33 млн. гектарда топырақтық зерттеп-қарау, 33 млн. гектарда геоботаникалық іздестірулер, 30 млн. гектарда топыраққа бонитирлеу жүргізу жоспарлануда. Бұл жұмыстардың барлығы инновациялық, цифрлық және космостық әдістермен жүргізілетін болады. Ағымдағы жылғы 28 қазанда Мемлекет басшысы қол қойған агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері жөніндегі заңда мемлекеттік бақылау жүргізу кезінде ғарыштық мониторинг нәтижелерін қолдану, пайдаланылмайтын жерлерді анықтау және оларды мемлекет меншігіне қайтару мүмкіндігі көзделген. Уәкілетті орган тарапынан құрылған агрокадастр әрбір жекелеген танап пен жайылым учаскесінің пайдаланылуына жаппай мониторинг пен бақылау жүргізуді жолға қоюға мүмкіндік береді. Енді кез келген адам цифрлық агрокадастрмен qoldau.kz сайтында таныса алады. Жер иеленушілердің дербес деректері әзірге жалпыға бірдей қолжетімді емес. Агрохимиялық және фитосанитариялық қызметтер деректерінің көмегімен топырақтың химиялық құра­мының нашарлап, арамшөптермен залалданғаны анықталды. Бұл деректер қазірдің өзінде жүйеге енгі­зілген. Енді залалданған жерлерді бақылау мен өңдеу нүктелі түрде жүргізілетін болады. Осылайша нақты деректері бар ахуалдық агроорталық жақын уақытта бірқатар бастамаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұларға сәйкес «ашық жер иеленуші» қағидаты енгізілмек, яғни танаптар мен жайылымдар тарихының барлық деректері көпшілікке қолжетімді болуы тиіс, бұл жер иеленушілерді тәртіпке келтіріп, істі жауапкершілікпен жүргізуге ынталандыратын болады. Сондай-ақ жосықсыз жер пайдаланушылардың, яғни жерді ұтымсыз пайдалануға жол берген тұлғалардың жария тізілімін жасау арқылы азаматтық қоғам жерді ұтымсыз пайдалануға жол берген адамдардың аты-жөнін білуі тиіс. Ал, жер беру жөніндегі баламасыз электрондық конкурстар немесе кез келген жер беру әрекеті әрбір адамға қолжетімді болуы қажет. Жария тізілімдегі тұлғаларға мемлекеттік қолдау көрсетуге тыйым салу керек. Сонымен бірге мемлекеттік және ведомстволық статистиканы ахуалдық агроорталыққа көшіру арқылы сандық технологиялардың көмегімен ауыл шаруашылығы статистикасындағы бұрмалаушылықтарға тосқауыл қойылады. Мұның өзі агроөнеркәсіптік кешенді дамытуды барынша жақсы жоспарлауға мүмкіндік бермек. Ал, ауыл шаруашылығы жерлерін байланыспен толықтай қамту және жаппай интернет құралдарын енгізу жолымен жер иеленушілерді интернет құралдары технологияларын пайдалануға мәжбүрлеу арқылы танаптар мен жайылымдардағы байланыс мәселесін шешіледі. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану бойынша қазіргі уақытта заң жобасы әзірленіп, келісу рәсімінен өтіп жатыр. Онда профилактикалық бақылауды енгізу отырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлерді тексеру кезеңдері мен қайтару мерзімдерін қысқарту; пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне салынатын базалық салық мөлшерлемелерін 20 есеге ұлғайту; жерлердің пайдаланылуына бақылау субъектілеріне бармай, ғарыштық мониторинг деректері негізінде профилактикалық бақылау жүргізуді енгізу, тексеру кезеңдері мен пайдаланылмайтын жерлерді қайтару мерзімдерін қысқартатын SMS-хабарламалар арқылы тексеру субъектісін хабардар ету рәсімін автоматтандыру көзделген.

1641 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы