• Атамекен
  • 26 Желтоқсан, 2019

Денсаулық сақтауды дамыту

Мемлекеттің қатаң бақылауында оң шешімін таба бастады 

Өткен бейсенбідегі кезекті отырысында қаралған маңызды мәселелер қатарында Үкімет Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын бекітті. Соның нәтижесінде қазақстандықтар өмірінің орташа ұзақтығы екі жылда – қазіргі 73-тен 75 жылға дейін артады, медициналық көмек сапасы едәуір жақсарады, денсаулық сақтауға мемлекет шығындарының ІЖӨ-ге үлесі 5%-ға дейін (бүгінде 3,2%) жететіні жан-жақты талқыланды.

«Алғаш рет осы салаға 2,8 трлн теңге қаржыландырылды, соның ішінде 2,2 трлн теңгесі – жеке инвестициялар. Осы қаржылар есебінен, МЖӘ (мемлекеттік-жекеменшік әріптестік) арқылы 10 мың төсектік халықаралық деңгейдегі 19 жаңа көп бейінді ауруханаларды қоса есептегенде, 431 денсаулық сақтау нысандары салынады. Бұл төсектік қордың 50%-ын жаңартып, медициналық инфрақұрылымдар тозуын 56%-дан 38%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді отырыстағы сөзінде Асқар Мамин. Отырыста өткен кезеңдегі қол жеткізілген нәтижелер және жаңа Мемлекеттік бағдарламаның негізгі бағыттары туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, медициналық қоғамдастықтың ұста­ны­мы жайында – Ұлттық ғылыми кардио-хирургиялық орталықтың бас­қар­ма төрағасы Юрий Пя баяндап берді. «Денсаулық» мемлекеттік бағдар­ла­­масын жүзеге асыруға 3 жылда 513 миллиардтай теңге бөлінген. Елімізде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер жақсарған, өмірдің орташа ұзақтығы 73 жылға жеткен. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ме­дициналық көмек сапасын жақсарту бойынша, алғашқы медициналық-санитарлық көмекке жұмсалатын шығындарды 60%-ға дейін арттыруға нақты тапсырмалар берген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттауды, медициналық ұйымдардың қадамдық деңгейде қолжетімділігін қамтамасыз ету шараларын қабылдауды тапсырды», – дейді А.Мамин. Үкімет басшысы жаңа Мемле­кеттік бағдарлама аясында ха­лық­тың салауатты өмір салтын ұста­нуын қалыптастыру үшін қоғамдық денсаулық сақтау қызметі жаңғыр­тылатынын атап көрсетті. Салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру бойынша шараларды кеңейту жоспарланып отыр. «Медициналық көмек сапасын арттыру, денсаулық сақтаудың бірыңғай сандық кеңістігін құруды аяқтау бойынша шаралар қабылданатын болады. Бұл үшін, ауруларды ерте анықтауды ынталандыру арқылы, емханалар мен ауруханаларды қаржыландыру жетілдіріледі», – деді А.Мамин. Премьер-министр барлық аймақ­тарда медициналық қыз­мет­­тердің жаңа технологиялары енгізілетін ал­ғашқы меди­циналық көмектің үздік іс-тәжірибесі орталықтарын дамыту жалғастырылатын болатынын атап айтты. Медициналық қызметкерлер құ­зырын көтеру мақсатында денсау­лық сақтаудың кадрлық ресурстары жүйесі құрылатын болады. «Дәрігерлер мен медбикелердің жалақылары орташа есеппен 2 есе өседі, оларды әлеуметтік қолдау шаралары күшейтіледі, кәсіби жауап­кершілік шаралары артады. Жалпы ал­ғанда, бір дәрігердің жүктемесі ЭЫДҰ стандарттарына (1500 адамға 1 дәрі­­гер) дейін төмендетіледі», – дейді А.Мамин. Үкімет басшысы медициналық саланың инвестициялық ахуалын түбегейлі жақсарту және жобалық басқаруды енгізу бойынша жоспарларды атап өтті. «Алғаш рет бұл салаға 2,8 трлн теңге қаржыландырылды, соның ішіндегі 2,2 трлн теңгесі жеке инвестициялар. Осы қаржылар есебінен, МЖӘ арқылы 10 мың төсектік халықаралық деңгейдегі 19 жаңа көп бейінді ауруханаларды қоса есептегенде, 431 денсаулық сақтау нысандары салынады. Бұл төсектік қордың 50%-ын жаңартып, медициналық инфрақұрылымдар тозуын 56%-дан 38%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», – деді Премьер-министр. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жаңа бағдарлама аясында халықтың салауатты өмір салтына бейілділігін қалыптастыруға көңіл бөлінетініне түсініктеме берді. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау ми­нистр­­лігінің болжамдары бойынша, 2025 жылға қарай елімізде тұзды пайдалану 31%-ға; темекі тарту 13,6%-ға; алкогольді тұтыну 16% қысқарады деп күтілуде. Дене шынықтыру және спортпен айналысатын азаматтар қатары 36%-ға жетпек. Балалар арасындағы семіздікпен ауру 8% қысқарады. Сонымен қатар азық-түлік­тік өнім­дердің сапасына, инфекциялық аурулармен күрес мәселелеріне, жара­қат­тану және жазатайым оқиға­лар­дан өлім-жітімді төмендетуге ерекше көңіл бөлінетін болады. Соның нәтижесінде ЖИТС-тен (ВИЧ) емдеумен қамтуды 29% арттыру, ЖКО-лардан өлім-жітімді 24% азайту, туберкулезбен ауруды 9%, білместіктен уланудан өлім-жітімді 10% төмендету күтілуде. «Балалар мен жасөспірімдер көңіл аудара отырып, аурулардың алдын-алуға айрықша көңіл бөлінеді. Жоспарланған шараларды іске асыру нәтижесінде емханаларға келіп-кетудің саны 16%-ға артады; 15-тен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдердің өзін-өзі мерт қылуынан болатын өлім-жітім 4%-ға қысқарады», – деп атап көрсетті Е.Біртанов. Министр сондай-ақ «жалақы­­ларын арттыру, әлеуметтік қолдау шараларын күшейту, кәсіби жауапкершілікті қорғау арқылы» денсаулық сақтау қызмет­керлерінің мәртебесі арттырылатын болады, деп атап айтты. «2025 жылы дәрігердің, экономи­ка­­да­ғы орташаға қатысты, жалақысы орта есеппен 2,5 есе артып, 550 мың тең­гені құрайды; ауылдарды медици­налық қызметкерлермен қамта­масыз ету 13% артады; клиника­лық зерттеулер саны 2 есе артады», – деп нақтылады ол. Педиатриялық, сауықтыру және басқа қызметтер де кеңей­тіледі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жетіл­дірілетін болады. Нәтижесінде ем­делушілердің медициналық көмек сапасына қанағаттанулары 65%-ды құрап, алғаш рет мүгедектікке шығу 2,4% қысқарады. «Аталмыш мемлекеттік бағ­дар­ламаны жүзеге асыру нәти­жесінде бір жылда 1 адамға денсаулық сақтау саласының шығындары 279 мың теңгені құрайды; денсаулық сақтау ин­фрақұрылымы жаңартылады. Ал мұның бәрі 4 мақсатты индика­торларға: негізгі созылмалы аурулардан мерзімінен бұрын өлім-жітімге ұшырау деңгейі 15,56%-ға дейін төмендеуіне; ана өлімі 16,7%-ға төмендеуіне, сәби шетінеуі 19,4%-ға қысқаруына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ең маңыздысы – азаматтарымыздың болжанып отырған өмірі ұзақтығы 2025 жылы 75 жасқа жетеді», – деп түйіндеді денсаулық сақ­тау министрі Елжан Біртанов. Қорыта келе айтарымыз: елімізде мемлекет тарапынан ден­саулық сақтау саласына соңғы жылдары айтарлықтай қолдау көрсетіліп отыр. Әрине, әлі де болса тындырар іс жетіп артылады, әсіресе медициналық сақтандыру, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, жеке медициналық меке­мелердің қызметі өз шешімін таба алмай-ақ келеді. Осы мәселелер жергілікті жерлерде, әсіресе ауылдар мен шағын елді мекендерде оңды жүзеге асып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Иса Қамбар

1718 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы