• Өндіріс
  • 09 Қаңтар, 2020

Өрге жетелеген өндіріс

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде еліміз жаппай индустрияландыруға бағыт алды. Осы жылдары өңдеуші сала – негізгі даму көзі ретінде белгіленіп, кейін ол өнеркәсіп өсуінің драйверіне айналды. Мыңдаған заманауи жоғары технологиялық өндірістер құрылды, олар жүздеген тың өнім түрлерінің шығарылуын қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ұйытқы болды.

2010-2014 жылдардағы индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы аясында мемлекет өнеркәсіптің ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету саласын, жалпы экономиканың барлық негізгі секторларын таргеттеді. Бұл кезде бағдарламаның басты мақсаты – әлемдік дағдарысты еңсеріп, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету еді.

Үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасына кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту, өнеркәсіп инфра­құрылымы, жұмыспен қамту, қолайлы инвестициялық ахуал жасау тәрізді мемлекетті дамытудың жалпы жүйелік бағыттарының басым бөлігі енді. Бағдарламада шикізаттық секторды, инфрақұрылымды дамытуды қоса алғанда, өнеркәсіптің барлық салалары қамтылып, басымдықтардың кең ауқымы нақтыланды. Сонымен қатар бірінші бесжылдық аясында экономиканы әртараптандыру процесін іске қосу үшін маңызды базалық алғышарттар қолға алынды. Атап айтқанда, Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы заң, 2010-2014 жылдарға арналған инвестициялар тарту, арнайы экономикалық аймақтарды дамыту және экспортты ынталандыру бойынша бағдарлама, сондай-ақ Энергия үнемдеу және энергия тиімділігі туралы заң қабылданды, 50-ден астам заңға түзетулер енгізілді. Осы жылдары көптеген инфрақұрылымдық мәселелер шешілді: 4 мың шақырымға жуық автомобиль жолдары – Батыс Еуропа-Батыс Қытай, Орталық-Оңтүстік және Орталық-Шығыс 2 транзиттік дәлізі салынып, реконструкцияланды, 1700 шақырымға жуық темір жол – Өзен-Түрікменстанмен мемлекеттік шекара, Жетіген-Қорғас, Бейнеу-Жезқазған, Арқалық-Шұбаркөл салынды, 13 арнайы экономикалық және 23 индустриялық аймақ жұмыс істей бастады. Бұған қоса бизнесті қолдауға арналған «Өнімділік-2020», «Инвестор-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары қабылданды. Жеңілдікті несиелер және лизинг, инновациялық, экспорттық гранттар, сервистік қолдау және басқа да ондаған жаңа қолдау құралдары әзірленіп, іске қосылды. Нәтижесінде бүгінде жеке кәсіпкерлерге 100-ге жуық қолдау құралдары қолжетімді. 2015-2019 жылдарды қамтыған екінші бесжылдық сыртқы эконо­микалық шоктарға аса төзімді және қазақстандық экономика үшін «қауіпсіздік төсемі» болуға әле­уетті сектор ретінде нақты өңдеу өнеркәсібіне бағдарланды. Бұл бесжылдық аясында өңдеу өнеркәсібінің 14 басымдықты секторы айқындалып, қолдау құралдары соларға бағытталды. Бағдарламаны іске асыру ел экономикасы үшін бірқатар оң нәтижелер әкелді. Өңдеу өнеркәсібіндегі экспортталатын тауарлар номенклатурасы 21%-ға артты. Аккумуляторлар, темірден немесе қоспасыз болаттан жасалған жазық илем, қоспасыз алюминийден жасалған сым тәрізді жаңа экспорттық тауарлар пайда болды. 2015 жылы басталған ИИД мемлекеттік бағдарламасы индус­трияландырудың бірінші бесжылды­ғының қисынды жалғасына әрі ел­дің экономикалық саясатының бір бөлігіне айналды. Бағдарлама өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыруды, еңбек өнімділігін арттыруды және өңделген тауарлар экспортының көлемін ұлғайтуды мақсатқа алды. 2019 жылға дейін өңдеу өнеркәсібіндегі төрт нысаналы индикатор: өңдеу өнеркәсібі өнімдері экспортының құндық көлемінің өсуі, еңбек өнімділігінің нақты өсімі, негізгі капиталға инвестициялар көлемінің артуы және оның энергиялық сыйымдылығының төмендеуі қарастырылды. Бұл жылдар ішінде елдің үшінші жаңғыру жолынан тиімді өтуіне ықпал етуге арналған жаңа мемлекеттік бағдарламалар, қолдау шаралары, дәлме-дәл инвестициялық саясат және өнеркәсіптің технологиялық қайта жарақтандырылуы пайда болды. Адам ресурсына, бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыруға басымдық берілді. 2015 жылдан бастап инвестициялар көлемі 5 трлн теңгеге жуықтайтын Индустрияландыру картасының 500-ден аса жаңа индустриялық жобалары енгізілді. Бұл жобаларды іске қосу нәтижесінде 80 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны құрылды. Жобалар АӨК және ауыл шаруашылығы (156), құрылыс материалдарының өндірісі (152), машина жасау (59), тау-кен металлургия кешені (41), химия (31), жеңіл өнеркәсіп (22), мұнай өңдеу (21), энергетика (15), фармацевтика (6) және тағы басқа салаларда іске асырылды. Екінші бесжылдықтың аса маңызды жобалары: «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС Бозшакөл ТБК салу; «Ақтөбе рельс арқалық зауыты» ЖШС рельс арқалық зауытын салу; «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Атырау МӨЗ реконструкциясы және оны жаңғырту; «АМСТ» ЖШС Ақтау халықаралық теңіз сауда портын кеңейту; «Petro Kazakhstan Oil Products» ЖШС Шымкент МӨЗ реконструкциясы және оны жаңғырту (1-ші кезең); «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС Ақтоғай ТБК салу; «Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС Павлодар МХЗ жаңғырту; «Petro Kazakhstan Oil Products» ЖШС Шымкент МӨЗ реконструкциясы және оны жаңғырту (2-ші кезең); өнімділігі жылына 2 млн тонна кенді құрайтын тау-кен байыту кешенін салу, «БТК» ЖШС; теміржолға арналған дөңгелектерді шығару кешені, «Проммашкомплект» ЖШС болып табылады. 2015 жылдан бастап 2019 жыл­дың қараша айына дейін өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 42,9 трлн теңгені құрады. Тау-кен металлургиясы кешені ЖІӨ-нің 6,7%-ға жуығын, өнеркәсіптік өндірістің 23,3%-ын құрады. Екінші бесжылдық кезеңінде металлургияда өндірістің шығару көлемі 2,2 есе артты. Яғни, 2014 жылы 2,1 трлн теңгеден 2018 жылы 4,6 трлн теңгеге дейін, 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша – 4 трлн теңгеге ұлғайды. Машина жасауда индустрияландырудың екінші бесжылдығын іске асыру кезеңінде өнім көлемі 1,2 есе (2014 жылғы 902,5 млрд теңгеден 2018 жылғы 1 090 млрд теңгеге дейін, 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша – 1 033 млрд теңге) өсті. Сондай-ақ химия өнеркәсібі де қарқынды дамып келеді. Салада өндіріс көлемі 1,7 есе (2014 жылы 230,3 млрд теңгеден 2018 жылғы 401,1 млрд теңгеге дейін, 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша – 386,4 млрд теңге) артты. Фармацевтика индустриясында өнім өндіру көлемі екі еселенді (2014 жылғы 38 млрд теңгеден 2019 жылғы 79 млрд теңгеге дейін, 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша – 75 млрд теңге). Жеңіл өнеркәсіп тауарларының өндірісі 1,6 есеге артты (2014 жылғы 63,2 млрд теңгеден 2019 жылғы 99,4 млрд теңгеге дейін, 2019 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша – 87,5 млрд теңге). Құрылыс материалдарының өндірісі 1,3 есе (2014 жылғы 452,1 млрд теңгеден 2019 жылғы 563,7 млрд теңгеге дейін, 2019 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша – 475,3 млрд теңге) өсті. 2010-2018 жылдары өңдеу өнер­кәсібінің дамуы үшін негіз жасалды. Мәселен, 7,9 трлн теңге сомасына 1250 жобаны іске асыру және Global-2000/ТҰК тізімінен 29 инвесторды тарту нәтижесінде жаңа өсу көздері пайда болды. 35 кәсіпорынды жаңғырту, экономиканың жаңа бағыттары мен экспорттық және инновациялық әлеуеті жоғары жаңа тауарлардың пайда болуы арқылы тиімді базалық индустрия құрылды. Индустрияландырудың екі бесжылдығы іске асырылған жылдары өңдеу өнеркәсібіне 7,5 трлн теңге тартылды. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібінде негізгі капиталға 4,5 трлн теңге сомасындағы инвестициялар жоспары орындалғанын атап өткен жөн. Жалпы, бүгінде Қазақстанда өңдеу өнеркәсібіне инвестициялар ағынының оң динамикасы байқалып отыр. 2018 жылы еліміздің өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары негізгі капиталға тартқан инвестициялар көлемі 1 242 млрд теңгені құрады, бұл 2010 жылғы деңгейден үш есе артық. 2010-2018 жылдары инвестициялардың ең көп көлемі металлургия өнеркәсібінен – барлық кезеңдегі инвестициялардың жиынтық көлемінен 34,6%, кокос және мұнай өңдеу өнімдері өндірісінен – 23,9%, басқа да бейметалл минерал өнімдерден – 9,5%, химия өнімдерінен – 8,5%, азық-түлік өнімдерінен – 7,7% келіп түсті. Ел өңірлері бойынша өңдеу өнеркәсібіне инвестицияларды бөлу өнеркәсіп кәсіпорындарының салалық мамандануы мен географиялық шоғырлануына байланысты болады. Яғни, негізгі капиталға инвестициялардың ең көп мөлшері өңдеу өнеркәсібінің базалық салалары – металлургия және мұнай өңдеу ірі кәсіпорындары орналасқан өңірлерде, яғни Павлодар, Қарағанды, Түркістан, Атырау облыстарында салынуда.

Ботагөз Әбдірейқызы

1882 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы