• Атамекен
  • 16 Қаңтар, 2020

Тарифтер неге өсті?

Жаңа жылдан бастап Батыс Қазақстан облысында электр қуаты тарифі өсті. Сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, шығаруға және көмуге арналған жаңа тариф бекітілді. Тарифтерді өсірудің мәнісі неде, өзге коммуналдық қызметтер тарифі өсе ме, деген сауалдарға жауап іздедік.

99 ТЕҢГЕГЕ ҚЫМБАТТАДЫ

Ұлттық экономика ми­нистрлігі Табиғи моно­полия­ларды реттеу комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті бас­шысының уақытша мін­детін атқарушы Оралбек Құлмұрзиннің айтуынша, электр қуатының сату бағасын көтеру жөнінде «Батыс Энергоресурсы» ЖШС-ның ұсынбасы «мұрты бұзылмаған» қалпында мақұл­данбаған. – «Батыс Энергоресурсы» тұрмыстық тұтынушыларға 1 кВт қуат үшін 12,64 теңге ұсынды. Бірақ ол 11,29 теңге болып бекітілді. Бұл биылғы жылға дейін қолданыста болған тарифтен 99 тиынға (жобада 2,33 теңгеге өсіру көзделген) өсті. Басқа заңды тұлғаларға арналған тариф 1 теңгеге көтерілді. Ал бюджеттік мекемелер тарифі өзгеріссіз, бұрынғы 36,99 теңге күйінде қалдырылды. Жергілікті атқа­рушы құрылымдар бюджет қаржысын үнемдеу мақсатын­да бюджеттік мекемелердің та­рифін азайтып, басқа тұты­ну­шыларға өсіруді ұсынды. Әрине, бюджеттік мекемелердің тарифі аса бір төмен емес, бірақ олардың тарифін азайтар болсақ, басқа тұтынушыларға күш көбірек түсетіні ескерілді, – деді Оралбек Құлмұрзин. Сала мамандары электр қуаты тарифін өсірудің басты себебі заңнамаларға енгізілген өзгерістерге қатысты екенін айтады. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап Электр энерге­тикасы туралы заңнама бойынша «электр қуатын ұстап тұру қызметі» деген жаңа қызмет енгізіліп, бұл мәселемен айналысатын «РФЦ» не­месе есеп-айырбас қаржы орталығы деген мекеме құрылған. Ол мекеме министрлікке тікелей бағынышты. Бұл мекеменің 2020 жылдан бастап электр қуаты жүктемесін алуға дайын болуды қамтамасыз ету қызметінің бағасы 27,7 пайызға артқан. Сондай-ақ өткен жылғы 1 қазаннан бастап тиісті министрліктің бұйрығымен «Батыс Энергоресурсы» ЖШС электр қуатын сатып алып отырған үш электр стансаның («Жайықжылуқуат» АҚ, «Маяк Қаз Атомпром» ЖШС, «Батыс Пауэр» ЖШС) өндірген қуатының бағалары 4-тен 10 пайызға дейін өсті. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 51-қадамда: «Өңірлік энергети­калық компанияларды (өэк) ірілендіру. Бұл энергиямен қамтама­сыз етудің сенімділігін арт­тыра­ды, өңірлерге электр энергиясын таратудың шығынын төмендетеді, тұтынушылар үшін электр энергия­сының ақысын азайтады», – деп көр­сеткені мәлім. Бірақ сол тапсырма, неге екені белгісіз, әлі күнге «қағажу» көріп келеді. Расында, күні бүгінге дейін электр қуатын біреу өндіреді, екінші біреу тасымалдайды, ал үшінші ЖШС сол өндірілген және тасымалданатын электр қуатын тұтынушыларға өз бағасын қосып, қуатпен жабдықтайды. – Иә, электр энергетикасы сала­сында үш мекеме, яғни өн­­діруші, тасымалдаушы және жабдықтаушы қызмет көр­сетеді. «Батыс Энерго­ресурсы» – жабдықтаушы, қуатты өндірісшіден сатып алады да, та­сы­малдаушы ұйымның желісі арқылы тұтынушыға тауарын жеткізеді. 2004 жылы «Электр энергетикасы туралы» заңнамасына өзгерістер енгізіліп, бұрын тасымалдаушы мен жабдықтаушы қызметтерін қоса атқарып келген бір мекемені екіге бөлудің нәтижесінде құрылған мекеме болатын. Бағаны нарық реттейтін болған соң, жабдықтау қызметі бәсекелестік ортаға берілген, – деп түсіндірді Оралбек Құлмұрзин. Өңірдің ортақ электрмен қамту жүйесіне қосылмаған Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарына қарасты кейбір ауылына қуат Ресейден тікелей жеткізіледі. Сондықтан тарифте рубль бағамының құбылмалы бейнесі де көрініс табады. Облыс тұтынушыларын түрлі көлемде қуатпен қамтитын «ҚПО б.в.» компаниясының, «Орал газ турбиналық стансасы» ЖШС-ның электр қуатының бағасы өзгеріссіз қалған. Бұдан басқа, Оралбек Құл­мұрзин­нің айтуынша, биыл жылу қуаты тарифінде де өзгеріс болмаған. Сонымен қатар қоғамдық көлікпен жүру қызметақысы да өзгеріссіз. Орал қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Алмаз Ахошевтің айтуынша, жолаушы тасымалдаушы компанияларға өткен жылғыдай биыл да тиісті субсидия қарастырылған.

ҚОҚЫС ЖИНАУ ОҢАЙ МА?

Жаңа жыл қарсаңында Орал қа­лалық мәслихаты қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, шығаруға және көмуге арналған жаңа тарифті бекітті. Қазір бұл құжат әділет басқармасына тіркеуге жіберілген. – Мұны қаладан қатты тұр­мыстық қалдықтарды шығару бағасы деп білген жөн. Қоқысты біздің кәсіпорын емес, өзге бір мекеме шығаратын болса да, осы тарифпен жұмыс істейді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тарифті есептеудің арнайы қабылдаған әдістері бар. Тариф мынадай болады деп біз есептемейміз, оны қалалық әкімдікке қарасты арнайы бөлім тендер жариялап, сол бойынша тәуелсіз сарапшылар есептеп шығарады. Екі жыл бұрынғы есептеу бойынша тұр­ғындарға арналған тариф 380 теңге болу керек-тін. Бірақ қазір тариф көпқабатты үй тұрғындары үшін адам басына шаққанда 193 теңгенің орнына 287 теңге, жеке тұрғын үйлер үшін 197 теңгенің орнына 291 теңге болады деп бекітілді. Бұл 2018 жылғы есептеу қорытындысы бойынша шығарылған тариф көрсеткішіне әлі де 100 теңге жетпейді. Техника жаңартып, жұмысшылардың жалақысын көте­ру үшін бізге тарифтің 380 теңге болғаны тиімді, әрине, – деді «Орал Таза Сервис» ЖШС-ның директоры Рафхат Мырзахметұлы. Кәсіпорынның жыл сайынғы басты шығыны – дизель отыны, қосалқы бөлшектер. Қазіргі уақытта олардың бағасын ешкім бақыламайды, сондықтан олар күн сайын өсе түседі. Қазір қысқы дизель отынының литрі 260 теңге шамасында, бұдан екі жыл бұрын 180 теңге болатын. Бір жылдың ішінде соляр майының бағасы 70-80 теңгеге дейін аспандайтыны несі? Сондай-ақ «Орал Таза Сервистің» «бас ауруы» – ескі техника, жаңасының өзі 2013 жылы сатып алынған. Салдырлаған «ЗиЛ», «КамАЗ» көліктерін 15-20 жыл бойы пайдаланып келеді. Коммуналдық қызмет көрсетуші мекеме мамандары жылына 2-3 көлік сатып алып, техника паркін жаңалау үшін жаңа тариф қабылдануы тиіс деседі. Күн сайын қаладан қоқысты шығаруға 20-25 көлік шыққанымен, оның оншақтысы сынып, кері қайтады. Мұның өзі қаланың тазалығына, ажарына кері әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан пайдаланып жүрген 20 техниканы біртіндеп жаңалау керек. Рас, бұдан екі жыл бұрын қатты қалдықтар шығару тарифі өсті. Сұралғаны 380 теңге болғанымен, ол тұтынушыларға 215, 219 (қолайлы және қолайсыз секторға) теңге болып мақұлданды. Бірақ кәсіпорын жаңа тарифтің «қызығын» көріп үлгермеді. Өйткені Елбасы тапсырмасы бойынша тарифтер 10 пайызға төмендетіліп, қоқыс шығару тарифі сәйкесінше 193, 197 теңге болып төмендетілген. – 2018 жылы ұжымдағы жүргізу­шілердің, жұмысшылардың жал­ақысын өсірдік. Өзге қызметкерлердің жалақысы сол қалпында қалды. Қазір орта есеппен жүргізушілердің жалақысы 140-180 мың теңге, қатардағы жұмысшылардың жалақысы 80-90 мың теңге. Бізде 15 адам тұрақты жұмыс істейді, ал қалған 50 пайыз жұмысшының жұмысқа тұруынан шығуы тез болады. Қоқыс шығару оңай емес, көбі ауыр, лас жұмыс деп кетіп қалады. Жастар жағы мүлдем келмейді. Бүгінгі таңда кәсіпорынға бес көлік жүргізуші керек. «Орал Таза Сервис» ЖШС-да 150 адам жұмыс істейді, сынған техниканы жөндейтін жөндеу бригадасы, слесарь, қоймашы, есепші бар, – деді Рафхат Данағұлов. Жалпы қатты тұрмыстық қал­дықтарды шығару мәселесіндегі түйткілдер күллі елімізге тән десе де болады. Алысқа бармай-ақ көршілес Ақтөбе қаласындағы қоқыс шығаратын үш фирманың біреуі қоқыс жинаудан пайда жоқ екенін сезініп, жұмыстан бас тартқан. Қазақстан бойынша ең төменгісі Ақтөбе қаласындағы тариф – 105 теңге, Нұр-Сұлтан­дағы тариф – 400 теңге, Алматы қаласында 553 теңге шамасында. Ең төменгі тариф Атырау қаласында – 120 теңге, өйткені мемлекеттік мекеме (ДЭП-пен бірге) болғандықтан, мекемеге бюджет қазынасынан көмектеседі. «Орал Таза Сервис» мекемесінің заңды тұлғалардың қоқысын шығаруда 4-5 бәсекелесі бар. Жеке тұлғалармен, тұрғындармен олардың ешқайсысы жұмыс істегісі жоқ. Өйткені қызмет көрсету ақысын жинауда түйткіл көп. Қазіргі уақытта «Орал Таза Сервис» ЖШС-ға тұрғындар 200 млн. теңгедей берешек. Бұл да дәл көрсеткіш болмауы мүмкін, өйткені деректер базасы дұрыс емес. Онда жеке тұтынушылардың саны нақты емес, көп жағдайда үй иелері қанша адам тұратындарын жасырады. Оның үстіне үйге тіркелу кітап­шасы деген қолданыста мүлдем жоқ. Дұрысында, халыққа қызмет көрсету орталықтары коммуналдық қызмет көрсетуші мекемелерге тұрғын үйлерде кімдер тұратынын тізімдеп беруі керек сияқты. Ондай заңдылықтарда қарас­тырылмаған. Көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатындағы дәрі­хана, дүкен, шаштараз нысандары өзде­рінің қоқыс қалдықтарын шығару жөнінде серіктестікпен келісімшарт жасамай, есесіне, тұрғындардың қоқыс жәшігін қалдықтарымен толты­рады. Оларға қарсы қандай шара бар? Ендігі үміт – өз алдына отау құрған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде, жаңа Экологиялық кодексте көрініс тапса деңіз. Кәсіпорын қала бойынша қоқыс контейнерлерінің қасына плас­тик бөтелкелерді салатын 700-дей жәшік қойып, қоқысты сұрыптау жұмыстарын бастаған. Басында қиындау болғанымен, бұл шаруа қазір оңға басқан. Сондай-ақ Астана шағынауданындағы №15 мекенжайында 6 бес қабатты үйдің 700-дей тұрғынына арналған жаңа қоқыс алаңы жасақталған. Оның айналасы қоршалған, кез келген адам кіре алмайды, тек үй тұрғындары домофон сықылды жүйемен кіріп, қоқыс қалдықтарын тастайды. Мұнда да пластик бұйымдар бөлек салынады. «Мұндағы басты мақсат – қоқыстың шашылмауы, әйтпесе қоқыстар шашылып, кәсіпкерлік нысандары өз қоқысымен жәшік­терді толтырып тастайтынын көріп жүрміз. Тұрғындарға да қолайлы. Пилоттық жоба бойынша қоршауды да, кілтті де өз есебімізден жасаттық. Бірақ соны түсінбейтін азаматтардың кездесетіні өкінішті. 60-70 пәтер иелері өз кілттерін әлі алған жоқ. Кейбірлеулер қоқысты қоршаудың сыртына лақтырып кетеді», – деді Р.Данағұлов. 2017 жылы құрылтайшы осы кәсіпорынды алған кезде пайдалан­ғанына көп болмаған 8 арнайы тех­никаны сатып алып, іске қосқан. Содан бергі қаланың қоқысы осы техниканың арқасында шығарылуда. Мекеменің сол кездегі жанар-жағар­маймен, қосалқы бөлшектермен және өзге де жабдықтаушыларға 50 млн. теңгедей берешегі болған. Сол қарызды құрылтайшы жапқан. Әсілі, қатты тұрмыс қалдықтарын шығару ісінде пайдадан гөрі шығыс көп деседі. Шығыны көп кәсіпорын әзірге жаңа тарифті місе тұтпақ.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

717 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы