• Өндіріс
  • 23 Қаңтар, 2020

Келешегі мол сала

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Қазіргі уақытта елімізде өндірілген жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 45 пайызы мал шаруашылығы саласына қатысты. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мал шаруашылығына бағытталған инвестициялық жобаларды субсидиялауға 35,9 млрд. теңге бөлінген. Өндірістің ішкі мүмкіндіктерін және сыртқы нарықтың әлеуетін салыстыру мен талдау негізінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұзақ мерзімді келешегі етті мал шаруашылығымен байланыстырылып отыр. Қазақстанның климаттық ерекшеліктері ескеріле отырып қабылданған жоба-жоспар көшпелі жайылымдық мал шаруашылығы дәстүрлеріне негізделген. Саланың әлеуеті көңіл көншітерлік. Жайылымның жалпы аумағы 180 млн. га, мұның 58 млн. гектары қолданыста. Ал, өндіріспен айналысатын ауыл халқының 3,8 млн. адамы еңбекке қабілетті болса, оның 1,3 миллионы ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылған. Жаңа тәсілдеме ет өндірудің бірыңғай технологиялық конвейеріне шағын шар­уа қожалықтарының, фермерлердің көп көлемде қатысуын қарастырады. Отбасылық фермерлер мал өсірумен және бордақылауға тайыншалар алумен айналысса, өнеркәсіптік бордақы алаңдары төрт түлікті семіртуге, ал ет комбинаттары өнеркәсіптік мал союға, шикізатты қайта өңдеуге және дайын өнімді өткізуге бет бұра бастады. Ірі қара мал басын көбейту және сиыр етінің өндірісін арттыру бо­йынша қабылданып жатқан шаралар өңірлердің етті мал шаруашылығын дамытуға жол ашуда. Құзырлы мекемелердің соңғы деректері бойынша өткен 2019 жылы мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісі еліміз бойынша 2306 млрд теңге болған, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңінің деңгейінен 12,5 пайызға артық. Ірі қара мал басының саны 4 пайызға немесе 7,4 млн басқа, жылқы 6,8 пайызға немесе 2,8 млн басқа, құс 2 пайызға немесе 44,3 млн басқа, қой 2,7 пайызға немесе 16,9 млн басқа, түйе 3,5 пайызға немесе 214,8 мың басқа, шошқа 2,9 пайызға немесе 822,2 мың басқа көбейген. Сойылған салмағындағы құс еті өндірісі 16 пайызға немесе 223 мың тоннаға, сиыр еті 5 пайызға немесе 501,4 мың тоннаға, жылқы еті 4,3 пайызға немесе 132 мың тоннаға, қой еті 0,8 пайызға немесе 152 мың тоннаға, шошқа еті 0,3 пайызға немесе 86 мың тоннаға дейін өскен. 2019 жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға және саланың өнімділігін арттыруға 115,7 млрд теңге қаржы бөлінді. 840 отбасылық ферма 82,2 мың ірі қара мал басын сатып алуға несие алды. «Кублей», «KazBeef LTD», «Бижан», «Қазмяспродукт», «Beefstream», «Импаер фуд», «Мерке-ет», «Meat Processing and Service» ЖШС және басқа танымал ірі ет өңдеу кәсіпорындары жақсы нәтижеге жетуде. Салада тарқатуын тосқан түйінді мәселелер де бар. Атап айтқанда қайта өңдеу кәсіпорындарына көп жағдайда шикізат жетіспейді. Сондай-ақ айналымдағы қаражат та мардымсыз болып отыр. Мұның салдарынан кәсіпорындар жеткілікті дәрежеде жүктелмеуде. Сала бойынша орташа алғанда бүгінгі күні кәсіпорындардың жүктемесі 30-40 пайыз. Сонымен қатар Өзбекстан кәсіпкерлерінің тірі малды жаппай сатып алуы қиындық туғызуда. Олар табиғи таза қазақстандық етті алып, өз елдерінде қайта өңдеп, шет елдерге өзбекстандық тауар ретінде өткізуде. Сондай-ақ ет өңдеушілерді толғандыратын тағы бір мәселе – «аулада сойылатын мал». Кәсіпкерлердің пікірінше стратегиялық маңызы бар бұл жәйтті мемлекет назарға алуы тиіс. Себебі ет «аулада» сойылып, ұсақ сатып алушыларға өткізіледі. Бір қарағанда болмашы нәрсе сияқты көрінгенімен, ет өнімдерінің көлеңкелі нарығы ресми деңгейден бірнеше есе асып түседі. Сөйтіп, жеке мал ұстаушылар тарапынан ет өңдейтін кәсіпорындарға күшті бәсекелестік туындап отыр. Мұнымен қатар сойылған мал мен сатылған ет саны туралы деректердің болмауы салдарынан ресми статистиканы қалыптастыруда түйткілдер туындап, тиісті салық төленбей, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталмай отыр. Көш жүре түзеледі дейміз, сондықтан да заманауи үрдістерге негізделетін болашақ негізін бүгіннен қалау керек. Атап айтқанда озық технология­ларды қолданатын әрі өнімдері қазіргі халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ет өңдеушілерге қолдау көрсету, олардың айналым қаражатын толықтыру, бір орталықтан қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыру қажет болады. Қордаланған мәселелерді шешу үшін шетелдік тәжірибені қолдану, бірлескен кәсіпорындар құру қажет. Мәселен, бұдан бір ай ғана бұрын, 2019 жылдың желтоқсанында қол қойылған АҚШ-тың «Tyson Foods» компаниясымен арадағы келісім-шарт елімізде агромультипротеин индустриясын дамытуға, етті мал шаруашылығын өркендетуге зор серпін береді. Бірінші кезеңде өнімділігі тәулігіне 2 мыңға жуық мал басын құрайтын заманауи ет өңдеу кешенін салу жоспарланып отыр. Кәсіпорын қазақстандық нарық қажеттіліктерін өтеп қана қоймай, өнімдерді шетел нарықтарына экспорттайды, сөйтіп, осы арқылы еліміздегі ауыл шар­уашылығы саласының жылдық түсімін 1 млрд. доллардан асатын көлемге жеткізуге мүмкіндік туындайды. Бұл үшін мемлекеттің қаржылық қолдауын пайдалана отырып, мал басын көбейту, оның өнімділігін арттыру, мал бордақылау алаңдарының жүктелуін қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ мал жайылымдарын, су көздерін тиімді пайдалану, мал азығы базасын нығайту талап етіледі.

366 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы