• Өндіріс
  • 23 Қаңтар, 2020

ӨҢДЕУ БАҒЫТЫНА БАСЫМДЫҚ

Мақта барда – киім тігіп, ет барда – шұжық өндірген жөн

Елімізде импорт үлесін азайту үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан импортты алмастыру жөніндегі кеңес құрылады. Оның негізгі міндеті – Үкіметке импортты алмастырудың тиімді ұсыныстарын жасау үшін өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешеніндегі табысты кәсіпорындардың тәжірибесін талдау болмақ.

Аталмыш кеңесті құрудың қажеттілігі тағам және жеңіл өнеркәсіп өнімдері импортының жоғары деңгейімен байланысты болып отыр. Мәселен, Қазақстанда 2016 жылдан бастап өңдеу өнеркәсібі тауарларының импорты 36%-ға артып, 2018 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 30 млрд долларды құраған.

Статистика комитетінің мәліме­тінше, тауарлар нарығында 2018 жылы құс еті бойынша импорт көлемі – 50%-ға артқан, ет консервілері – 32%, шұжық – 40%, көкөніс консервілері – 72%, өсімдік майының импорт үлесі – 30%, сары майдыкі – 27%, ірімшік үлесі – 44%, қоюландырылған сүт пен кілегей үлесі – 67%, кептірілген нан мен печенье – 39%, макарон – 15%, қант – 53%, ашытқы – 57%, кондитерлік өнімдер бойынша импорт үлесі – 49%. Жеңіл өнеркәсіп тауарларының басым бөлігі үшін импорттың үлесі 90%-дан асады. Мұнымен қоса кәсіпорындар қуаттылығының орташа жүктемесі 55%-дан аспаған. Орталық коммуникациялар қызметінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов өңдеу секторының бүгінгі жай-күйіне тоқталып, саланы дамытудағы басты міндеттерді атады. Отандық өндіріске деген көзқарасты түбегейлі өзгерту қажеттігін айта келе ол: «Біріншіден, негізгі табысымызды шикізат саласынан тауып отырмыз. Ал шикізаттық емес өңдеу саласының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 11,5 пайыздан аспайды. Шикізаттық емес саладағы мекемелер қазір өзінің мүмкіншілігін 45-50 пайыздық деңгейде ғана пайдалануда. Яғни, сұраныстың аздығынан біздің мекемелер аяққа нық тұра алмай, өндірісті технологиялық жаңғырту, жұмысшылардың әлеуметтік мәселесін шешу жұмыстарын орындай алмай отыр», – деді. Палата басшысы бүгінде отандық тауар өндіру саласында орын алып отырған кемшіліктерді тізіп көрсетті. «Біздегі ет комбинаттарында ең мықты технологиялар баршылық, тіпті кейбірі еш қалдықсыз ет өңдей алады. Алайда, малды Өзбекстанға сатамыз. Ал елдегі 15 ет комбинаты 45 пайыздық деңгейде ғана жұмыс істеп тұр. Осы секілді, құрылысқа керекті қарапайым швеллерлерді жасай алмай отырмыз. Оның өзі Ресейден келеді. Яғни, мақта барда – киім тігіп, ет барда – шұжық жасау керек. Бұл үшін импорт алмастыруды қолға алып, сұраныс туғызу қажет», – дейді А.Мырзахметов. Әрине, импорттың төрттен бір бөлігі валютамен келгендіктен, бұл бағаға әсер етіп, қалыптасқан қымбатшылық тұрғындардың нара­зылығын туындататыны анық. Сон­дықтан өз өндірісімізді үнемі дамытып, өрістету аса маңызды. Бұл тарапта бүгінде Үкімет қолдауымен кешенді жұмыстар атқарылуда. Кейінгі екі жарым жылда «Атамекен» Үкіметпен осы мәселені терең талдап, өткен жылдың желтоқсанында импортты алмастыру жөнінде ведомствоаралық комиссия құрылған. 2019 жылдың наурыз айынан бастап ұлттық кәсіп­керлер палатасы Үкіметпен бірлесіп қарапайым заттар экономикасын дамыту бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жүргізіп келеді. Оның қатарында кәсіпорындарымызды жеңілдікпен несиелеу шарасы да қабылданып, нақты нәтиже беруде. Сонымен бірге өткізу нарықтарын кеңейту, атап айтқанда сатып алуларда жергілікті қамту үлесін арттыру тетігі іске қосылды. Осылайша, бірлескен жұмыстың нәтижесінде 1 шілдеден 1 желтоқсанға дейінгі аралықта CT-KZ сертификаты бар жеткізушілерде өңірлерді мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту үлесі 2 пайыздан 39 пайызға дейін өсті, оның ішінде жеңіл өнеркәсіпте 1-ден – 40 пайызға, жиһаз өнеркәсібінде 5-тен – 39 пайызға, құрылыс индустриясында 1-ден 36 пайызға, тамақ өнеркәсібінде 1-ден – 41 пайызға дейін өсу байқалды.

Осы орайда отандық автокөлікті сыртқы саудаға шығару жайына тоқталсақ. Жалпы, Қазақстанның көлік жасау саласы импортты ысыруға қауқарлы ма? Қазіргі көлік саласының әлеуетіне тоқталып, талдау жасап өткен палата басшысы қажетті құрыл­ғылардың біршама үлесін үлкен жобалар бойынша «Теңізшевройл» компаниясының сатып алып отырған­дығын жеткізді. «Әлбетте, кен немесе мұнай өндіру саласында алып корпорация «Caterpillar» шығаратын арнайы техника керек болуы мүмкін. Ал бізде қазір энергокөлік құрау саласында мүмкіндіктер баршылық. Бұл тұрғыда отандық қажеттіліктің 80-85 пайызын «Alageum Electric» холдингі жауып отыр. Оған қарасты 7 зауыт қажеттілікті толық өтеуі мүмкін. Бірақ, қадағалауда отырған мемлекеттік сатып алудың өзінде подстанциялар мен трансформаторларды шетелден импорттап отырғандар бар. Екіншіден, отандық автокөлік құрау саласында да айтулы жобалар баршылық. Елдегі «Сарыарқаавтоөндіріс», «Бипэк», «Азия авто» секілді көлік өндіретін ірі компаниялар мемлекеттің қол­дауы­мен өндірісін жолға қойған. Бірақ локализацияның, яғни жаппай сатудың ауқымды деңгейін көріп отырған жоқпыз», – дейді А.Мырзахметов. Десе де, бұл салада тапсырыстар жоқ емес. «Сарыарқаавтоөндіріс» компаниясына қазір салмақты инвестор келген. Сонымен бірге «Astana Motors» компаниясы келесі жылдың қыркүйегінен бастап индустриялық аймақты іске қосуға дайын. Олар ірі торапты құрау мен бояу жұмысын атқарып қана қоймай, «Hyundai» компаниясымен бірге Қазақстаннан тыс нарықты нысанаға алып отыр. Қазақстанда көлікке сұраныс айтарлықтай үлкен болмағандықтан, олар көлікті Ресей мен Өзбекстанға шығаруды жоспарлауда. Осылайша, көлік саласында ірі компаниялар пластиктен орындық, бампер жасап, өндіріс ауқымын кеңейтуді жоспарлаған. Оның үстіне Қазақстанда биыл шыны зауыты іске қосылса, индустрия сұранысты арттыра береді. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласындағы көлікті құрау ісін жетілдіру үшін «Claas» пен «John Deere» компанияларымен келіссөздер жүргізілуде. Демек, осы салаларда көлік құрау ісін дамытуға болады. Бүгінде еліміздегі әрбір транс­ұлттық компанияның экология мен шетелден жұмыс күшін тартудағы міндетінен бөлек, өзіндік әлеуметтік міндеттемелері бар. Мысалы, «Теңіз­шевройл» жақында тұңғыш рет тауарды сатып алу жоспарын жариялады. Сол секілді қытайлық жер қойнауын пайдаланушылармен де бұл бағытта жұмыс жүргізілуде. Жер қойнауын пайдаланушылармен жұмыста Энергетика министрлігінде ықпал етерлік тетіктер баршылық. Ендеше, шетелден жұмыс күшін тартудан бөлек, ірі компанияларға отандық тауарларды өткізу мәселесіне тиісті назар аударып, қоғам болып ықпал ету қажет. «Ірі компанияларды бағасы сапасына сай отандық тауарды сатып алуға міндеттеу керек. «Казцинк», «Қазақмыс», «Арселор Митал» секілді компаниялар отандық өнімді сатып алу бағытында жауапкершілік сезінуі тиіс. Қазірде «Қазақмыс» қажеттіліктің 50 пайызын алып отыр. «ERG» компания­сы да серіктестікке дайын. Импортты алмастыру проблемасы қозғалғанда, ең алдымен өз еліміздің, өз тауар өндірушілеріміздің мүддесі туралы айтамыз», – деді А.Мырзахметов. Кәсіпкерлер экономиканың шикізаттық емес өндірістік секто­рының өсуінде импортты алмастыру жөніндегі кеңестің маңызы зор деп есептейді. Кеңес алаңында бизнес-қоғамдастық уәкілетті мем­лекеттік органдармен және ұйым­дармен бірлесіп жергілікті қамтуды және реттелетін сатып алу жүйесін, кедендік-тарифтік саясатты, тех­никалық реттеуді, шикізаттық базаны, инфрақұрылымды, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру сынды мәселелерді сараптайтын болады. Сонымен қатар кеңес кәсіпкерлерге импортты алмастыру бойынша инвестициялық жобаларды құру мен іске асыруда көмек беруі керек. Ұлттық палата бизнеспен бірлесіп негізгі критерийлерді: шикізаттың болуын, Қазақстан нарығында, соның ішінде реттелетін сатып алулардағы сұраныстың болуын, өндірістік технологиялық қолжетімділігін на­зарға алып, 362 перспективалы тауар тобын дайындады. Сонымен қатар әрі қарай экспорт әлеуеті ретінде ЕАЭО нарығындағы сұраныс та есепке алынды. Тауар топтары 5 сала: машина жасау, тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, химиялық өнеркәсіп және жиһаз өнеркәсібі бойынша іріктелді. Соның ішінде бүгінгі таңда бизнес өкіл­дерімен бірлесіп, жиһазға арналған ДСП/ДВП, тығын арматурасы, пластик өнімдері, ет, түрлі химиялық заттар бойынша 20-ға жуық инвестициялық жоба әзірлену үстінде. Аталған жобалар жуық арада Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен Импортты алмастыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында таныстырылатын болады. Жобалар жекелген жол карталарын әзірлеу арқылы жүзеге асырылады, жол карталарында қажетті қолдау шаралары, мысалы, жеңілдікпен несиелеу, «Самұрық-Қазына» қорының офтейк-шарттары, сондай-ақ бизнес міндеттемелері, жауапты мемлекеттік органдар, мерзімдер көрсетіледі. Кеңес құрамына бизнес саласының білікті іскер-мамандары кіреді.

Ботагөз Әбдірейқызы

1744 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы