• Өндіріс
  • 23 Қаңтар, 2020

Жетісу энергетикасының жаңа нысаны

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деп атам қазақ бекер айтпаған екен. Басылымымыздың жанашыры, Польша-Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Петр Гузовский Варшавадан хабарласып, Алматы облысы Қарасай ауданының Батан елді мекеніндегі жаңа қосалқы электр стансасының ашылу салтанатына қатысуымды өтінді.

Достас елдің іскер топта­ры­­ның өкілдері Қазақстан эконо­микасындағы жылт еткен жа­ғым­ды жаңалықты қалт жібермей, арнайы басылымдарында және News Letter атты жедел жаңалықтар топтамасында жариялап, жамиғатқа жар салып отырады. Міне, осының арқасында поляк кәсіпкерлері соңғы кездері елімізге инвестиция әкеліп, жаңа технологиялар енгізуге негіз қалайтын бизнес-инкубаторлар құруда, стартаптарды іске қосуда. Сөйтіп, екіжақты сауданы қолдау нәтижесінде өткен жылдың қорытындылары бойынша тауар айналымы 81 пайызға өсіп, 2,25 млрд. евроға жеткен, оның ішінде Қазақстан экспорты 1,8 млрд. евро, Польшадан Қазақ­­станға импорт 441 млн. евро болған. Әлқисса, Петр мырза жіберген «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының баспасөз парағында «қосалқы станса өңірдің аса ірі Қарасай және Іле аудандарын, сондай-ақ Алматының батысындағы іргелес елді мекендерді энергиямен қамтамасыз ету проблемасын шешуге мүмкіндік береді» деп тайға таңба басқандай атап өтіліпті. Иә, экономикамыздың серпінді дамып келе жатқан салаларының бірегейі нақ осы энергетика болып табылады. Елімізде шығарылатын өнімдердің өзіндік құнында электр қуатының алатын үлесі қомақты. Тілге тиек етілген түйткілдерді тарқатудың жолдары анықталып, жоба-жоспарлары жасалған, атап айтқанда ұлттық энергетика торабын жаңғыртудың 2018-2028 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданған. Бұл бағдарламаға сәйкес жаңа нысандар – қосалқы электр стансаларын пай­далануға беру көзделген. Енді міне, сондай нысандардың бірі 220/110/10 кВ «Қаскелең-220» қосалқы стансасы іске қосылғалы тұр. Жобаның құрылысы «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында Алматы облысы әкімдігінің және «Алатау Жарық Компаниясы» акционерлік қоғамының қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Нысанның құны 4,73 млрд. теңге. «Ештен кеш жақсы» демекші, толас сәтті пайдаланып, Елордадан жеткен «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов салтанатқа жиналған жұртшылықты жағымды жаңалықпен құттықтап өтіп, «Бұл қосалқы станса қазірден бастап 6 мыңнан астам жеке және 400-ден астам заңды тұлғаларға қызмет көрсететін болады. 2030 жылға дейін 50 мыңнан астам жеке тұлғаларға және 4 мыңнан астам заңды тұлғаларға, сондай-ақ «Көкөзек» индустриалды аймағының тұтынушыларын да қамтымақ. Ол облыстың ірі үш ауданы мен Алматы қаласының батыс бөлігіндегі 400-ден астам заңды және 6200-дей жеке тұлғаларды электр энергиясымен қамтамасыз етеді», – деп атап көрсетті. Ал Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өз кезегінде өңірдегі өнеркәсіп орындарының 70 пайыздайы орналасқан Қарасай, Жамбыл және Іле аудандары электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етілетінін, индустриалды аймақтар қуат тапшылығынан құтылатынын тілге тиек етті. Сондай ақ аймақ басшысы әлемдік үрдіске айналған жаңғырмалы энергия көздерін іске қосу мәселелеріне де тоқталып өтті. Атап айтқанда, облыста су электр стансасы салынып жатыр, жуырда Қапшағайда 400 га жерге орналасқан, қуаты 100 МВт күн электр стансасы пайдалануға берілді. Сонымен қатар қоңсы қонған Еңбекшіқазақ пен Іле аудандарында 50 МВт екі күн электр стансасы іске қосылды. Мұнымен бірге Талдықорған қаласында жылу электр орталығын салу жоспарланып отыр. Алматы агломерациясы аймағында өндіруші қуаттарды ұлғайтуға арналған бұл нысандардың барлығы шағын және орта бизнестің дамуына, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға ықпал етеді. Мамандар мен инженер-техник қызметкерлер атынан сөз алған ардагер энергетик, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының кеңесшісі Есберген Әбітаев әріптестеріне табыс тіледі. Жетісу өңірі – еліміздің аршындай дамып келе жатқан аймақтарының бірі. Қолжетімді электр қуаты жер жаннатының зор әлеуетін ұштай түспек. Іске қосылған энергетиканың жаңа нысаны-қосалқы станса облыс экономикасының ілгерілеуіне сенімді серпін берері сөзсіз.

Жетпісбай Бекболатұлы

1623 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы