• Атамекен
  • 23 Қаңтар, 2020

Басты шара – қауіпсіздік

Осы бағытта нақты да пәрменді жұмыстар жүргізіліп жатыр

Өткен аптаның соңғы жұмыс күні Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында автожол саласын дамыту жөнінде кеңес өтті. Онда тиісті сала басшыларына, жауапты ведомстволар жетекшілеріне қадау-қадау тапсырмалар беріліп, маңызды шаралар іске асыру қолға алынды.

Алқалы жиында автожол саласындағы құрылыс мау­сымына дайындық туралы индустрия және инфра­құрылымдық даму ми­нистрі Б.Атамқұлов, битуммен қамта­масыз ету жағдайы жөнінде энергетика министрі Н.Ноғаев, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасын қамтамасыз ету шаралары бойынша, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартуға квота беру туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов, та­биғатты қорғау шараларының сақталуы туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев, жергілікті жұмысшы кадрларды даярлау туралы Алматы об­лысының әкімі А.Баталов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов, Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбек, Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметов, автожол жобаларының іске асырылу барысы туралы мердігерлік ұйымдар мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері баяндады, делінген баспасөз хабарлама­сында. Айта кету керек, 2019 жылы республикалық маңызы бар 4,4 мың шақырым авто­жол салынған және тиісті реконструкциялау жұмыстары жүргізілген. Жыл қорытындысы бойынша 641 шақырым жолда қозғалыс ашылыпты. 1,1 мың шақырым республикалық маңызы бар және 3,5 мың шақырым жергілікті желілердегі авто­жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автожолдардың үлесі 88%-ға, жергілікті маңызы бар жолдар 71%-ға жеткізіліпті. Республикалық маңызы бар І және ІІ техникалық санаттағы жолдардың ұзындығы 34%-ға (8,2 мың шақырымға) дейін арттырылған. Автожол саласының 2020 жылға арналған бюджеті 750 млрд теңгені құрайды, республикалық және жергілікті маңызы бар 9,8 мың шақырым автожол жөндеу жұмыстарымен қамтылмақ. Құрылыс жұмыстарымен 4 мың шақырым автожол қамтылады деп белгіленген. Жыл қорытындысы бойынша жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырым автожол учас­келерінде қозғалысты ашу жоспарлануда, соның ішінде: Талдықорған – Өскемен (763 км), Қарағанды – Балқаш – Қапшағай (645 км), Қалбатау – Майқапшағай (415 км), Меркі – Бурылбайтал (266 км), Ақтөбе – Атырау – Астрахань (279 км) және т. б. бағыттарда.

Республикалық және жер­гілікті желінің жол-құрылыс жұмыстарына барлығы 100 мыңға жуық адам жұмылдырылатын болады, «А» санатындағы жол бойындағы сервистің 18 көпфунк­ционалды кешенін салу үшін инвестициялар тарту, 304 санитарлық-гигиеналық торапты салу және қызмет көрсету жоспарланған. Осы ретте мақала тақырыбын­да атап көрсеткеніміздей, аса маңызды автожол құрылысы, жолдарда қауіпсіздік сақтау бағытында қолға алынған мәсе­лелер оңды өріспен жүргізіле бастаған айта кеткен орынды. Бұған Үкімет тарапынан қабылданған шаралар да айқын дәлел бола алады. Мәселен, 2019 жылдың 19 наурызында «Бірқатар республикалық мемлекеттік меке­мелерді, республикалық қазыналық кәсіпорындарды қайта құру және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулы қабылданған еді. Соның нәтижесінде Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жол­дары комитетінің бағынышын­дағы республикалық мемлекеттік ме­кемелерді қосу және қайтадан құру жолымен олар шаруашылық жүргізу құқылы «ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті «Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы» мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды. Ұлттық сапа орталығы (ҰСО) өзінің іс-қимылында мына мәсе­лелерге баса көңіл бөледі: жалпы пайдаланудағы автомобиль жол­дарының, елді мекендер мен қалалар көшелерінің сапасы мен материалдарын сараптаудан өткізу, жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарын орташа жөндеуді ведомстволық сараптаудан өткізу, автомобиль жолдарының диагностикасы мен аспаптық зерттеуден өткізу және жаңа технологиялар енгізу мен тәжірибе учаскелеріне қолдау көрсету. Таяуда ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті «Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы» мемлекеттік меке­месінің бас директоры Замир Сағынов қазақстандық жол қыз­­меткерлерімен Дүниежүзілік банк шақыруымен Оңтүстік Кореяда болып қайт­қанын жариялады. Онда біздің мамандар жол қозғалысының қауіп­сіздігі саласындағы корейлік тәжі­рибемен танысып қайтқан. – Оларда жаяу жүргіншілерге барлық жағдай жасалған, заңдар да қатал. Бізде жол қозғалысы қауіпсіздігіне мониторинг негі­зінен республикалық жолдар бойынша жүргізіледі, бірақ та қаламен де айналысу керек-ақ. Жаяу өтпе жолдарды көбірек салу қажет. Жаяу жүргіншілерді басып кету, негізінен, өтпе жолдардың жарықпен қамтамасыз етілмеуінен болып жатады, жаяулардың өтпе жолдарына таяу тұстарда (қалалардағы) арнайы кедір-бұдырлар немесе ескерту белгілері жоқтың қасы. Ұлттық экономика министрлігінің тапсырысы бойынша Азия банкі талдау жасаған және жол-көлік оқиғаларынан (ЖКО) қаза болған бір адам экономикаға 109 млн теңге, ал ауыр жарақат алған адам – 16 млн теңге шығын келтіретінін есептеп шығарыпты. Ал бұл сандарды жалпы шамаға жүктер болсақ, онда 2018 жылы ЖКО-лардан еліміз 550 млрд теңге шығын шеккен. Бізде негізінен ЖКО-дан 50 жасқа дейінгі, яғни экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтар құрбан болады екен, – дейді Замир Сағынов. Айта кету керек, әңгіме болып отыр­­­ған нақ сол 2018 жылы ЖКО-дан Қа­­­зақ­­станда 3 мыңнан астам адам қаза болыпты. Өкінішті статистика... «Бұл проблемамен кешенді түрде айналысу керек. Бұлар – жол айырық­тарының құрылысы, ЖЖЕ бұзғаны үшін жазаны қатайту, жол­дарды күтіп-ұстау­ды және жолдар құрылысын толық деңгейде қаржы­ландыру, жылдамдық тәртібін шектеу және басқалары. ЖКО-лармен күрес бойынша, Оңтүстік Кореяда жа­са­ғандай, стратегия қалыптастыру қажет», – деп атап көрсетеді Замир Сағынов. Білікті сарапшының айтуынша, ЖКО-дан болатын өлім-жітім бүкіл әлем бойынша бүгінгі күнге айтарлықтай күрделі мәселе болып қалып отыр. Статистика бойынша, бір жылда 1 млн 350 мың адам қайтыс болатын көрінеді (1-инфографика).

«Жалпы алғанда әлемдегі 5 жастан 29 жасқа дейінгі адамдар өлімінің себебі ЖКО болып табылады екен. Дүниежүзілік банк дәл қазір нақ осы жол-көлік жағдайларымен күресті негізгі бағыты етіп таңдаған және осы бағытта байыпты жұмыс жүргізбек», – деді одан әрі З.Сағынов. Сарапшы жалпы алғанда, біз сапарлаған ел мен өзіміздегі жолдар айта қоярдай айырмашылықпен ерекшеленбейтінін айтады. Олар да бетонды және асфальт-бетонды жолдар салады, шақпатасты-мастикалық асфальтбетонды пайдаланады екен. Жолдар категориясы да, жүргін бөліктердің ені де біздегідей. «Оңтүстік Корея билігі қала­ларда қауіпті учаскелерді айқындай түсу үшін жолдар жабындысына түрлі бояулар мен қосымшаларды пайдаланады. Мәселен, қызыл түс жылдамдықты төмендету қажеттілігін аңғартса, сары – ескерту мақсатында. Корей тәжірибесі, егер автомобильдер жылдамдығын 10%-ға төмендетсе, қаза тапқандар саны 50% азаятынын дәлелдеп отыр. Біздегі жыл­дамдық режімі өте жоғары, Корея­ның автодаңғылдарында­ғы максималды жылдамдығы саға­тына 100 шақырым, одан артық ағызуға болмайды, елде мекендерде сағатына 60 км болса, мектептер жанында сағатына 30 км, мектептердің маңайындағы екі-үш орам (квартал) шеңберіндегі жылдамдық шектеуі сағатына 50 шақырым ғана», – деп түйіндейді З.Сағынов. Шын мәнінде, Ұлттық сапа орталығы өз елімізде де кореялық тәжірибені кеңінен қолданып, жүзеге асыруға үлкен ынта-жігермен кіріскен. Сондай-ақ мұнда жол құрылысындағы сапа мәселесі де қатаң бақылауға алынған. Қорыта айтқанда, жылдар бойы арыла алмастай көрінген автожолдар проблемасы енді оңды шешімін тауып, апаттардың алдын алуға да бүкіл қоғам болып жұмылатын сәт жеткен сияқты.

Исатай ҚАМБАРОВ

1803 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы