• Өндіріс
  • 29 Қаңтар, 2020

Ең үлкен жылыжай салынуда

Біздің өңірдің қысы ұзақ, климаты құбылмалы. Сондықтан облыс тұрғындарын маусымаралық кезеңдерде жаңа піскен көкөніс түрлерімен қамтамасыз ету маңызды мәселелердің бірі десе де болады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, облыс аумағында жалпы ауданы 70 мың шаршы метрлік 100 жылыжай бар.

Бірақ түрлі себептен соның бар­лығы бірдей жұмыс істемейді, 60 шақтысы ғана қияр, қызанақ өсіреді. Соңғы жылдары көкөніс өнімдерімен қамтитын жаңа жылыжай кешендері там-тұмдап салынуда. Мысалға, 2017 жылы Орал қаласында «Орал жылыжай» ЖШС жалпы ауданы 1,2 гектар жылыжай кешенін іске қосты. Ал 2021 жылы Бәйтерек ауданынан «World Green Company» ЖШС жалпы аумағы 12 гектар болатын жылыжай кешенін іске қосуды жоспарлаған. Бүгінде Орал қаласының Зашаған кентіндегі кірпіш зауыты маңында облыстағы ең үлкен жылыжай құрылысы жүруде. «Орал жылыжай комбинаты» ЖШС 7 млрд. теңгеге голланд технологиясы бойынша жалпы ауданы 5,6 гектар жылыжай кешенінің құрылысын жүргізуде. Серіктестік бұдан бұрын да бір жылыжайды іске қосты. Орал қалалық ауыл шаруа­шылығы бөлімінің бас маманы Самал Есқалиеваның айтуынша, жылыжайдың жобалық қуаты жылына үш мың тонна өнім. Компания «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның БҚО филиалы арқылы «Жібек жолы» бағдарламасымен несие алған. Бұл бағдарламаның шарты бойынша қатысушы 15%-дық өз үлесімен, 20%-дық кепілдік қаржысымен несие алады. Жобаны «жандандыруға» серіктестік 1 млрд теңге өз үлесімен, 5 млрд теңге несиелік қаржысын жұм­сауда. Бұл жоба тиімділігін көрсеткен жылыжай индустриясының әлемдік көшбасшысы голландиялық Dalsem (Голландия) компаниясымен жасалған келісімшарт негізінде жүзеге асырылуда. Жылыжай үшін барлық шығын материалдарын жеткізу, техникалық қолдау, қызметкерлерді оқытуды Нидерланды мамандары өз мойындарына алған. Жаңа жылыжайдағы СО2 бас­қару жүйесі, жылуға және тұманға қарсы жүйелер, жоғары қысыммен салқындату, жарықтандыру, климат­тық бақылау, тік және көлденең перделер, суару жүйесі, дренажды суды қайта жинау, тұқым отырғызу жабдықтары, тоңазытқыш, сапаны бағалауға арналған аспаптар, өнімді орайтын жабдықтар жоғары технологиялы жабдықтар саналады. Мемлекет жылыжай құрылысына кеткен шығынның 25 пайызын субсидия­лайды. Жоба іске қосылғанда 80 адам тұрақты жұмысқа қабылданады. Жылыжай кешені биылғы жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға берілмек.

Гүланар Шәңгерей

701 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы