• Өндіріс
  • 29 Қаңтар, 2020

Қадамы нық кәсіпорын

Тұрақты даму жолына түскен «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС 2019 жылы «Парыз» сыйлығын «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша иеленіп, шаруасы өрге тартты. Соңғы байқауда компанияның өндіріске жаңа технологияларды ұдайы енгізіп отыратыны ескерілді. Бәсеке заманында жаңалыққа құштар болудың, іскерлікті дамытудың, қол жеткен жетістіктерге тоқмейілсімеудің мән-маңызы зор екенін компания басшысы Валерий Крылов жақсы түсінеді.

– Жыл сайын инновациялық жобаны іске қосып келдік. Қазақстанда бірінші болып қаптамасы бар тұрба өндірісі біздің кәсіпорында игерілді. Ондай өнім әзірге тек «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» базасында өн­дірілетінін айтқым келеді. Зауыт құрылған 17 жыл ішінде 12 цехта металл жабын, қабырға қаптама материалы, сэндвич-панель, полиэтилен құбырлары, жол қауіпсіздігі белгілері шығарылуда.

Сондай-ақ әлемге танымал өндірісші «Krausmaffei» неміс фирма­сының жеті желісі іске қосылып, плас­тик тұрбалар, соның ішінде диаметрі 20-1600 миллиметрлік салқын және ыстық сумен қамтуға, газ отынына және кәрізге, 20-630 мм-лік қорғаныш қабаты бар тұрба су және газбен қамтуға арналған түрлері өндіріледі, – деді Валерий Крылов. Оның айтуынша, тұрбаларға мемлекеттік бағдарламалар бойынша еліміздің барлық өңірінен, тау-кен саласына қарасты компаниялардан тапсырыс түседі. Қазіргі таңда өндіріс ошағында жылына 30 000 тонна полиэтилен өңделеді. Зауыттағылар өнім сапасына ерекше мән беріп, өздерінің зертханасында өнім сапасын мұқият тексеріп отырады. Кәсіпорындағы жұмысшылар мемлекеттің шаруасына қажетті диаметрі 1600 миллиметрлік тұрба өндіретіндерін мақтан етеді және осындай үлкен диаметрлі тұрба әзірге оралдық зауыттың конвейерінен шығады. Ресейден де тапсырыс берушілер бар болғанымен, ұзақ мерзімдік келісімшарт жасауға мүмкіндік тумаған-ды. Сол себепті мемлекеттік тапсырыстарды місе тұтып келді. 2018 жылы серіктестік жұмысшылары Жаңақала ауданы тұрғындарын ауыз сумен қамтуға мемлекеттік тапсырыс алып, уақтылы орындап шықты. Құлшық жерасты су кен орнынан шалғайдағы аудан орталығы Жаңақалаға су құбырын тарту жұмыстарын бірінші рет компания жұмысшылары өздері атқарды. «Алтын сапа» сыйлығын алған кәсіпорынмен ұлттық компаниялар іскерлік байланыс орнатуға ықылас білдірді. Сөйтіп, Оралда өндірілетін пластика тұрбаларға жер-жерден «құда түсу» басталды. Бұрын әлеуетті қуатын толық пайдаланбай отырған зауыт жаңа жұмыс ырғағына көшті, толық қуатпен жұмыс істейтін болды. – Біздің компания экологияны сақтауға 20 жылдың үстінде үлес қосып келеді. Өйткені 1981 жылдан бері кәсіпорын пластик бұйымдарды өңдеп, оларға жаңа «жан бітіреді». Өңделген пластиктен халық тұтынатын тауарлар, шелек, табақ, бақыраш шығарамыз. Зауыттағылардың арасында мынадай қалжың бар: «Біздің шелектер сынбай, шаршамай ұзақ қызмет етеді. Тек сіздің шаршауыңыз мүмкін», – дейді Валерий Крылов әзіл-шыны аралас. Компания 3-4 жыл бұрын өнім­дерін Ресейге шығаруды бастады. Жыл санап экспортқа өнім шығару өсімі 20% болады. Бүгінде кәсіпорынның «А7 АГРО» Орынбор агроөнеркәсіп ке­ше­німен, Мәскеу қаласымен, Татарстанмен және Башқұртстанмен әріптестік байланысы нық. Сондай-ақ Қырғызстанға өнімдерін шығаруда. Жақында Өзбекстаннан да тұрбаларға тапсырыс түсіп, оны уақтылы орындады. Кәсіпкер Валерий Крылов компания өнімдерінің негізгі тұты­нушысы Қазақстан нарығында екенін сеніммен айтады. Нарықтық қаты­настар заманында өсуді ойлаған ком­­панияның стратегиялық жұмыс бағ­дары айқын, қадамы нық.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

634 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы