• Бизнес & Қоғам
  • 18 Қазан, 2012

Әлеуметтік салаға мамандар даярлау қажеттілігі

Барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын, қауiпсiздiгiн жақсартуға арналған "Қазақстан – 2030" Стратегиясында Елбасы Н.Назарбаев атап өткенiндей, республика дамуының басым бағыттарының бiрi тұрғындардың материалдық және әлеуметтiк әл-ауқаты болып табылады.

Осы Стратегияда айқындалғандай, біздің елімізде қалыптасқан нарықтық экономиканың әлеуметтік бетбұрыс алуы, оны Елбасы Стратегиялық басым бағыттардың бірі деп белгілеуі, аталмыш саланың әлі бірнеше онжылдықтар бойы өзектілігін жоймайтын ғылыми-зерттеу объектісі болатындығының айқын көрсеткіші. Ал, оның жүзеге асу барысы мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізі болып қалануынан көрінеді де, басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыруға қол жеткізу болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, экономикалық жетістіктерге жетуде, ғылым мен инновацияның дамуында жетекші роль атқаратын адам факторы – әлем қауымдастығының инвестициялық тартымды ресурс көзі ретінде қалыптасып келе жатқандығы, аталмыш объектінің XXI ғасырдың өзекті зерттеу мәселесі екендігі сөзсіз деп ой-тұжырым жасауға болады.

Сол себепті қоғамның барлық мүшелері мен оның әлеуметтік топтарының өмір сүру деңгейін ұдайы жақсарта түсуде және жоғарыда аталған бағыттағы мемлекет саясатын жүзеге асыруда әлеуметтік сала мамандарына жүктелетін міндеттердің  жауаптылығы да арта түсуде. 

 Бұл күндері әлеуметтік қызметкерлер халықтың әлжуаз топтарына мемлекеттің беретін көмегін үйлестіруші ғана емес, қоғамдағы аз қамтамасыз етілген топтарға жан-жақты қамқорлық жасау технологияларын жүзеге асырушы мамандар болып табылады.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың  «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына 20 қадам» атты мақаласында «... мемлекет – шетсіз-шексіз донор емес, азаматтар әл-ауқатының өсуі үшін жағдай туғызатын әріптес деген ұстаным қалыптастыру маңызды. Мемлекеттің стратегиясы әлеуметтік қорғаудан әлеуметтік прогреске бағытымен құрылады.  Бұл масылдыққа жол жоқ дегенді білдіреді. Тек осындай жағдайда ғана Қазақстан қоғамы патернализм инерциясын еңсере алады» деп, алдағы уақытта әркім өзі үшін еңбек етуі, денсаулығын сақтауы және айналасындағы қоғаммен дұрыс, үлгілі байланыс жасай білетін тұлғалар қалыптастыратын мезгілдің келгенін атап көрсетілген.

         Халықпен, оның әртүрлі санаттарымен жұмыс жүргізетін әлеуметтік жұмыс мамандарының алдында да  «Қазақстандықтардың сапалы әлеуметтік үлгі-қалыптары мен кәсіби біліктілігі жүйесін, әсіресе экономикалық белсенді тұрғындардың арасында жасап енгізу міндеті тұр».

        Осындай шараларды жүзеге асыруда Қазақстанда кәсіби әлеуметтік жұмысты және арнайы әлеуметтік қызметтер институтын қалыптастырудың тарихи кезеңі басталды. Әлеуметтік жұмыс қоғамдағы әлжуаз топтардың құқығын қорғау ғана емес, олардың қоғамның басқа мүшелерімен қарым-қатынасын үйлестіру және қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың құралы болып табылады.

Шет елдерде  әлеуметтік қызметкерлерді мемлекетті басқарудың әртүрлі деңгейлеріне және тұрғындардың әр түрлі санаттарымен жұмыс істеуге дайындаудың маңыздылығын ескере отырып, оларды гранттар бойынша даярлайды. Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік қызметтер бойынша мамандар даярлау әлеуметтік жұмыстың Халықаралық Федерациясы мектебімен реттеледі және құқықтық, гуманитарлық, биологиялық, психологиялық, коммуникативтік бағыттар бойынша білім берудің жан-жақты мазмұнын қамтиды.  Соңғы 20 жылда шет елдердегі әлеуметтік жұмыс тәжірибесі қиын жағдайға ұшыраған жеке тұлғаға, отбасына немесе топтарды қолдау және көмектесу шеңберіндегі әлеуметтік модельмен (пішінмен) ғана шектелмей, сонымен қатар бірінші кезекте өмір сүру салтын өзгертуге, кездескен қиыншылықтардың себебін болдырмау бағытындағы жұмыстарды жасаумен айналысуда. Яғни қазіргі әлеуметтік жұмыстың парадигмасы  көп жағдайда қиыншылықтардың алдын алу, кездескен кедергілерді жою бағытына құрылуда.

Сол себепті біздің елімізде бүгінгі таңда әлеуметтік қызмет көрсету саласына деген мамандарға қажеттілік барған сайын артып келеді. Демек, халыққа әлеуметтік, әлеуметтік-мәдени қызмет ету жұмыстары қазіргі заман  талабына айналдып отыр.

Қазіргі уақыта  әлемдік деңгейдегі білім беру мен зерттеудің жоғары сапасына жетуді  стратегиялық мақсат етіп отырған Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің «Әлеуметтік қызмет және бизнес» факультетіндегі «Нарықтық инфрақұрылым» кафедрасы осы тұрғыдан біраз жұмыс атқарып келеді. Кафедра бойынша «Әлеуметтік-мәдени қызмет» және «Әлеуметтік жұмыс» мамандықтары бойынша мамандар дайындалуда. Сонымен қатар кафедра магистратура бағыты бойынша «Әлеуметтік-мәдени қызмет» - қонақ үй бизнесі және бизнестегі «Әлеуметтік жұмыс» мамандықтарының магистрлерін де дайындайды.  Осы тұста 2011-2012 оқу жылында осы кафедра дайындайтын «Әлеуметтік-мәдени қызмет» және «Әлеуметтік жұмыс» мамандықтары республикалық рейтингте бірінші орын алғанын атап кетуге болады.

Әлеуметтік-мәдени қызмет көрсету – бұл тұрғындар үшін әр түрлі сервистік, менеджерлік-маркетингтік, жарнамалық, әлеуметтік және мәдени қызмет көрсету технологияларын пайдаланатын көп салалы жұмыс түрі. Ал бұл саладағы қызмет көрсету, сервис жасау – өндірістің ең дамыған және табысты түрі болып танылады.

Әлеуметтік жұмыс – жеке тұлғаның оңтайлы деңгейдегі даму заңдылықтарын және өз қабілетін әлеуметтік  ортада толығынан жүзеге асыра білуін меңгере отырып, әлеуметтік қорғалмаған топтарға, жалпы халыққа әлеуметтік бағыттағы қызмет көрсету болып саналады. Бұл саланың  мамандары әлеуметтік ұйымдар мен мекемелерде кәсіби жұмыстар жүргізеді, мысалы, делдалдық қызмет жасау, ақыл-кеңес айту, арнайы мамандандырылған көмек беру, жеке тұлғалар мен отбасыларға әлеуметтік көмек пен қызметтер көрсету және тағы басқа да шаралармен айналысады.

Қазіргі уақытта «Әлеуметтік жұмыс» немесе «Әлеуметтік-мәдени қызмет» мамандары еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие болғандықтан, олар толығымен жұмыспен қамтылуда. Осы мамандық бойынша біздің жастарымыз қалалық және аудандық әкімшіліктерде, халықты әлеуметтік қорғау орталықтарында, республикалық, аймақтық және жергілікті басқару органдарында, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдарда,  түрлі мәдени, демалыс орындарында және тағы басқа да бизнес орындарда  жұмыс істей алады.

 

 

«Нарықтық инфрақұрылым»

Кафедрасының меңгерушісі

э.ғ.д., профессор м.а.                                                            Байшоланова Қ.С.                       

1003 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы