- Атамекен
- 06 Ақпан, 2020
Қолдаудың шынайы шарты

Қазақстанда 27 өндіріс ошағы мен мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры отандық өнеркәсіпті қолдаудың жаңа форматы – оффтейк-шарттар шеңберінде бірегей жобаларға қолдау көрсетіп отыр.
Отандық өндіруші тауарына тұрақты сұранысты тудыру – қолдаудың нақты белгісі екені анық. Соңғы жылдары ұлттық компаниялар мен отандық бизнес арасында кепілді, ұзақмерзімді серіктестік орнату бойынша жақсы үдеріс қалыптасып келеді. Сатып алу ережесінің әдістемесі мен талаптары, яғни, сатып алуды реттеудің стандарттары өзгертілді.
Мысалы, тендерді өткізу кезінде тапсырыс берушілер ең алдымен қазақстандық өндірушілер арасында тендер өткізуге міндетті, ал сатып алудың үлкен көлемі баға ұсыныстарын сұрату – кішігірім сатып алулар арқылы жүзеге асырылады. Бұл тізімде 500-ден астам компания бар. Енді Қордың барлық еншілес компаниясына тиісті тыйым салынып, олар «қарапайым заттар» бойынша сатып алуды тек қазақстандық өндірушілердің есебінен жүргізуге, мысалы, жиһаз немесе тамақ өнімдерін тек қазақстандық өндірушілерден сатып алуға міндеттелді. Сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстары барысында мердігерлерден тек қазақстандық құрылыс материалдарын сатып алу талап етіледі. Ал электрондық сатып алу жүйесінде орнатылған арнайы модуль қазақстандық өндірушіге тендердің қашан, қайда өткізілетінін, олардың материалдары қайда болатынын біліп, зерделеуге мүмкіндік береді. Осыдан екі жыл бұрын әзірленіп, енгізілген оффтейк-шарт, яғни, импортты алмастыру бағдарламасы тиімділігін көрсетті. Оның мәні – Қор тобына кіретін ұлттық компаниялар отандық кәсіпкер игере алатын өнімге кепілдендірілген тапсырыс береді. Бірақ, бұл өнімнің Қазақстан бойынша баламасы болмауы шарт. Импортты алмастыру бағдарламасының нәтижелерін мәлім еткен «Самұрық-Қазына Контракт» өкілдерінің айтуынша, бүгінгі таңда жұмыс нәтижесі бойынша 27 жоба мақұлданған. 2018 жылдан бері жасалған оффтейк-шарттардың жалпы сомасы қазірде 9,2 млрд теңгеге жеткен. 2018-2019 жылдар ішіндегі инвестициялардың жалпы көлемі – 215 млрд теңге. Сонымен бірге жаңа өндірістер биыл 1,5 мыңнан аса жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Қазірде импортты алмастыру бағдарламасының шеңберінде техникалық ерекшеліктерді қалыптастыру кезінде ұлттық стандарттарды міндетті түрде пайдалану енгізілуде. Бұдан басқа, сатып алу шарттары бойынша төлем жасаудың мерзімі 30 жұмыс күнінен 20 жұмыс күніне дейін қысқартылды және импортты алмастыру және жергілікті қамтуды дамыту бойынша орталық жобалау кеңсесі құрылды, оған Қордың, еншілес компаниялардың, «Атамекен» ҰКП, салалық қоғамдық бірлестіктердің, даму институттарының сарапшылары кірді. Қор үш ірі стратегияны – автокөліктер, кабельдік және аяқ киім тауарларын сатып алуды жүзеге асырады. «Осы санаттар бойынша Қордың стратегиялық серіктестері, яғни, Қор компанияларына жоғары сапалы өнім мен жақсы жеңілдіктер беретін қазақстандық өндірушілер анықталды. Біз еншілес компанияларымыздан сатып алу процесіне шаруашылық тұрғыдан қарауды талап етеміз. Мәселен, тауардың сапасына, жарамдылық мерзіміне, электр энергиясын игеру мен тұтынудың жиынтық құнына назар аударамыз. Барлық тауар бойынша электр энергиясы тиімді пайдаланылатын, ұзақ уақытқа жарайтын сапалы өнімді сатып алу көзделеді», – дейді «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас директорының орынбасары Теміржан Әбдірахманов. Қазақстандық кәсіпкерлер вагон баяулатқыштар, көпфункциялы техникалық құралдар кешендерін, сонымен қатар мұнайды және басқа сұйық айдауға арналған сорғы жабдықтарын өндіретін болады. «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Ахметжан Есімовтің бұйрығына сәйкес, барлық еншілес компанияларға тек отандық өндірушілерден машина жасау және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін сатып алуға талаптар қойылған. Мысалы, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы негізгі материалдарын – сорғы, техникалық қондырғы, құбыр, химиялық заттарды санаттық стратегиялар арқылы қазақстандық өндірушілерден сатып алады. «Жыл сайын ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп таза импорттың пұлын – бізде шығарылмайтын тауарлардың тізімін бекітеміз. Олар біздің компанияларымыз үшін аса керек болғандықтан, кәсіпкерлерімізге осы өнімдерді игеруді ұсынып, тиісінше ұзақмерзімді тапсырысқа кепілдік берудеміз», – дейді «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС талдау және маркетинг департаментінің директоры Ербол Беков. Тиімді шарттар отандық өндірістің жүктемесін арттырып, жалпы ел экономикасына мультипликативті әсер беретіні сөзсіз. Бұл механизм арқылы Қор компанияларына қажетті жаңа өндірістер ашылуы керек. Ал жаңа қазақстандық кәсіпорындардың дамуы жұмыс орындарының құрылуына, сәйкесінше, салық түсімдерінің артуына алып келеді.
Ботагөз Әбдірейқызы

534 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *