- Атамекен
- 20 Ақпан, 2020
Күн тәртібінде – экология мәселесі

Белгілі кәсіпкерлер Берік Каниев пен Алексей Ли Қазақстан қалаларындағы ауа сапасына қатысты мәселелерді шешу үшін «AirVision.kz» қоғамдық қорын құрды.
Қор құрылтайшылары өздерінің басты міндеті ретінде – алдағы бірнеше жылдың ішінде Алматы қаласының ауасын тазартуды айтады. Бұл мәселені шешу үшін қор мемлекеттік органдар, азаматтық сектор, қазақстандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшы қоғамдастықпен әріптесуді көздеп отыр. Қор құрылтайшысы, кәсіпкер Берік Қаниев:«Біз, бәріміз, Алматы тұрғындары – бір ауаны жұтып отырмыз, әкімдік қызметкерлері де, кәсіпкерлер де, қоғамдық белсенділер де. Ауа – барлығымызға ортақ. Сондықтан, мен болашаққа зор үмітпен қараймын, әрі нақты қолынан іс келетін барлық күшпен бірлесе жұмыс істейтінімізді мәлімдегім келеді», – деді. Алматы ауасының ластану мәселесін шешудегі алғашқы қадам – заманауи мониторингтеу жүйесін құру болып табылады, ол жүйеден келіп түскен мәлімет барынша толық, дұрыс болуы тиіс. Ал қор құрылтайшысы, кәсіпкер Алексей Ли болса: «Бүгінде Алматыда ауа сапасын мониторингтейтін толыққанды жүйе жоқ. Мәлімет әртүрлі, жеткіліксіз. Ол аздай, мемлекеттік органдардан келетін ақпаратқа қоғамдық белсенділер сенбейді, ал белсенділердің мәліметіне мемлекеттік органдар сенбейді. Бұл жағдайды шешу үшін біз азаматтық және мемлекеттік сектордағы серіктерімізбен бірге бірегей жүйе құруға дайынбыз. Ол жүйеден түскен тұжырымдамалар барлық мүдделі тараптар үшін заңды болады. Мұндай мониторингтеу жүйесі пайда болмайынша, ауаны жылу электр станциясы, автокөліктер немесе жекеменшік сектор ластандырып тұрғаны жөнінде дау-тартыс өрши береді», – деді. Ауа сапасын дәл мониторингтеу жүйесі Дүниежүзілік денсаулықсақтау ұйымы мен экология саласындағы басқа да халықаралық сарапшылардың әдістемелері негізінде құрылған. Айта кетерлік жәйт, ластану көздерінің үлесін анықтау үшін РМ2.5 қалқымалы заттар мен қабылдағыш үлгілеудің химиялық құрамы алғаш рет анықталады деп жоспарлануда. Бұл әдістеме ғылыми қоғамдастықта оң бағаға ие болған, әрі әлемде РМ2.5 ластану деңгейіндегі лас көздерінің үлесін зерттеу үшін кеңінен қолданылып келеді. «Ластану көздерін анықтаудың әдістемелері екіге бөлінеді: есептеу тәсілі (ластаушы заттардың лақтырындысын есептеу) және іс-тәжірибелік тәсіл (РМ2.5 сынамасын алып, құрамын сараптау). Біз осы екі ұсақ бөлшекті алып, арнайы құрылғыдан өткіземіз, сөйтіп ауаны жылуэлектр орталығы, көлік немесе пеш түтіні көбірек ластап жатқанын айғақтайтын нақты дәлел аламыз. Мұндай зерттеуді Қазақстанда әлі ешкім жасаған емес», – дейді эколог-зерттеуші, ғылым докторы Айымгүл Керімрай. Қор өкілдері тәуелсіз эко-мониторингпен айналысатын әріптестеріне де көмек қолын созатындарын баса айтып өтті. Әсіресе, Павел Александров пен AuaGroup бастамаларының бір бөлігін қаржыландыру көзделген. Дәл мониторингтеу жүйесін құруға кететін шығын алдын-ала болжау бойынша, жүздеген миллион теңгені құрауы мүмкін, сол себептен қор құрылтайшылары бизнес-қауымдастықтан өз бастамаларына қолдау көрсетулерін сұрады. Бүгінде экология мәселесі негізінен эко-белсенділер мен билік өкілдерін толғандырып тұр. Біз үшінші күш – бизнес-қауымдастықты да осы мәселеге жұмылдырғымыз келеді. Кәсіпкерлер – бұл елдің көшбасшылары, осы үрдістің басы қасында жүруге міндетті, әрі жүре алады. Еліміздегі жауыр болған экологиялық тауқіметтерді шешуде бизнес өкілдері нақты көмек көрсете алатынына сенімдіміз», – деді Алексей Ли. «AirVision.kz» қоғамдық қорын екі кәсіпкер – Берік Каниев (Lancaster Group директорлар кеңесінің төрағасы) және Алексей Ли (Arbuz.kz онлайн-ритейлер иесі) құрған. Қор биылғы жылы тіркелді. Қор мақсаты: – Алматы қаласы тұрғындарының денсаулығы мен қоршаған ортаға ықпал ете алатын жобаларды экологиялық сараптау қоғамдық институтын енгізу; Экология мәселелері бойынша тұрғындар мен қала билігі арасында диалогтық алаң құру; Ауаны ластау деңгейін азайту жобаларына халықты жұмылдыру, экологиялық тәрбие; ҚР экологиялық заңнамасын жақсарту бойынша жұмыс болып табылады. Қор қызметі меценаттардың қайырымдылық көмегі мен краудфандинг жүйесі есебінен қаржыландырылады.
Нұрлан ҚҰМАР

447 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *