• Өндіріс
  • 20 Ақпан, 2020

ҚПО: Жергілікті мүдде жоғары болады

Әлемдегі ірі мұнай-газ конденсаты кеніштерінің бірінің операторы Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Қазақстан Үкіметі мен халықаралық консорциумда серіктестер қол қойған Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімге сәйкес жұмыс істейді. Өткен жылы кен орнының 40 жылдығын атап өткен компания көптеген бағыттар бойынша айтарлықтай табыстарға қол жеткізді.

ҚПО-ның ірі капиталды қажет ететін жобаларды жүзеге асыруға қабілетті екендігі консорциум серіктестерінің газды кері айдау бойынша төртінші компрессорды орнатуға келісуімен тәжірибеде тағы бір мәрте дәлелденді.

Сондай-ақ бесінші өндірісішілік мұнай құбырының іске қосылуы да Қарашығанақтағы өндірістің жоғары көлемін сақтауға, жобаны іске асыру кезінде жергілікті қамту деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Өткен жылы ҚПО тарихында ең ірі профилактикалық жөндеу жұмыстары ойдағыдай аяқталды. Бұдан бөлек, ҚПО мен серіктес компанияларда өнеркәсіптік қауіпсіздік мәдениетін көтеруге бағытталған бірқатар бастамалар іске асырылды. Жоспарлы профилактикалық жұмысты орындаудың арқасында 2019 жылы әсерлі нәтижелерге қол жетті. Көзделген істің барлығы толық, қауіпсіздік талаптарына түгелдей сәйкес және белгіленген мерзімде аяқталды. Бұған қоса, нысандардың тұтас, зауыт жабдықтарының берік болуына баса мән беріліп келеді. Бүгінгі таңда ҚПО серіктес компаниялары Қарашығанақ кен орнын игеруге 26 миллиардтан астам АҚШ долларын инвестициялады. Жақында 2019 жылдың өндірістік нәтижелерін шығарған Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. мәліметінше, компания 138 миллион баррель мұнай эквивалентінде тұрақтандырылған және тұрақтандырылмаған сұйық көмірсутектер, тазартылмаған және отындық газ өндірді. Бұл ретте резервуардағы қатты қысымды ұстап тұру үшін газды қайта айдау көлемі – 8,7 млрд текше метр, яғни, өндірілген газдың жалпы көлемінің 46,8 пайызына сәйкес шикі газ. 2019 жыл компания үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы игі қадамдармен ерекшеленді. Айналаға кері әсерді азайтатын жоғары өндірістік жағдай қалыптастыруды ҚПО басым міндеттердің бірі ретінде қарастырып отыр. Өткен жылы газ 99,91 пайыз деңгейінде пайдаланылды. Жалпы алауда жағылған газдың бөлінуі өндірілген шикізаттың мың тоннасына 0,68 тоннаны құрады. ҚПО қоршаған ортаны қорғау шараларына 405 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция бағыттады. Сонымен қатар компания республикалық экологиялық рейтингтер мен байқауларға, еліміздің «жасыл экономика» саласындағы халықаралық бастамаларын жүзеге асыруға белсенді атсалысуда. Қазірде компания экологиялық менеджмент жүйесін жаңа заңнама талаптарына бейімдеуге зор мән беріп, биыл парниктік газ шығарындысын азайтуға, сондай-ақ энерготиімділікті арттыруға арналған ұзақмерзімді жоспарды әзірлей бастайды. Өнімді бөлу жөніндегі келісім бекітілген уақыттан бері Қарашығанақ жобасындағы серіктестер жергілікті кадрлар деңгейінің өсуін қамтамасыз етуге міндеттеме алғаны белгілі. Осы ретте ҚПО қазақстандық мамандардың санын көбейтуге арналған төртінші ресми бағдарламаны жүзеге асыруда. Өткен жылдың нәтижелері бойынша жергілікті ҚПО қызметкерлерінің үлесі инженерлік-техникалық жұмыс­керлердің жалпы санының 96%-ын және басқару қызметкерлерінің жалпы санының 79%-ын құрады. Бұдан басқа, тәжірибе алмасу, кәсіби дамуды алға жылжыту, сондай-ақ өзара әрекеттестік пен ынтымақтастықты жолға қоюмен ҚПО қызметкерлерін оқытуға арналған жаңа алаң – әйелдер клубы ашылып, жұмыс істеуде. Сонымен қатар ҚПО тауарлар мен қызметтерді жергілікті жет­кі­зушілердің дамуына белсенді әрекеттестік жасап отыр. Соңғы кез­дері отандық өндірістік қуаттарды құруға бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Өткен жылдың аяғында тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жеткізуге арналған ҚПО келісімшарттарындағы қазақ­стандық қамтудың үлесі 57 пайызды немесе ақшалай түрде 684 миллион АҚШ долларын құрады. Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. Өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға ҚПО 400 миллион АҚШ доллары көлемінде қаражат салды. 2019 жылдың нәтижелерін қорытындылаған ҚПО бас директоры Эдвин Бломның атап өтуінше, бірлескен жұмыс, кәсіби қызмет, жаңа биіктерге ұмтылыс ҚПО-ның жасампаздық әлеуетін арттыра түседі. Биылға арналған басымдықтардың бірі – өндірісте, өнеркәсіптік қауіпсіздік бағытында ең жоғары көрсеткіштерді игеру. «Біз Батыс Қазақстан облысының тұрғындары мен жалпы Қазақстан Республикасының мүдделері үшін жоғары құндылықты қалыптастыруға және тұрақты даму мақсатына жетуге деген ортақ тілекпен осы елдің уәкілетті органдарымен қалыптасқан қатынастар мен ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыра береміз», – деді компания басшысы.

Ботагөз Әбдірейқызы

454 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы