• Өндіріс
  • 20 Ақпан, 2020

ERG: Компания жұмысшысын ұмытпауы керек

Соңғы кездері Торғай боксит кен басқармасында боксит пен саз өндіру көлемі едәуір төмендеді. Арқалықтың жалпы өндіріс көлеміндегі 52 пайыздық үлесіне қарамастан, бұл үдеріс қала қазынасына салық түсімдерін азайтуда. Осының аясында ең қиын мәселе – кәсіпорын жұмыскерлерінің ертеңгі күнкөріс қамы болатыны белгілі. 

Қостанай өңірінде 1956 жылы құрылған Торғай бок­­сит кен басқармасы өткен ғасырдың 70-90-жылдары Кеңес одағындағы бокситті кеннің 20%-ын өндірген. Қазірде қордың түгесілуіне, сәйкесінше, өндіріс қуатының төмендеуіне байланысты Торғай боксит кен басқармасы алдағы жылы жұмысын тоқтататыны айтылуда. Осымен, бүгінде Еуразиялық топ құрамына кіретін «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалы биыл – 114 мың тонна, ал келесі жылы – бар-жоғы 23 мың тонна кен өндіретін болды. Сонымен бірге кәсіпорын мамандары кезең-кезеңмен жұмыстан босатылады. Өндіріс аясының тарылуы – қала құраушы кәсіпорынның жанды жері. Осыған бай­ланысты, кәсіпорынның 600-ден астам маманын Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігіне жұ­мысқа орналастыру және ірі инвестициялық жобаларға тарту жоспарлануда. Бұл тарапта Еуразиялық топ ТБКБ-ның босаған маманд­арын еңбекпен қамту бо­йынша стратегия әзірледі. Соның ішінде ERG жұмыссыз қалғандардың басым бөлігін – 448 адамды Қостанай бокситті кен басқармасына жұмысқа орналастыруды міндетіне алды.

Еуразиялық топ жұмыстан бо­сатылған қызметкерлерді ең­бек­пен қамту үшін жергілікті өкілетті органдармен бірлесіп Арқа­лықтағы бос жұмыс орындарына орна­ластыру, ERG компаниясының қар­жылық қолдауымен «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойын­ша қызметкерлерді қайта даяр­лау, жұмыстан босатылған жұмыс­керлердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдау бағытындағы іс-шараларды қарастыруда. Қазір жұмыскерлердің жос­парлары мен тілектерін анықтау мақсатында әлеуметтік зерттеулер жүргізілген. ERG және «Атамекен» палатасының қолдауымен жеке бизнес ашу бағдарламасын жүзеге асыру аясында 29 адам өз кәсібін ашады, тағы 107 адам әкімдікпен қаланың басқа ұйымдарында жұмысқа орналасады. Бұл ретте TБКБ одан әрі жұмысқа орналасу үшін басқа мамандыққа оқытуға дайын. Жуырда белгілі болғандай, «Қазақстан алюминийі» АҚ Торғай боксит кен басқармасында 20-дан астам қызметкер жаңа жөндеу орнында жұмыс істей бастады. «Арқалықремсервис» ЖШС жөндеу кәсіпорны – «Қазақстан алюминийі» АҚ Торғай боксит кен басқармасының жұмыстан босатылған персоналын жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру аясында ERG қолдауымен әзірленген алғашқы бизнес-жоба. ТБКБ директоры Манарбек Нұрмағанның айтуынша, компаниядағы алғашқы пилоттық жобаның салықтық, заңдық қызметтеріне талдау жасалды. Тәуекелдерді бағалау жүргізілгеннен кейін нысанды кейіннен сатып алу құқығымен жалға берудің ең оңтайлы нұсқасы жүзеге асырылды. Үш жыл бойы бұл нысан жалға беріледі, содан кейін ғана кәсіпорын толық бақылау мүмкіндігіне ие болады. Механикалық жабдықтарды жөн­деу учаскесін бұрын кәсіпорынның сатып алу жөніндегі менеджері қызметін атқарған Виктор Суворцев басқарады. Ол «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Онымен бірге ТБКБ-ның тағы 17 қызметкері біліктілігін шыңдап, бесеуі өз бизнес-жоспарларын дайындады. Екі айлық оқудан кейін өз әріптестерін жұмыспен қамтуды көздеген азамат механикалық жаб­дық­тарды жөндеу учаскесі негі­зінде жөндеу кәсіпорнын құру жобасын қолға алды. «Біздің аймақта көптеген шаруа қожалықтары жұмыс істесе, олардың әрқайсысында арнайы техника бар. Ал қажетті қосалқы бөлшектер облыс орталығында дайындалады немесе ресейлік Челябинск қаласынан әкелінеді. Бұл аграрлық қызметкерлерге қосымша шығындар тудырады. Сондықтан ірі техниканың тораптарын жөндеу және жасау қызметтеріне сұраныс жоғары екенін ескере отырып, мен өз идеямды толыққанды жобаға айналдырдым. ERG-ден үлкен қолдау тауып, бүгінгі күні 22 штаттық қызметкері бар «Арқалықремсервис» ЖШС өз қызметін бастап отыр. Адамдар үйрен­­шікті жұмыс жағдайларын өз­герт­­пестен жұмыс істейді», – дейді маман. Токарьлар, слесарьлар, ұсталар, электриктер, учаске шеберлері – ТБКБ механикалық жабдықтарды жөндеу учаскесінің жоғары білікті мамандары әріптесінің бастамасын қолдап, соңынан ерді. Енді «Қазақстан алюминийі» АҚ, «ОГМПС Казпрофметалл» ҚБ және «Арқа­лықремсервис» ЖШС арасында қол қойылған үшжақты меморандум аясында жұмыс ауыстырған қызметкерлерге сыйақысы бар еңбек төлемінің жағдайлары, зиянды жұмыс жағдайларында істеген жұмысы үшін үстемеақылар және 24 ай бойы бұрынғы дәрежедегі әлеуметтік кепіл­діктер сақталады. Сонымен қатар «Қазақстан алюминийі» АҚ кор­по­ративтік стандарттарына сәйкес өндірістегі еңбек жағдайларының барлық қауіпсіздіктері сақталды. ТБКБ-ның жұмыстан босатылған персоналын жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру аясында алғашқы жобаны іске қосу – бұл жаңа жұмыс орындарын құру ғана емес, сонымен қатар ERG кәсіпорындары бар аймақта шағын және орта бизнесті қолдау және дамыту. Топ корпоративтік құндылықтарды сақтай отырып, өзінің әлеуметтік жауапкершілігі шегінде осы бағытты әрі қарай дамытуды көздейтінін білдіруде.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

447 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы