• Өндіріс
  • 27 Ақпан, 2020

ҚазМұнайГаз: Өндіріс деңгейі тұрақты

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 2019 жылдың өндірістік нәтижелерін жариялады. Көмірсутектерді барлау, өңдеу, тасымалдау және мамандандырылған қызмет көрсетуге дейінгі барлық өндірістік цикл бойынша активтерді басқаратын жетекші компанияның миссиясы – еліміздің мұнай-газ саласындағы мемлекеттік мүддесін қорғау.

Өткен жылы мұнай мен конденсат өндірісі орнықты қалпын сақтап, 23 618 мың тоннаны немесе Қазақстан бойынша барлық өндіру көлемінің 26 пайызын құрады. Компания алғаш рет PRMS халықаралық стандарттарына сәйкес әзірленген қор нәтижелерін жариялап отыр.

Жыл соңында «ҚазМұнайГаз­дың» дәлелденген және ықтимал көмір­су­тек қоры мұнай эквивалентінде 676 млн тоннаны (5 220 млн мэб) құ­рады. Мұнай мен газ тасымалдау сегментінде де тұрақтылық байқалып, құбыр желілері арқылы 78 066 мың тонна мұнай және 103 494 млрд текше метр газ тасымалданды. Осымен, ҚМГ еліміздің ішкі нарығының ашық түсті мұнай өнімдеріне сұранысын толық өтеді. Ал артылған көлемі Еуропа мен Орталық Азия нарықтарына экспортқа шығарылды. Былтырғы жылдың өндірістік нәтижелеріне толығырақ тоқталсақ, көмірсутек шикізатын өндіру бойынша ҚМГ-ның мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі тәулігіне 485 мың баррельді құрады, яғни, алдың­ғы қарқын өзгеріссіз қалды. Ілеспе және табиғи газды өндіру көлемі 3,9 пайызға өсіп, 8 455 млн текше метрге жетті. Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ секілді ірі жобалардың мұнай және ілеспе табиғи газды өндіру көлеміндегі ҚМГ үлесі тиісінше 8 142 мың тонна (тәулігіне 178 мың баррель) және 5 819 млн текше метр болды. Теңіз мұнай өндіру көлеміндегі ҚМГ үлесі 4,1 пайызға – 5 958 мың тоннаға дейін (тәулігіне 130 мың баррель) ұлғайды, ал газ өндіру 4,2 пайызға 3 258 млн текше метрге дейін өсті. Күрделі жөндеу жүргізу үшін өндіру процесінің тоқтатылғанына қарамастан, көлемнің ұлғаюы жұ­мыстың тұрақтылығына және ке­шенді-технологиялық желі – шикі газды айдау – екінші буын зауыты беріктігінің артуына байланысты болды. Өткен жылғы қыркүйекте Теңізде КТЖ1 зауытында 40 күнге созылған жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Қашаған кен орнында мұнай өндіру көлеміндегі ҚМГ үлесі 6,9 пайызға 1 169 мың тоннаға дейін (тәулігіне 25 мың баррель) артты. Табиғи және ілеспе газды өндіру көлемі 10,4 пайызға өсіп, 700 млн текше метрді құрады. Мұнай және газ өндіру көлемі 2019 жылдың көктемінде жерүсті және теңіз кешендерінде күрделі жөндеу жүргізу мен пайдалану коэффициентін 98,4 пайызға дейін арттыру бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесінде өскен. Сондай-ақ өткен жылы Қашағанда ең жоғары өндірістік көрсеткішке қол жетіп, тәулігіне 400 мыңға жуық баррель мұнай өндірілді. Ал 2019 жылдың IV тоқсанында орташа тәуліктік өндіру деңгейі тәулігіне 344 мың баррель болды. Қашаған кен орнында алғаш рет барлық өндірістік нысандар толық тоқтатылып, күрделі жөндеу жұмыстары сәтті аяқталды.

Қарашығанақ кен орнында сұйық көмірсутекті өндіру көлемі 7,3 пайызға төмендеп, ҚМГ үлесіне 1 015 мың тоннаны (тәулігіне 22 мың баррель) құрады. Газ өндіру 1 861 млн текше метр, яғни, 2018 жылғы деңгейден 1,6 пайызға төмен болды. Мұнай мен газ өндірудің төмендеуі барлық өндірістік нысандардың былтыр қазанда жоспарлы сақтандыру-жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Қарашығанақ өңдеу кешені және газды кешенді дайындаудың екі қондырғысының тоқтатылуына байланысты болды. Операциялық активтердің мұнай мен газ өндіру көлеміндегі ҚМГ үлесі шамалы азайып, тиісінше, 15 476 мың тонна (тәулігіне 307 мың баррель) және 2 636 млн текше метрге дейін төмендеді. Операциялық активтердегі өндіру көлемінің төмендеуі негізінен Қазгермұнай және ПетроҚазақстан кен орындарында өндірістік жоспарға сай өндіру деңгейінің сәйкесінше 17,7 пайызға және 15,5 пайызға табиғи жолмен төмендеуіне байланысты болды. 2019 жылы ҚМГ жеке өзі өндірген мұнай мен газ конденсатын сату көлемі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда өзгерген жоқ және 23 509 мың тоннаны құрады. Ал оның 70 пайызы экспортқа шығарылды. Ал ішкі нарыққа өзі өндірген мұнайды жеткізу көлемі 7 130 мың тоннаны (кейіннен мұнай өнімдерін өткізу үшін 6 672 мың тонна көлемінде шикі мұнай жеткізуді қоса алғанда) құрады. Экологиялық жауапкершілікке және еңбек қауіпсіздігіне зор мән беретін компания өз қыз­ме­тінің қоршаған ортаға және қыз­­­меткерлерінің денсаулығына жа­ғымсыз әсерін болдырмау жөнін­дегі шараларға әрдайым жіті назар аударуда. Қазіргі таңда ҚМГ өзінің 100 пайыз еншілес ұйымы «Ембімұнайгаз» АҚ-қа қарасты Прорва кен орындары тобында газды кешенді өңдеу қондырғысын және ҚМГ-ға 50 пайызы тиесілі еншілес ұйымы «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-нің Қожасай кен орнында газды кешенді өңдеу қондырғысын салу мен пайдалануға беру есебінен 2019 жылы өндірілген көмірсутек шикізатының 1 000 тоннасына ілеспе мұнай газын жағу деңгейін 6,0 тоннадан 2,95 тоннаға дейін қысқарту бойынша едәуір жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Компания ашықтықты қолдайтынын растай отырып, алғаш рет климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі жетістіктері мен жоспарларын ашып көрсететін парниктік газдардың шығарындылары туралы есебін жариялады. Carbon Disclosure Project климаттық бағдарламасы шең­берінде верификацияланған есеп Румыния мен Грузиядағы еншілес ұйымдарды қоса алғанда, ҚМГ-ның барлық активтері бойынша парниктік газдардың тікелей және жанама шыға­рындыларын қамтиды. Айналаға әсерді азайтуға арналған тиімді шаралармен қатар ҚазМұнайГаз әлеуметтік жауапкершілік аясындағы міндеттемелерін де ұқыпты орындауда. Мысалы, өткен жылы компания Түркістан қаласында жалпы сомасы 21 млрд теңге болатын әлеуметтік нысандарды салу жөніндегі міндетін толық өтеді. Сонымен қатар былтыр тамыз айында ҚМГ Түркістан қаласында қолға алынған 1,8 млрд теңге сомасына 1000 орындық амфитеатрдың құрылысын қаржыландырды. Компания бұқаралық мәдениетті қолдау мақсатындағы игі іс-шараларды жалғастыруда. Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев 2019 жылдың табыс­ты болғанын хабарлап, өндіріс қауіпсіздігі мәселесі басты назарда ұсталғанын, қызмет негізгі бағыттарда жалғасып, компания кезекті рет көшбасшылық по­зи­циядан көрінгенін атап өтті. Сонымен қатар басқарма төрағасы негізгі мүдделі тараптардың сенімі компания мәртебесін сақтап тұруда маңызды екенін айрықша айтты. Бұл ретте мүдделі тараптар үшін кірісті барынша арттыру стратегиясын жүзеге асыруда жоғары нәтижеге қол жеткізілген. Сонымен бірге ол компания үшін бизнесті жауапкершілікпен жүргізу және адамдар мен қоршаған ортаға қамқорлық таныту әрдайым басымдыққа ие екенін мәлімдеді.

Ботагөз Әбдірейқызы

729 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы