• Өндіріс
  • 27 Ақпан, 2020

ЕТ НЕГЕ ҚЫМБАТТАП КЕТТІ?

Халқымыздың дастарханындағы басты тағам – еттің қымбаттап кеткені жайында газетімізде бұдан бұрын да жазған болатынбыз. Мұны таяуда Dalanews.kz сайты да Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті жариялаған мәліметтер дерегіне сүйене отырып тілге тиек етіпті. «Елімізге шетелден импортталатын ет өнімінің көлемі экспортқа қарағанда 10 есе көп. Оның ішінде сиыр етінің импорты экспорттан 5 есе асып түскен», деп жазады сайт хабарламасында.

Атап айтқанда, Статистика коми­тетінің мәліметінше, 2019 жылы Қазақстан шетелге 22,6 мың тонна түрлі ет өнімдерін тасымалдаған. Алайда дәл осы аралықта 203 мың тонна етті сырттан сатып алыппыз, деп қайран қалады ақпарат агенттігі. Әдетте статистикалық мәлі­мет­тер бұлтартпас фактілерге негіз­деледі (қаншалықты рас­тығын комитеттің өз құзырына қалдырсақ, әрине). Сиыр етінің экспорты небәрі 5 мың 571 тоннаны (оның ішінде 1608,6 тоннасы – балғын және салқындатылған ет, 3962,4 тоннасы – мұздатылған ет) құраған. Бұл жерде, әрине, негізінен барша көпшіліктің дастарханынан орын алатын сиыр етінің (мүйізді ірі қара малы – МІМ) импорты қандай күйде екен, оның сыртқа шығарылатын көлемі қанша деген сауалдарға жауап іздеп көрелік. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2019 жылы Қазақстан 25 мың 823 тонна сиыр етін (оның ішінде 9900,6 тонна балғын және салқындатылған ет, 15922,4 тонна мұздатылған ет) импортқа шығарған. Айта кету керек, сиыр етінің импорты экспорттан 5 есе асып түсіпті. Мына бір мәселені де айналып өте алмаймыз, ол – ет экспортына тыйым салу кәдуілгідей талас туындатқаны. Мәселен, экс-ауыл шаруашылығы министрі, қазіргі уақытта еліміздің Ет ода­ғын басқарып отырған Асылжан Мамытбеков: «Қазақстан ет одағы елімізден тірі малды шығарып әкетуге тыйым енгізілгеннен кейін ет пен ет өнімдері экспортының көлемі төмендеуінен қауіптенеді. Тірілей мал экспортына тыйым салуға шешім қабылдау, менің ойымша, нарықтық амал емес, мұны тіпті – кертартпа тәсіл деп айтса да болады. Мұның қате екеніне бәрінің де көзі жетеді деп ойлаймын, бірақ оны дәлелдеуге уақыт қажет. Өкінішке орай, қазір байқалып отырған экспорт серпініне айтарлықтай зиян келеді», – деген еді қаңтардағы журналистерге берген бір сұхбатында. «Иә, қазақстандық ет экс­порты­ның көлемін артты­руға қатысты міндетті асыра орындадық. 2019 жылдың қорытындысы бойынша ет экспорты 63 мың тоннадан асып жығылды», – деп қорытты Ет одағының төрағасы сол сұх­батында. Даланьюс.кз тілшісі «Мамытбеков бұл мәліметті қайдан алды екен, сол қызық?..» деп қайран қалады. Бұған «Курсив» газетінде сол кезде жарияланған мақалада былай деп жауап берілген: «Біздің газет тілшісіне ет одағындағылар аталған көрсеткіштің жартысын тірілей салмақтағы мал экспорты құрайды, деп хабарлады. Бұл ретте, салалық одақ басшысының пікірінше, Қазақстан қазіргіден 10 есе көбірек экспорттай алады». Мамытбеков таяу жылдарда ғана, атап айтқанда 2011 жыл шамасында, Қазақстанның етті экспорттамағанын ескерткен болатын, өйткені бұл сала, ет сүтке жанама өнім саналған, ескі кеңестік сипатта дамып келген. Сосын, тәсілді өзгертіп, фермерлер малдың арнайы етті тұқымдарын сатып ала бастағаннан кейін, жағдай жақсара түсті.

Одақ басшысы халықаралық тәжірибеде малды тірілей сатудың мал шаруашылығы саласында үлкен жетістік болып саналатынын атап көрсетіп, Таяу Шығыс пен Азияға жыл сайын 1 миллион басқа дейін тірілей мүйізді ірі қара, сондай-ақ 2 миллион бастан астам қой-ешкі экспорттап отырған Австралияны мысалға келтіреді. Оның айтуынша, экспорт елдің өз ішіндегі бағаларға кері әсерін тигізуде деген көзқарас жаңсақ, экспортқа тыйым салуды енгізудің себебі – ішкі нарықтағы бағаларды төмендетуге ұмтылыс. Алайда, А.Мамытбеков пікірінше, тыйым салу етке ішкі бағаларды төмендетуге әкелмейді, өйткені бағаларды ішкі нарық (оның мәлімдеуінше, ішкі нарықтың етпен қамтамасыз етілуі 102 пайызды құрайды екен) дефициті құрамайды, бәрі де қайта сатып алушылар тізбегі мен саладағы салық салу жүйесінің нашарлығы салдарынан, соның кесірінен бұл «көлеңкеге ұмтылуға ынталандыруда». «Міне, тыйым салудың орнына, неге көңіл аудару керек», – деп түйіндейді сарапшы. Қалай десек те, еліміздегі ет бағасы жаңа жылдың алдындағы айларда қалай қымбаттады, сол күйінен әлі еш төмендемей қойды. Атап айтқанда, қаңтар айының өзінде сиыр және қой етінің келісі 16-17 пайызға қымбаттаған. Жылқы және тауық етінің бағасы 14,5 пайызға өскен. Бұл туралы түрлі салаларда өз рейтингін жариялап жүрген Energyprom.kz мониторингтік агенттігі хабарлайды. Айта кету керек, агроөнеркәсіп кешені – үкімет басым көңіл бөлетін саланың бірі. Осы мақсатта Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту­дың 2017-2021 жылдарға арналған мемле­кеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаның мақсаты – нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті ауыл шар­уашылығы өнімдерін өндіруді қамтамасыз ету. Осыған орай, оның негізгі басымдықтары – ішкі нарықты толықтыру және отандық өнімнің экспорттық әлеуетін дамыту. Жалпы алғанда, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға жыл сайын шамамен 116 млрд теңге бөлінеді екен, оның ішінде 60 млрд теңге асыл тұқымды мал шаруашылығына, 56 млрд теңге мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге бағытталады. Ауыл шаруашылығының, оның ішінде ата кәсібіміз – мыңғырған мал өсіріп, оның өнімін күнделікті тұтынатын, ішіп-жейтін өніміміз санайтын халқымыз үшін еттің орны ерекше. Сондықтан да мал шаруашылығы саласын оңды жолға қоймай, экономика­ның басқа жүйелерін байыпты ілгерілетуді көзге елестетудің өзі қиын. Тамақтың төресі саналатын ет асып, өз қазанын толтыруды ғана емес, бірінші кезекте нақ осы дәмді асымен қонағының көңілінен шығуды ойлайтын қазақ үшін бұл саланың дамуы – көкейкесті мәселе. Сол себепті ет импортының экспорттан асып түсуін болдырмауды назарда ұстау маңызды міндет болса керек. Тиісті ведомство ғана емес, осы салаға қатысы бар құрылымдардың барлығы да жұмыла кірісіп, жауап­кершілікті бірлесіп атқар­ғанда ғана қымбатшылыққа жол берілмесі анық.

Исатай Қамбаров

586 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы