• Өндіріс
  • 05 Наурыз, 2020

Қауіпсіз өндіріс құру жолында

Табиғи уран өндіру бойынша әлемде көшбасшы орынды иеленіп отырған «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы алып нарыққа ядролық отын жеткізуде де жетекші деңгейде болуға талпынады. Ендеше мұндай үлкен жауапкершілік алдымен өндірістегі қауіпсіздікке, қоршаған ортаны қорғауға айрықша мән беруге негізделуі керек. Компания атом энергиясын пайдалану саласындағы халықаралық тәжірибеде танылған заманауи әдістер мен технологияларды қолдануға бағытталған өндірістік қызметтің экологиялық және адамдардың денсаулығына қауіпсіздігіне басымдық беруде. Компания активтері геологиялық барлау, уран өндіру, ядролық отын циклының өнімдерін өндіруден бастап, ғылым, әлеуметтік қамтамасыз ету және маман даярлауға дейінгі түпкі өнім өндіру тізбегіне қатысатын кәсіпорындар кешенін қамтиды.

Қазатомөнеркәсіп қоршаған ортаны қорғау саласындағы бірқатар негізгі тиімділік көрсеткіштерін әзірлеп, осы межелерге жетуге тырысуда. Соның ішінде көрсеткіштер өнеркәсіптік қалдықтардың түзілу көлеміне, шығарындылардың көмілуіне қатысты белгіленген. Осы тұрғыда Қазатомөнеркәсіп Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен қоршаған ортаны қорғау саласында ынтымақтастық орнату жөнінде келісім жасады. Меморандум мақсаты – өнеркәсіп жұмыс істеп жатқан аумақтарда қоршаған ортаның жағдайын жақсарту және Қазатомөнеркәсіпке тиесілі еншілес әрі тәуелді ұйымдардың өндірістік қызметінің қоршаған ортаға, тұрғындарға әсерін барынша азайту. Өндірістік қауіпсіздік мәселелері жөніндегі корпоративтік мәжіліске Қазатомөнеркәсіп пен мемлекеттік орган басшылары, «Самұрық-Қазына» қоры мен оның қоржынындағы компания­лардың өкілдері, атомдық холдингтің еншілес және оған тәуелді ұйым­дардың, серіктес-компания­лардың өкілдері қатысты. Келісімдер аясында ұлттық компания кәсіпорындарында ең озық қолжетімді технологияларды енгізу үшін техникалық аудит жүргізілетін болады. Жалпы, Экологиялық кодекс қабылданғаннан кейін елімізде 2,2 мыңнан астам кәсіпорын техникалық тексеруден өтіп, ең озық қолжетімді технологияларды енгізуі керек. – Компанияның қоршаған ортаға тиетін залалды барынша азайтуға көмектесетін заманауи технологияларға ден қойып отырғаны қуантады. Сонымен бірге осы меморандум аясында Үлбі металлургия зауытының қатты радиобелсенді қалдықтарын бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонында көму жөніндегі жобаны жүзеге асыру жоспарланған, – деп атап өтті экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев. Жоба іске қосылған соң Үлбі металлургия зауытының қалдық қойма теліміндегі арнайы құрылыстарда қатты радиобелсенді қалдықтардың сақталуы тоқтатылады, сәйкесінше, бұл шығарындылардың қоршаған орта мен аймақ тұрғындарына теріс әсерін барынша азайтуға жағдай туғызады. – Өндірістік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау мәселесі –Қазатомөнеркәсіп үшін бірінші басымдық болып табылады. Компания өндірістік қауіпсіздік мәдениетін жетілдіруге бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруды, мүдделі тараптардың барлығымен ашық та әділ диалогты жүргізуді жалғастыра бермек. 2019 жылы Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарында өнеркәсіптік апаттарға жол берілген жоқ, – деп атап өтті «Қазатомөнеркәсіп» ұллтық компаниясының басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов. Қазірде «ҮМЗ» АҚ қатты радио­активті қалдықтарды бұрынғы Семей ядролық сынақ поли­гоны аумағында көму бойынша жобаны әзірлеуге кірісті. Қоршаған ортаны қорғау бойынша ынтымақтастық меморандумы аясындағы жобаның мақсаты – қоршаған ортаға техногенді әсерді азайту. 75 жыл пайдалану үшін есептелген жоба құрылысын 2028 жылы аяқтау жоспарланған. Содан кейін ҮМЗ қолданыстағы қалдық шаруашылығы телімінде қатты радоибелсенді қалдықтарды орналастыруды тоқтатады. Жоба барлық заң нормаларын сақтаумен жүзеге асырылып, аумақтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Радиоактивті қалдықтарды орналастыру үшін Семей ядролық сынақ полигонында үймереттер кешені құрылады. Олардың әрқайсысы жер астында орналастырылған монолитті темірбетонды бункерлер түрінде, жер бетінен 10 метр тереңдікте орналасады. Бункерлердің ішкі көлемі герметикалық қабырғалар арқылы ұяшықтарға бөлінген. Ылғалдың түсуін болдырмау үшін бункердің әр ұяшығында герметикалық темірбетонды қақпағы бар есік бекіту көзделген. Бункерлердің айналасындағы жоғарғы қабатқа асфальтбетонды жабын төселеді. Үймереттерге жерасты және жер бетіндегі сулардан қорғау үшін гидрооқшаулағыш қондыру қарастырылған. Бункердің ұяшықтарына радиоактивті қалдықтар енгізу кезінде барлық процесс бойы дозиметриялық бақылау жасау көзделген. Толты­рылғаннан кейін үймерет бітеліп, бетіне қалыңдығы 0,6 метрден кем емес топырақ себіледі және асфальтбетонды жабын төселеді. Сонымен қатар көмуге арналған жиналған партияларды жеткізу герметикалық контейнерлерде арнайы автокөліпен жүзеге асырылады. ҚРҚ шығару операциясы барысында бастапқы қаптаманың болуы ластаушы заттардың контейнерлерден атмосфера мен айналаға түсуіне жол бермейді.

Ботагөз Әбдірейқызы

496 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы