• Өндіріс
  • 05 Наурыз, 2020

СЫРТҚЫ САУДАДАҒЫ МҰНАЙ ҮЛЕСІ ҚАНДАЙ?

Бюджет табысының басты көзі саналатын саланың тұрақты дамуы – жалпы экономика ілгерілеуінің маңызды көрсеткіші

«Мұнайдың бір барреліне бағасы 30 АҚШ долларына дейін төмендеуі мүмкін. Шындығында, бұл қысқа мерзімді кезеңге созылады», деп болжайды Standard Chartered британдық корпорациясының талдаушылары.

Дегенмен де, мұнай нарығы баға құлдырауының белгілерін қазірдің өзінде аңғарта баст­ағандай. Өткен аптаның аяғында Brent маркалы мұнай бағасы тіпті 50 доллардан төмен түсіп кеткен болатын. Бұл – соңғы екі жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Осындай жағдайда өз еліміздегі өнеркәсібіміздің негізгі саласы – мұнай өндірудегі, оның ішінде «қара алтынды» сыртқы елдерге сатудағы, яғни экспортқа шығарудағы жай-күйімізді біле отырғанымыз артық болмас. Енді соған зер салып көрейік. Атап айтар болсақ, «2019 жылдың қорытындысы бойынша елдің сыртқы сауда айналымы 96,1 млрд АҚШ доллары, бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 1,4% жоғары (94,8 млрд). Сонымен қатар, тауар экспортынан түсетін кірістердің – 57,7 млрд долларға (-3,4 млрд) дейін төмендеуі, сонымен қатар импорттық шығындардың 38,4 млрд долларға (+4,7 млрд) дейін өсуі байқалған. Бұл көрсеткіш сау­да теңгерімінің профициті 2018 жылдың қорытындысы бойынша 27,5 млрд (-8,1 млрд) көрсеткішке қарсы 19,4 млрд долларға дейін төмендеді. Айта кетейік, 2019 жылы сауда теңгерімі профицитінің орташа айлық көрсеткіші 1,3 млрд долларды құрады», деп жариялады Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы өзінің сайтында (www.afk.kz) (Диаграмма).

Айта кету керек, сарапшылар мұнай сатудан түскен өзгерістер тауарлар экспортының жалпы серпініне әсер етудің негізгі факторы болып отыр дейді. Соның айғағындай, жыл қорытындысы бойынша кірістер 37,8-ден 33,6 млрд долларға (-4,2 млрд) төмендеген. Мына мәселеге де назар аударған абзал. Мәселен, 2019 жылы мұнай экспортының физикалық көлемі 2018 жылдан бастап іс жүзінде бір деңгейде (70,0 млн тонна) болғандықтан, аталған төмендеу баға конъюнктурасына байланысты өрбіген. Brent мұнайының орташа бағасы 2018 жылы 71,69 (-10,6%) көрсеткішіне қарағанда, 2019 жылы барреліне 64,12 долларды құрапты. Демек, орташа баға алдындағы жылғыдан әжептәуір төмендегенін көреміз. Соңғы жылдарда қалыптас­қан жағдайға сәйкес, Қазақстан мұ­найының негізгі сатып алушы­сы Италия болып отыр. Бұл елге 11,5 жыл бойындағы көрсеткішке қарағанда 8,2 млрд доллар сомаға мұнай экспортталыпты. Бұл ретте оның аталған тауар экспортының жалпы көлеміндегі үлесі 30,3 пайыздан 24,4 пайызға дейін күрт төмендеп кеткен. Одан әрі, тиісінше 3,6 және 3,4 млрд доллар сомасына (тиісінше, 10,7% және 10,2% үлесі) мұнай экспортталған Нидерланды мен Франция келесі орындарға жайғасқан (1-кесте).

Өз кезегінде елге импорттық жеткізілімдердің өсуі негізгі мұнай кен орындарында ірі жөндеу жұ­­мыстарын іске асыру, «Сары­арқа» құбырын салу аясында болды. Ал, мұның бәрі импортталатын инвестиция тауарларына сұранысты қолдап отырғаны дау­сыз.

Қазақстан қаржыгерлер қауым­дастығы талдаушыларының айтуынша, импорт құрылымында негізгі өсім материалдарды өңдеуге арналған өнеркәсіптік салмақ жабдықтары (+539,4 млн доллар), сұйық сорғылар (+464,7 млн доллар), ауа және вакуумдық сорғылар (+439,7 млн доллар) сияқты тауарларға тиесілі. Сондай-ақ жыл қорытындысы бойынша импорттың басым бөлігін ірі қара металдардан жасалған құбырлар құраса (1,1 млрд доллар), ал 2018 жылы – табиғи газ (1,0 млрд доллар) құрапты. Сонымен қатар Қазақстан үшін ең ірі импорттаушы Ресей болып табылады. Жыл қорытындысы бойынша Қазақстанға Ресей импортының көлемі 14,1 млрд долларды немесе сырттан әкелінген барлық өнімдердің 36,7 пайызын (-2,6%) құрады, одан әрі Қытай – 6,6 млрд долларды немесе 17,1 пайызын (+1,1%) және Оңтүстік Корея – 3,4 млрд долларды немесе 8,9 пайызын (+6,2%) құрайды деп жазады қаржыгерлер қауымдастығы өз сайтында (2-кесте).

Осылайша, мұнай сатудан түсетін түсімдердің азаюына байланысты елдің экспорт құрылымындағы «қара» алтынның үлесі 2019 жылы бұрынғы 61,9 пайыздан 58,1 пайызға дейін төмен­деген. Сонымен қатар, импорт ұлғайған кезде Қазақстан сауда теңгерімінің профициті 29,4 пайызға, 19,4 млрд долларға дейін төмендеді, бұл ағымдағы шоттың нашарлауының негізгі факторы болды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ұлттық банк тұрақты теңгерімнің алдын ала нәтижесін жариялады: 2019 жылы төлем теңгерімінің ағымдағы шоты 2018 жылдың қорытындысындағы 288,9 млн доллар тапшылығымен салыстырғанда 5,5 млрд доллар тапшылығымен қалыптасты, деп қорытады Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы талдаушылары. Әрине, «жылдың басталғаны енді ғана, өткен екі ай аралығында айтарлықтай өзгеріс бола қойған жоқ» деп, арқаны кеңге салса да болар. Дегенмен, бюджетті толықтырудағы басты қаржы көзі саналатын саланың тұрақты дамуы – жалпы экономикамыз ілгерілеуінің көрсеткіші екенін жадымыздан шығара алмасымыз хақ. Сондықтан мұнай экспорты қашанда назарда болады және сол арқылы алдағы уақытта өзге де салаларды одан әрі ілгерілетуде одан түсер пайда молаюының маңыздылығы мәнін жоғалтпақ емес.

Исатай Қамбаров

658 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы