• Өндіріс
  • 12 Наурыз, 2020

Темір жол тасымалы және демонополизация

Еліміздегі өнеркәсіп саласының бірі де бірегейі – темір жолмен жүк тасымалдау және жолаушылар тасымалы. Кешегі Кеңестер Одағы дәуірінде дүрілдеп тұрған сала, Тәуелсіздік жылдарында бір оңалмай-ақ қойды. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына («ҚТЖ ҰК» АҚ) сан мәрте сын айтылса да, өзгеріс шамалы. Бұл ретте рэнкинг форматында еліміз экономикасына мониторинг бойынша жобаларды жүзеге асыратын www.ranking.kz сайтының кезекті бір шолуы нақ осы мәселені тілге тиек еткен екен. Енді соған зер салсақ.

Осы жылдың алғашқы айы – қаңтарда темір жолмен 31,7 млн тонна салмақты заттар мен жүктер тасымалданған, ал бұл бұдан бір жыл бұрынғыдан – 3,8%-ға аз деген сөз. Теміржол көлігінің жүк айналымы есепті жылда 4,2%-ға, 22,6 млрд тонна/шақырымға (ткм) қысқарған. Дегенмен, жалпы алғанда, өткен жылы сектордағы жүк тасымалдау 408 млн тоннаны, 2018 жылдың осындай кезеңіне қарағанда, 2,5%-ға артық ауқымды құраған. Тасымалданған салмақты заттардың жалпы көлемінде теміржол көлігі тұрақты түрде 9-10%-ды құрайды. Темір жолдармен жүк айналымы, өз кезегінде, 2019 жылы көліктің барлық түрлері бойынша 47,5% жүк айналымына жеткен (289,2 млрд ткм). Жоғарыда атап өткеніміздей, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы – еліміздегі басты теміржол тасымалдаушысы. Әйтсе де, жағдай жуырда өзгеретін сияқты: елімізде ұлттық компанияға бәсекелестік құру жоспарланған және де жеке көлік компанияларын қолдауға бағытталған заң жобасы жасалу үстінде, деп хабарлайды Atameken Business сайты.

Индустрия және инфрақұры-лымдық даму министрлігі көлік комитетінің төрағасы Самат Гилимов кәсіпкерлер келесі жылы-ақ мемлекеттен қолдау табатынын түсіндіріп берді. Гилимов Қазақстанның мың жолында жоспарланып отырған автоматтандырылған жүйелерді енгізу туралы жариялады. Олардың әрқайсысы кемінде 25 миллион теңге бюджет қаражатын құрайды. «Біз келесі жылдың өзінде магистралді желілер жұмыс жасап, ҚТЖ монополист болмауын, басқа компаниялар араласуын қалап отырмыз», – деді ол. Кәсіпкерлікке тоқтала келе, елімізде және әлем бойынша да, контейнерлік тасымалдаулардың өсуі айқын аңғарылады деп атап көрсетті. 10 жылдан соң оларды пайдалану көрсеткіштері 90%-ға жетеді, сондықтан да маман пікірінше, іскер адамдарға нақ осы үдерісті қаперге алған абзал. Контейнерлер пайдасына олардың құнының өзі де дәлел бола алады: егер вагондардың бастапқы бағасы 20 миллион теңгені құраса, контейнерлердің құны 2 миллионнан 3 миллион теңге аралығында құралады екен. Жолаушылар тасымалы сегментіне тоқталар болсақ, жыл өсіммен басталды: қаңтарда жолаушылар саны былтырғы көрсеткіштерден 8,6%-ға (1,9 млн адам) артып, жолаушылар айналымы бір жылда 2,4%-ға (1,4 млрд жолушы/километрге) өскен.

Сөйте тұра, өткен жылы жолаушы тасымалдау айтарлықтай минусқа ойысқан және бар-жоғы 21,8 млн адамды құрапты, ал, бұл – барлық өткен жылдардағы ең төмен көрсеткіш, тіпті 2018 жылғыдан да 4%-дан астамға ұтылып отыр. Айтса айтқандай, жолаушылар тасымалы – еш сын көтермейтіндей күйде. Электрондық билет рәсімдеуге көшкенде, бөркімізді аспанға атып, қуанған едік. Бірақ сол қуаныштың өзі ұзаққа бармады. Кассаның алдын кезіп, артық «билет сатқыштар» енді «электрондық» алаяқтарға айналды. Көтерме әдіспен сатып алып, үстінен пайда көру одан әрі жалғасты. Алайда, тек соңғы кездері ғана (онда да «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға шетелдік басқарушы келгеннен кейін бе, әлде?..) біршама реттелген сияқты. Бірақ та осы сала қызметкерлерінің өздері айтуынша, ол қызмет ұзаққа бармай, мұнда бұрынғы тәртіп, сол ереже қайта орнына келген тәрізді. Дегенмен, білікті басшы алаяқтардың «жебір-жемқор құрығын» әжептәуір кескенге ұқсайды. Мұны басты қаламыздан Алматыға соңғы айда 2 мәрте қатынауым барысында осы жолдар авторы өз басымнан кешкен сапарым барысында аңғардым. Демек, монополиясыздандыру нақ осы жолаушылар тасымалына да оңды әсерін тигізсе керек. Ләйім, солай болғай.

Иса ҚАМБАР

619 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы