• Өндіріс
  • 12 Наурыз, 2020

ӘЛЕМДІК ШИКІЗАТ НАРЫҒЫНДАҒЫ ДАҒДАРЫС

Теңге мен мұнай күйі не болмақ?

Өткен жұма әлемдік нарықты дүр сілкіндірді. Атап айтқанда, Brent маркалы мұнай 27 пайыздан артыққа арзандап, 1 баррельдің құны 32 долларға дейін төмендеді. WTI маркалы мұнайдың баррелі 30 долларға құлдырады. Әлемдік шикізат нарығындағы бұл дағдарыс Қазақстанға да әсерін тигізіп, валюта айырбастау пункттерінде 1 долларға шаққандағы теңгенің құны 400 теңгеге жетіп жығылды. Тіпті кейбір айырбастау пункттері жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.

ОПЕК-тен тараған әлек

Шын мәнінде осыншама дүрбелең нақ осы ОПЕК әсерінен өрбігені ақиқат. Өткен жұма, 6 нау-рыз күні Венада ОПЕК (Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы) пен ұйымға кірмейтін мемлекеттердің тиісті министрлерінің кеңейтілген отырысы өткен болатын. Осы ұйымда сонау 2016 жылдан бері алғаш рет ОПЕК+ отырысына қатысушылар мұнай өндіру көлемін азайту туралы ортақ келісімге келе алмады. Сөйтіп, бұған дейінгі келісімнің күші 1 сәуірден бастап жойылатын жағдайға жетті. Айта кету керек, ОПЕК+ отырысында халықаралық нарықтағы ең ірі экспорттаушы елдер – Сауд Арабиясы мен Ресейдің ұстанымы бір-біріне қайшы келуі әлемдік нарықты бірер күннің ішінде дүр сілкіндірді. Оқиға өрісіне зер салсақ: Мәскеу өндіріс көлемін қосымша азайтудан бас тартып, қазіргі келісімді 2020 жылдың екінші тоқсанының соңына дейін жалғастыруды ұсынған еді. Ал, Эр-Рияд өз тарапынан тәулігіне мұнай өндіруді тағы 1,5 млн баррельге дейін төмендетіп, осы көрсеткішті жыл соңына дейін сақтау керектігіне баса мән берді. Мұнымен келіспеген Ресейдің энергетика министрі Александр Новак ОПЕК+ отырысынан ерте кетіп қалды. Сәл кейінірек Мәскеу тарапы «ОПЕК+ ұйымымен келісімнің Ресей үшін еш маңызы қалмады, өзінің нарығын беру арқылы Ресей АҚШ-тың тақтатас мұнайының нарығын кеңейтеді», деген мағынада мәлімдеме жасады. Солтүстіктегі көршіміз Ресей компанияларының қаласа қыруар мұнай өндіре алатынын да мәлімдеді. Олардан қалыспай, Сауд Арабиясы да «өнім көлемін тәулігіне 10 млн баррельге, қажет болған жағдайда 12 млн баррельге өсіруге дайын» екенін хабарлады. Saudi Aramko компаниясы болса, шикі мұнай бағасын төмендету туралы шешім шығарды. Мұның бәрі, түптеп келгенде, ОПЕК альянсының жағдайы біршама шайқалуына соқтырып, Сауд Арабиясы мен Ресей арасындағы баға текетіресі бірнеше күн ішінде халықаралық нарықтағы шикізат құнын айтарлықтай құлдыратып жіберді. Айта кету керек, мұнай бағасы 1991 жылғы Парсы шығанағындағы соғыстан бергі аралықта осынша арзандап көрмепті. Сол жылы АҚШ-тың Иранды бомбалауына байланыс-ты мұнайдың бір баррелі 32 долларға дейін арзандаған екен.

ОПЕК+ отырысындағы мұнай өндіруді қысқарту туралы келіссөздердің күйреуінен кейін ОПЕК-ке мүше елдер мұнайға әлемдік бағалардың 30%-ға құлдырауынан бір тәулікте 500 млн долларға жуық жоғалтқан, деп хабарлайды Reuters агенттігі. «Жалпы алғанда, ОПЕК елдерінің ақпандағы өндірісінің орташа көлемін ескерер болсақ, ұйым мүшелері 500 млн доллардан астам жоғалтып отыр», деп жазады хабарламада.

Мына жайтқа көңіл бөле кетсек, Қазақстан мен Ресейде күннің дүйсенбі екеніне қарамастан, 9- наурыз – демалыс күні болды, сондықтан валюталардың бағамы бойынша ресми мәліметтер жарияланбады. Ал, айырбастау пункттері долларды сату бағамдарын 398 теңгеге, тіпті кей жерлерде 400 теңгеге дейін көтеріп жіберді. Ақырында доллар сатуды тоқтатып тынды. Әлемді шарпыған осындай жағдайда Ақордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің және Мемлекет басшысына тікелей бағынышты органдардың жетекшілерімен кеңес өткізді. Онда әлемдегі қаржылық-экономикалық ахуал және оның Қазақстан экономикасына әсері жөнінде мәселелер талқыланды. Президент Үкіметке, Ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді. Басты тапсырма – мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындау. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, Премьер-министрдің тікелей басшылығымен Шұғыл әрекет ету штабы құрылды. Дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жос-пары әзірленеді, ірі кәсіпорындарда халықты жұмыспен қамтуға қолдау көрсету жөнінде арнайы жоспар дайындалады. Президент халықты мүмкіндігінше көбірек жұмыспен қамту мәселесін аса маңызды деп санайды. Үкімет 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау жөнінде ұсыныс енгізеді. Мемлекет басшысы бюджет шығындарын қысқарту, өңірлерде халықты жұмыспен қамтамасыз ету, еліміздің қаржы-валюталық нарығын тұрақтандыру, республикалық және жергілікті бюджеттерді оңтайландыру бойынша шаралар қабылдау қажеттігін айтты, деп хабарлады Ақорданың Баспасөз қызметі.

Әлемдегі мұндай ахуал  неден туындады?

Bloomberg агенттігі жоғарыда біз атап өткеніміздей, «Brent мұнай маркасының фьючерсі Азиядағы саудалардың ашылған алғашқы секундтарынан-ақ көлемі жағынан өз тарихындағы екінші құлдырауын көрсетті, бұл 1991 жылы Парсы шығанағында орын алған соғыс кезіндегі құлдыраудан ғана кем түскен көрсеткіш», деп жазды. Мұндай құлдырау – Венадағы конференция барысында ОПЕК+ елдері аясында мұнай өндірудің жаңадан төмендетілуі бойынша келісімдердің іске аспай қалуының нәтижесі. Ал, бұған өз кезегінде әлемде коронавирустың одан әрі жайыла бастауы да әсерін тигізуде. Көп елдер, бірінші кезекте Қытай өнеркәсіптік өндірісін қысқартуда, демек, карантиндік шаралардың салдарынан да мұнайды пайдалану төмендеп кеткен. Қорытындысында оған белгіленген бағалар да құлдырауда. Нақтырақ айтқанда, өндірісті жаңадан төмендетуде Ресей мен Сауд Арабиясы бұған дейінгі бірнеше мәрте екіжақты келісімдерге қарамастан, мәмілеге келе алмаған. Нәтижесінде корольдік тәулігіне 9,7 миллионнан 10-11 млн баррельге дейін мұнай өндіруді ұлғайтуға сәуірде-ақ әзір екенін мәлімдеді. БАҚ-тар Сауд Арабиясының мұндай қылықтарын «жаппай баға соғысы» деп атады. Дегенмен, уақыт өте келе мұнайға бағалар біршама қалыпқа келді де: дүйсенбідегі Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 14:45-ке Investing.com порталы Brent маркасы фьючерсінің бір барреліне 35,95 долларды көрсетті. Әйтсе де, бағалар құлдыраудың бүкіл көлемін қалпына келтіре алмады және бұл мұнай өндірумен айналысатын елдердің, соның ішінде Қазақстан мен Ресейдің де нарықтарына әсерін тигізді. Ресей мейлінше зардап шекті, мәселен, Forex нарығындағы доллар мен евро 2016 жылдан бергі максимальды шегіне дейін қымбаттап шыға келді – тиісінше, 74 рубльден және 82 рубльден асып түсті. Қазақстанда айырбастау пункттері долларды 400 теңгеге жетеқабыл сата бастады, ақыр аяғында сатуларын доғарып тынды. Дегенмен, Ұлттық банктің сайтында доллардың ресми бағамы америкалық валютаның бірлігіне 382,05 теңге деңгейінде белгіленді. Жалпы нарықтың өзінде құлдырау басталды. The Bell басылымы «мұнай нарығындағы талықсытпа, яғни – «шок», еуропалық индекстердің есең-гіреуімен айшықталғанын жазды: британдық FTSE 100 индексі 8,8%-ға дейін, ал жалпыеуропалық Stoxx 600 индексі – 7%-ға дейін құлдырауға барған. Бұл ретте Лондон қор биржасында ресейлік мұнай-газ компанияларының құнды қағаздары басқалардан ауырырақ құлаған екен. «Қаралы дүйсенбідегі» Нұр-Сұлтан уақытымен 15:30-да «Роснефть» қағаздары 20%-ға таяу, «Газпромдікі» – 13%-ға, ал «Лукойлдікі» – 17,3%-ға құлдыраған. Қазақстандық компаниялардың да бағалы қағаздарының құны төмендеген. Finance.kz Telegram-арнасының мәліметтері бойынша «Халық банктің» ғаламдық депозиттік қолхаттары Лондонда төрттен бірге жуық құнын жоғалтып, бір құнды қағазы 10,25 доллардан сатылуда. KAZ Minerals қағаздары да 8,85%-ын жоғалтып, 350 фунттан саудалануда, «Қазатомөнеркәсіптікі» – 3,46%-ға құлдырап, бір бағалы қағазы 12,55 долларға саудалануда.

Қазақстан нендей  күй кешпек?

Көміртегіне бағалардың осындай жағдайында бірнеше факторларды атап айтқан жөн. Біріншісі – Қазақстанның экономикасы әлі де болса елімізде стратегиялық маңызды саналатын мұнай саласына тәуелді болып отырғаны. Мәселен, S&P (Standard & Poor’s) халықаралық рейтинг агенттігінің мәліметтері бойынша бұл сала рес-публика жалпы ішкі өнімінің 15%-ға жуығын құрайды және барлық бюджет түсімдерінің 40%-ын береді екен. Сондықтан да мұнайға бағалардың төмендеуі ел экономикасы үшін аса сезімтал сипатта. Тағы бір маңызды мәселе – Қазақстан мен Ресей экономика-ларының байланыстылығы. Солтүстіктегі көршіміз еліміздің аса ірі сауда әріптесі ретінде жетекші рөлін сақтап келеді. Осы да, сондай-ақ бірыңғай интеграциялық бірлестік – ЕАЭС-ке қатыстылық та Ресейдегі жағдайдың жалпы алғандағы экономикаға әсер еткені сияқты, теңге бағамына да ықпалын тигізбей қоймайды. Рубльдің құлдырауы теңгенің шетелдік валюталарға шаққанда әлсіреуіне әсер етсе, ал Ресей экономикасының құлдырауы қазақстандық бизнестің жеткізулеріне кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Қазірдің өзінде ресейлік рубль мұнайға бағалардың ауытқуына мейлінше осалдығын көрсетуде: бір баррельге 42,6 доллар деңгейі «бюджеттік ереженің кесімді» күйі деп белгіленген, бұдан төмен ауытқу рубльдің бағамына тікелей әсерін тигізе бастайды. Қолданбалы экономика зерттеу-лері орталығының басқару-шы директоры Олжас Төлеуов өзінің TENGENOMIKA Telegram-арнасында мұнайға бағалардың бір барреліне 30-35 доллар шегінде көрініс беретін ағымдағы деңгейі «теңге бағамына еселенген қысым көрсетті», деп жазды. Қазақстандық билік мұның бәріне жедел іс-қимыл ауқымын белгілеп те үлгерді. Бұл туралы жоғарыда нақтырақ тоқталып өткен болатынбыз. Мұнан өзге, Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық банкінің мұнайдың әлемдік нарығындағы жағдай және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы бірлескен Үндеуі де қабылданды. Онда былай деп атап көрсетілді: «ОПЕК+ мұнайдың негізгі экспорттаушы елдері арасындағы мұнай өндіруді шектеу жөніндегі келіспеушіліктер мұнайдың әлемдік бағасының айтарлықтай төмендеуіне алып келді. Бүгін, 2020 жылғы 9 нау-рызда Brent маркалы мұнай әлемдік нарықтарда 30%-дан астам төмендеумен, барреліне $31-33 көлемінде саудалануда. Осы жағдайға байланысты Үкімет пен Ұлттық банк жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың басымдықтары макро-экономикалық тұрақтылықты және салық-бюджет саясатының тиімділігін қамтамасыз ету, инфляциялық процестерді басқару және елдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтау болып қалатынын мәлімдейді. Сыртқы нарықтардағы қалып-тасқан ахуалға және оның Қазақстан экономикасына әсер етуіне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Қажетті шешімдерді жедел қабылдау және оларды жүзеге асыру үшін Премьер-министрдің басшылығымен Штаб құрылды. Үкіметтің бюджет саясатының шаралары әлеуметтік міндет-темелерді толық көлемде орындауға бағытталатын болады. Басым емес бюджет шығындарын қысқарту шаралары қабылданады. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар бағаның негізсіз өсуін, әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтерге бағаның өсуін болдырмауға ерекше назар аударатын болады. Қызметкерлердің санын қысқар-туға жол бермеуді және еңбекақыны уақытылы төлеуді қамтамасыз етуді қоса алғанда, азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуына қатаң бақылау қамтамасыз етіледі. Өз мандаты аясында Ұлттық банк тиісті ресурстары бар және базалық мөлшерлемені арттыру және адекватты бағамдық саясатты жүргізу арқылы монетарлық саясатты қатаңдату жолымен бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қажетті қадамдарды қабылдайтын болады. Аталған шаралар инфляцияның жеделдеуін шектейді, ұлттық валюта бағамының шамадан тыс құбылмалылығына жол бермеуге мүмкіндік береді. Ұлттық банк валюта нарығын тұрақтандыруды қамтамасыз ету және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажетті валюталық интервенциялар жүргізе-тін болады. Ұлттық банктің теңгенің айырбас бағамымен алыпсатарлық операцияларды болдырмау үшін алтын-валюта активтерінің жеткілікті көлемі, сондай-ақ реттеуіш құралдарды қоса алғанда, барлық қажетті құралдары бар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы нарығындағы тұрақтылықты сақтау жөнінде шаралар қабылдайтын болады. Үкімет пен Ұлттық банк теріс салдарларды азайту және Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақ-тылығын қамтамасыз ету үшін қажетті ресурстарға ие». Сындарлы сәтте осындай жан-жақты қадамдарға барып, нақты шаралардың қабылдануы еліміз экономикасының дағдарыстан мейлінше байыпты күйде шығуына мүмкіндік бермек. Сөйтіп, әлемдік деңгейдегі дүмпулерге тосқауыл болар іс-қимылдар әлден қолға алынуы көпшілік көңіліне сенім де ұялатқандай.

Исатай Қамбаров

792 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы