• Бизнес & Қоғам
  • 25 Қазан, 2012

ЕРЖҮРЕК ДИПЛОМАТ

Әлемдік ядролық соғыс қаупі тұтанып, дүние отқа орануға аз қалғанда Пәкістанда КСРО елшілігінде (1985 ж.) қызмет етіп, кейін атомдық-сынақ жарылыстарға қарсы қазақстандық Антиядролық қозғалыс белсенділерін Нью-Йоркте (1994 ж.) қарсы алып, соңында «жорық тобының» БҰҰ-ға қатысты құжаттарын рәсімдеген Ерлан Әлфайызұлы Ыдырысовтың ерекше дипломатиялық және алғырлық, қарағылық қасиеті жайында эссе-естелік.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында адамзат үшінші дүниежүзілік соғыстың басталып кету қаупін сезіп, әлем үрей құшағында еді. Екі ұлы империя КСРО мен АҚШ арасындағы әскери бәсеке шегіне жетіп, жойқын ядролық сынақтар жерді осінен тайдыруға жақындаған болатын. Ал, құрлықаралық зымырандардың ұшырылуы ақырзаманды елестетті. Соғыс шығып кетуінің қаупіне байланысты сол кездегі КСРО Бас хатшысы М.Горбачев пен АҚШ Президенті Р.Рейган Исландия астанасы Рейкьявникте жаппай қырып-жоятын қаруларды жою үшін кездесуге мәжбүр болды. Соғыс қаупін сейілткен бұл оқиға әлем тарихында қалды. Дегенмен, КСРО-ның милитаристік қуаты әлі де орасан зор еді. Және әлемде үрей туғызуын тоқтатқан жоқ. Қиыр шығыстағы әскери база үстінен Оңтүстік Кореяның барлаушы ұшағының атып түсірілуі халықаралық жанжалға әкелді. Дүние жүзі КСРО-ны кіналап, Европа елеңдеп, Корея, Жапонияда шулы шеру жалғасты. Әсіресе, капиталистік елдерде КСРО-ға қарсы наразылықтар қатты күшейді. Шетелдердегі Кеңес елшіліктеріне деген жиіркенішті көзқарас қалыптасты. Ал, капиталистік елдерде елшілер үшін тіпті, қауіпті еді. Әлем бүлініп, дүние дүрлігіп жатқан осындай қиын кезде жас дипломат, Мәскеу Халықаралық қатынастар институтының түлегі 24 жасар Ерлан Әлфайызұлы Пәкістанда КСРО елшілігінде  қызмет етті. Ол кезде Үндістан мен Пәкістан арасында саяси жанжалдар болып, соңы тіпті қақтығыс, қантөгіске дейін барды. Елдің іші де мазасыз еді. Билікке талас, терорлық әрекет, қастандық, діни экстремизм бұл елде ұшығып тұрған. Сондықтан Пәкістан дипломаттар үшін қауіпті елге саналды. Әсіресе, Ерлан Елшілікте жүрген сексенінші жылдардың ортасында елдегі саяси жағдай қатты шиеленісті. Үлкен соғыс қаупі сезілді. Пәкстандағы жағдайды күнде газеттен оқып отыратын Алматыдағы Ерланның әкесі Әбілфайыз аға «Құдай жалғызымды сақта» деп жаратқанға жалынған кездері болды. Пәкстандағы төтенше жағдайға байланысты радиохабарын тыңдамаса, үйде отыра алмайтын. Өйткені ұлы бүлініп, ойран болып жатқан елде елшілікте  басын бәйгеге тігіп қызметте жүрді. Кеңестік паториоттық қасиет пен «мақсатты ұстаным» бойына сіңген Ерлан ерекше қызметте өзін жан-жақты көрсетті. Дипломаттарға қатысты ықтимал қатер-қауіпті елеген жоқ. Үрду, хинди және ағылшын тілдерін жетік білетін ол батылдығымен, алғырлығымен және біліктілігімен Пәкістанда ержүрек ретінде танылды. Бірде әкесіне өзінің қызметінің жақсы екенін айтып, қауіп-қатердің жоқ екенін сездіріп, халықаралық байланыс жүйесі бойынша «телеграмма» жібереді. Ұлының амандығына қуанғаны соншалық – Әбекең туыстардың басын қосып, Заря апай екеуі қонақ шақырды. Келген ет-жақындардың бәрі шетелде – дипломатиялық жауапты қызметте жүрген Ерлан аман-есен болса екен, елге тез оралса екен деп тілек тіледі. Көптің тілегі Құдай Тағаланың құлағына шалынған болар, Ерлан шетелден абыройлы оралып, КСРО Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясына келіп, оқуға түсіп, оны 1992 жылы бітірді. Соңында Қазақстанда сыртқы істер министрлігінде жауапты қызметтер атқарды.

Қазақстан Тәуелсіздігін алып, Біріккен Ұлттар ұйымында өкілеттілігі ашылғанда ол БҰҰ-дағы Республиканың тұрақты өкілі болып, елдің әлемге танылуы үшін аянбай еңбек етті.

Менің осы ержүрек дипломат, БҰҰ-дағы Қазақстанның өкілі сол кездегі Ерлан Әбілфайызұлымен тереңірек танысып білісуім Нью-Йорк қаласында (1994 ж.) болды. БҰҰ-ға Семей полигонының қасіреті мен орны толмас залалын жеткізу үшін жеті адамнан тұратын Антиядролық қозғалыстың белсенділері 1994 жылы қазан айында Нью-Йоркке келді. Бізді әуежайда отыздардағы жас жігіт Ерлан қарсы алып, қонақ үйге жайғастырды. Көлікті өзі айдайды екен. Өте қарапайым, артық сөзі жоқ, жүзінен адамға деген ерекше ілтипат қасиет аңғарылып тұратын осы азамат оншақты күн бізбен бірге болды. Біздің АҚШ-қа келгендегі негізгі мақсатымызды алдын ала біліп, бәрін тереңнен ойлап, жоспарлаған ол БҰҰ-ның біз білмейтін тарихы мен оның әлемдік саясатты бақылап отырған әрекеті жөнінде түсіндірді. Содан соң ондағы тәртіп пен жұмыс күндері жайында әңгімеледі. Қазақстандық Халықтық қозғалыс атынан БҰҰ-ға тапсыратын полигонға байланысты құжаттарымызды мұқият қарап, кей жерлерін түзетті. Өйткені ағылшын тілін өте жетік біледі. БҰҰ штаб-ғимараты алдында әлемдегі атомдық сынақ жарылыстарды тоқтату жөнінде алдымен қарсылық акциясын өткізу – жоспарланды. Ерлан акция – шеруді БҰҰ ғимараты үйі алдында Шаранский алаңында өткізудің оңтайлы екенін айтты. Ерекеңнің ақылдылығымен және дипломаттық ерекше қасиетінің арқасында ертеңінде БҰҰ-ғимараты алдында «Аттан» халықтық «жорық штабы» «Атомдық сынақ жарылыстар тоқтатылсын» деген ұран көтеріп, қарсылық акциясын бастады. Бес қаруы сай, автомат пен әскерлер тұрған БҰҰ-ғимараты алдына жақындаудың өзі шынын айту керек – қауіпті еді. Қозғалыс мүшелерінің тәуекелге барып, батыл шешім қабылдап, іс-қимылға көшуін құдай қолдап, тосын акция шеру жарты күнге созылды. Соңында Нью-Йорк полициясы тарапынан ескерту жасалып, ертеңінде тағы қайталануға тиіс акция бұл жолы басқаша жалғасты. Бұл жерде «Аттан» жорық штабының жетекшісі Амантай Хантемірұлының батылдығы мен тәуекелшілділігін ерекше айта кеткен жөн. 70 қабатты БҰҰ ғимараты алдындағы ұран-үндеуді «штаб-пәтер» ішінде отырған 200-ге жуық елдің өкілдері көрді. Ядролық сынақ жарылыстардың зардабы мен қасіретіне ондағылардың көзі жетті. Халықаралық ұйымның назарын аудару үшін жасалған тәуекел әрекетте бізге жол көрсетіп, сақтандырып, сыртымыздан бақылап, тұйыққа тірілгенімізде не істейтінімізді ойлап, білдірмей қорғаушы, әрі ақылшы болған Ерланның еңбегі айырықша еді.

БҰҰ штаб-ғимараты алдында бұрынды – соңды мұндай акция-шеру  болмаған екен. Қазақ жеріндегі полигон сойқаны шегіне жетіп, соңында БҰҰ-дағы әлемдік қауымдастық елдері өкілдерінен көмек сұрауға тіпті, талап етуге біздің құқымыз бар еді. Ерлан да осы күрес жолындағы өз елінің патриоты екенін дәлелдеді.

АҚШ-қа Атамекендегі «атом сойқанына» байланысты   бастарын бәйгеге тігіп барған жорық-штабының мүшелерін (жетекшісі – Амантай) қарсы алып, шаруаларын реттегені өз алдына – Ерлан олардың жүріп-тұруы мен жатын орнына байланысты жағдайды да шешті. Тәуелсіздіктен кейінгі аласапыран, жоқшылық, кедейшілік кезінде аз ақша алып, сапарға шыққан жорық сарбаздары қаражаттан қатты қиналды. Еріксіз қонақ үйден  кетуге тура келді. Осындай боларын білген Ерлан Нью-Йоркте тұратын қазақтарға «елден бауырларын келеді, көмектесіндер» деп алдын-ала айтып қойған екен. Үш күннен кейін американдық Әбдуахит деген азамат келіп, «Манхэттен» мейманханасынан жігіттерді өз үйіне әкеліп, бір аптадай жатқызып, жүріп-тұрулары үшін барлық жағдай жасады. Ерекең Әбдуахиттың үйінде елден келген азаматтармен іш тарта әңгімелесіп, бірде өзі де осы үйде қонақ болып кетті. Екі жігітті өз үйіне арнайы шақырып, жөн сұрасып, қазаққа тән қонақжайлықты өзі де көрсетті.  БҰҰ-дағы өкілеттік көлігін өзі айдайтын Ерланның жүргізушілік шеберлігіне қайран қалған жігіттердің бірі мұны көпке дейін ауыздарынан тастамай айтып жүрді. Ал, ағылшын тіліне судай екенін американдық қазақтар бірден сезіп, оны одан сайын құрметтеді.

1994 жылдың қазақ айындағы Нью-Йорктегі оншақты күн бүгінге дейін есімнен еш кетпейді. Өйткені шет елде Ерланмен етене жақын жүріп, әңгімелесіп, сырласып, оның сөзін тыңдау бір ғанибет болып қалды.

Басында әуежайда қарсы алған Ерлан соңында бізді тағы өзі шығарып салды. Көлігінде қала картасы бар ол ешкімнен бағыт-бағдар сұрамай-ақ Нью-Йорктің бұрын өзі болмаған бір аумақ-ауданы арқылы әуежайға әкелді. Онымен бәріміз қимай қоштастық. Арамыздағы үлкен молда кісі оған «Құдай қолдап, жүрсін балам» деп батасын берді. Нью-Йоркте БҰҰ-ға байланысты шаруамыз бітіп, Қауіпсіздік комитетіне «талап-хатымызды» тапсырып, әлем астанасы атанған қаладан аман-есен ұшып шықтық. Неге екені белгісіз көпке дейін Ерлан көз алдымнан кетпеді. Айтпақшы, «үйдегі әке-шешеме апарып берерсіз» деп маған бір түйіншек берген. Елге келген соң оның аманатын орындап, мұхиттын ар жағынан ұлдары беріп жіберген сәлемдемені әке-шешесіне табыс еттім. Ерланды сағынған болар Әбекең (профессор Ә.Ыдырысов) көзіне жас алып, «ботам» қайда болсаң да Құдай жар болып, аман жүрші» деп күбірлегені әлі жадымда тұр.

Басында КСРО кезінде Пәкістанда, Үндістанда елшілікте болып, 1992-1995 жылдары БҰҰ-дағы Қазақстанның тұрақты өкілі қызметін атқарған ол елдің әлемдік қауымдастықтағы беделі мен мәртебесі үшін жанын сала еңбек етті. БҰҰ-дағы Ерланның атқарған жұмыстары өз алдына әңгіме. АҚШ-қа Елбасы келгенде оның жанында Ерлан жүрді. АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты жолға қоюда ол елші ретінде талай игілікті істерді атқарды. Елшілікте жүріп тәжірибе жинақтаған, БҰҰ-да өкілетті өкілі болған ол мол тәжірибе жинап, соңында Республика Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Дипломатиялық қызметте ол сатылап өсіп, биікке көтерілді. Қазақстанға қатысты талай халықаралық мәслихаттар мен форумдарда Ерлан сөз сөйледі, ұсыныстар айтты. Ұлыбританияда, Ирландияда, Швецияда, Норвегияда т.б. елдерде оның есімі белгілі. Аталған мемлекеттерде ол төтенше және өкілетті елші қызметтерін атқарды. Айбынды, саясаты мен экономикасы күшті Дүниені өз дегеніне көндіргісі келетін АҚШ-та елші болу, әрине оңай емес. АҚШ пен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың қыр-сырын жолы мен амалын, тағы да бізге беймәлім астарын Ерлан ғана біледі.

Бұл күнде Қазақстан Ядролық қарудан бас тартып, ақырзаман қаруын жер шарынан аластатуға байланысты жаһандық мәселе көтеріп отыр. Қазақстанның «Атом» жобасына АҚШ конгресі назар аударуда. Антиядролық қозғалыс құрылғанда оны жақтап, кейін шетелде жүргенде атом қасіреті жөнінде реті келген жерде сөйлеп, шын ұлт перзенті, елінің нағыз патриоты екенін сездірген Ерланның тұлғалық қасиетін айта берсек көп-ақ. Әсіресе, БҰҰ-да өкілетті өкіл болып жүрген кезінде ядролық сойқанның салдарына байланысты әлемдік қауымдастықта Қазақстан ұстанған жолды барынша үгіттеуге тырысты. Елбасының ядролық қарудан бас тартып, бейбіт саясат ұстануы әлемге ұнады. Астанада әлемдік САММИТ өтті. Ядролық жойқын қаруды сынауға қарсы жанқиярлық күрес және Елбасының бұл жолдағы ерлігі қазір әлемді мойындатып отыр. Биыл қыркүйек айында АҚШ конгресінде Н.Назарбаевты Нобельдік бейбітшілік сыйлығына ұсыну жөнінде әңгіме болды. Бұл Қазақстан үшін үлкен мәртебе әрі атомға қарсы күрестегі жеңіс. Ерлан жақында Сыртқы істер министрі болып екінші рет тағайындалғанда оған  Елбасы тағы ерекше сенім артты.  Өйткені Ерекең сияқты шын ұлт перзенті, елшілікте ержүрек, дипломатияда тәжірибесі мол ол қазір тұлға болып қалыптасып отыр. Оны жақсы тәрбиелеп, Мәскеуге оқуға өзі апарған әкесі еді. КСРО-дағы көсемдер мен министрлердің балары мен немерелері оқитын Халықаралық қатынастар институына ұлын оқуға түсіру үшін ол кезде қарапайым ұстаз Әбекеңнің «әуреленгені» бар. Өйткені, бұрыннан келе жатқан қазақтарды «бұртана халық» дейтін шовинистік көзқарас Мәскеуде әлі де бар еді. Баланың қабілеті мен алғырлығы емтихан алушылардың көңілінен шығып, тіпті, оларды қайран қалдырады. Сөйтіп, профессорлар Ерланды оқуға қабылдауға еріксіз мәжбүр болады.

Аты Қазақстанға белгілі, көптеген ғылыми еңбектер мен кітаптардың авторы Ерланның әкесі жазушы, профессор Әбілфайыз Ыдырысовтың  мен көп шәкірттерінің бірімін. Бұл ұстаздың өнегесі мен еңбекқорлығы бәрімізге үлгі еді. Ерлан екінші рет үлкен қызметке тағайындалардың алдында ұстазыма таң сәріде аспанда ерекше бір жарық жұлдызды көргенімді айттым. Жазушы-ұстаз Әбекең «Табиғаттағы тосын құбылысты көру, бұл жақсылықтың нышаны» деді. Арада бір апта өткенде лауазымы өсіп, жұлдызы жанған Ерланның теледидардан атын естіп, бұдан 18 жыл бұрын Нью-Йорктегі онымен болған  қимас күндер есіме түсіп, ол туралы осылай жазуыма тура келді.

 

 

СУРЕТТЕ: ортада омырауына антиядролық қоғалыстың белгісін таққан Ерлан ЫДЫРЫСОВ.

 

Ораз ҚАУҒАБАЙ,

Жазушы, Нью-Йорктағы өткен (1994 ж.)

қазақстандық Антиядролық қозғалыстың делегаты.

864 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы