• Өндіріс
  • 19 Наурыз, 2020

Қазатомөнеркәсіп: Жетекші позиция сақталды

Жаһандық атом өнеркәсібінде өзіндік айшықты орны бар Қазатомөнеркәсіп ең ірі табиғи уран жеткізушісі мәртебесіне ие. Ұлттық атом компаниясы Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес жасалған өткен жылғы көрсеткіштерін жариялады.

Уран нарығында орын алған белгісіздікке қарамастан, 2019 жылы Қазатомөнеркәсіп жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Бұл ретте өндірісті қауіпсіздендіру мен айналаны қорғау бағытында тұрақты көрсеткіштерді сақтау жөніндегі басымдықтар өзгермеді. Сонымен қатар сату көлемі өндіріс ауқымынан шамамен 1000 тоннаға асты. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматовтың мәлімдеуінше, өсіп келе жатқан келісімшарттар қоржыны шеңберінде уранды сату барысында клиенттік базаны әртараптандыруға ерекше маңыз берілген. Әлемдік уран өндірушілер арасында компания өзіндік құнының ең аз көрсеткіштерімен жетекші позицияға тұрақтады. «Ақшалай өзіндік құн» және «Ақшалай өзіндік құн + күрделі шығындар» көрсеткіштері болжамды ау­қым­нан төмен болды. «Компания өз стратегиясын, міндеттемелерін жүйелі орындап, құндылықтар құруды жалғастыруда. Біз тәртіпті нарықтық тәсілді ұстанып, маркетингтік қызметтің компанияны жаңа нарықтарға шығаруына нақты назар аударамыз. Қазіргі күні ірі өндірушілер өндірістерін қысқартып жатыр. Бұған қоса ядролық-отын циклының әрбір сегментінде қорлардың азайғаны байқалады. Осы ретте Қазатомөнеркәсіп нарық пен бағаны қалпына келтіру кезінде барлық стейкхолдерлер елеулі пайда мен кіріс табуы үшін бірегей позицияны иеленуде», – деп атап өтті ұлттық оператор басшысы. Талдаулардан Топ қызметінің қаржылық жай-күйі мен қызмет нәтижелері оның құрылымындағы өзгерістермен байланысты болған операциялардың елеулі ықпалына ұшырағаны көрінеді. Сонымен қатар теңгенің долларға шаққанда әлсіреуінің, сатудың орташа бағасының өсуінің әсері тіркелген. 2019 жылдың қорытындысы бойынша операциялық пайда 151,9 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 96%-ке артты. Таза пайда 213,7 млрд теңге, яғни 2018 жылмен салыстырғанда 50%-ке кеміген. Алдыңғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда төмендеу негізінен екі кезеңдегі транзакциялардың бір жолғы әсерімен, атап айтқанда топ құрамына «Инкай» БК» ЖШС, «Қаратау» ЖШС, «Ақбастау» АҚ және «Байкен-U» ЖШС және «Хорасан-U» ЖШС қосылуымен байланысты. Осы мәмілелер бойынша бір жолғы нәтиже таза табысты тиісінше 2018 және 2019 жылы 347,5 және 54,6 млрд теңгеге арттырды. Сондай-ақ 2019 жылы 17,0 млрд теңге сомасына бірлескен операциялар бойынша міндеттемелерді есептен шығарудан кіріс алынып, таза пайдаға әсер етті. Бір жолғы әсерлерге түзетуді ескерумен таза пайда 2018 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 84%-ке ұлғайып, 142,1 млрд теңгені құрады. Қатысу үлесіне сәйкес түзетілген EBITDA көрсеткіші 2018 жылмен салыстырғанда 55%-ке ұлғайып, 2019 жылы 217,3 млрд теңгеге тең болды. Операциялық ақша ағындары 2018 жылмен салыстырғанда 174%-ке көбейіп, айналым капиталының өзгеруі, U3O8-ге спот бағасының өсуі және 2019 жылы АҚШ долларына қатысты теңгенің әлсіреуі есебінен 159,5 млрд теңгені құрады. 2019 жылы Топ бойынша U3O8 дайын өнімнің шоғырландырылған қоры 9 906 тоннаны құрады, бұл 2018 жылға қарағанда 26%-ке жоғары. Компания деңгейінде U3O8 дайын өнім қоры – 8 571 тонна, яғни 2018 жылмен салыстырғанда 17%-ке көп. Компанияның нарыққа бағдарланған стратегиясына сәйкес, Қазатомөнеркәсіптегі қор деңгейі маусымдық, өндіру және сату көлемдеріне байланысты өзгеріп отырады. Қорлар деңгейі 2020 жылы материалды қайтару күнімен 2019 жылы жасалған айырбас мәмілелерінің мерзімдеріне байланысты өсті. Компания деңгейіндегі сатудың орташа бағасы ұқсас себептер бойынша да жоғары болды. Биыл да компания болжамды нарыққа бағдарланған стратегиясын және 2018-2021 жылдар кезеңіне жоспарланған өндіру көлемін 20%-ке қысқарту шарасын сақтап отыр. Қолданыстағы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға сәйкес өткен жылғыдай шамамен 22 750-22 800 (100% негізде) тонна уран және 12 800-13 300 (иелену үлесіне пропорционалды) тонна уран өндірісі күтілуде, қысқартусыз өндіріс көлемі биыл шамамен 28 500 тонна уран деңгейінде болжанады. Сонымен қатар 2020 жылға сату көлемі бойынша болжам да нарыққа бағдарланған стратегияға сәйкес және 2019 жылғы көлемге ұқсас 13 500 және 14 500 тонна уран арасында ҚАӨ сату көлемі бойынша күтуді қоса алғанда, 15 500-ден 16 500 тонна уран көлемінде болжануда. «Ақшалай өзіндік құн» (С1) және «Ақшалай өзіндік құн + күрделі шығындар» (AISC) көрсеткіштері бойынша күтілім сондай-ақ 2019 жылға арналған болжамды деректермен салыстырғанда біршама төмендеді. Бұл ретте жыл ішінде теңгенің долларға шаққандағы бағамы 2020 жылғы бюджетте пайдаланылатын АҚШ доллары үшін 390 теңге болжамды бағамына қатысты ауытқуы мүмкін. Компания үшін ең маңызды басымдықтардың бірі – қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету. Бұл тұрғыда ол өзінің өндірістік қызметін жүргізу барысында жұмысшыларға қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, өндірістік қызмет жүргізілетін аймақтардағы экологиялық қауіпсіздікті және табиғи ортаны қорғау үшін мүдделі тараптар алдында көтеретін жауапкершілікті жете түсінуі керек. Сондықтан кәсіпорындардағы өндірістік қызмет еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамалық талаптарды сақтай отырып жүргізіледі. Бұл мақсатта апаттар мен жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар тұрақты негізде атқарылуда. Сонымен қатар қауіпсіздік мәдениетін алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибе деңгейіне көтеру, қызметкерлер мен барлық басшылардың өндірістік қауіпсіздік талаптарын саналы түрде сақтауына тиісті назар қойылады. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін өндірісте денсаулық сақтау және еңбек қауіпсіздігі менеджменті жүйесі белсенді енгізілуде. Компанияда LTIFR көрсеткішінің ста­тистикалық жақсаруы байқалуда. Алайда, қолға алынған осындай ауқымды іс-шараларға қарамастан, бір жыл ішінде сегіз жазатайым оқиға тіркелді, нәтижесінде он адам жарақат алды, бір адам қаза болды. Мұндай қайғылы оқиғадан кейін мұқият тексеру жүргізіліп, негізгі себептер анықталды. Тиісті шаралар қабылданып, бұл жағдай енді қайталанбас үшін рәсімдер өзгертілді.

Бүгінгі таңда компания өзінің барлық уран кеніштерінде қоршаған орта мен радиациялық қауіпсіздік мониторингінің сенімді жүйелерін пайдалануда. Өткен жылы жос­пар­ланған барлық іс-шаралар экологиялық және радиациялық аварияларға жол берместен толық көлемде орындалды. Ел аумағындағы уран өндіруші барлық кәсіпорындарда жерасты ұңғымалы шаймалау әдісі қолданылып, алдыңғы қатарлы тәжірибелерді меңгеруге, денсаулық сақтауды, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге басым назар бөлінеді. Топ саладағы ірі резервтік уран базасына ие. 2018 жылы компанияның қатысу үлесі негізінде табиғи уран өндірісі әлемдегі жиынтық уран өндірісінің шамамен 24%-ін құрады. Қазатомөнеркәсіп еншілес, тәуелді және бірлескен кәсіпорындарымен бірге 24 учаскені игеретін 13 уран өндіруші кәсіпорынның басын біріктіруде. Ұлттық атом компаниясының бағалы қағаздары Лондон қор биржасында және «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында орналастырылған. Атом өндіруші қуат операторлары – компания мен Топтың негізгі клиенттері болып табылады, ал өнімдер Қытай, Оңтүстік және Шығыс Азия, Солтүстік Америка және Еуропа елдеріне экспорттық нарыққа шығарылады. Топ уран мен уран өнімдерін ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді келісімшарттар бойынша, сондай-ақ спот нарығында тікелей Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан бас кеңсе немесе Швейцариядағы Trading House KazakAtom (THK) еншілес кәсіпорны арқылы сатады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

584 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы