• Өндіріс
  • 19 Наурыз, 2020

Компаниялар қандай қарекет жасауда?

Шикізат нарығында қалыптасқан жағдай теңге бағамының әлемдік резервтік валюталарға тұрақтылығына қысым жасап, коронавирустың таралуы экономика салаларына кері әсерін тигізуде. Күрделі халықаралық ахуалда ұлттық компаниялар дерттің таралуына жол бермеу үшін тиісті шараларды қабылдап жатыр.

Дендеген дерттің діттеген жоспарларды өзгертпей қоймайтыны белгілі-тін. Сондықтан Қазақстан темір жолы коронавирустың алдын алу жөніндегі ертерек әрекет ету шараларын ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап қабылдады.

Ақпаннан бастап Достық станциясына дейін Алматы-Үрімші және Нұр-Сұлтан-Үрімші жолаушылар пойыздарының жүру бағыттары қысқарып, тасымал деңгейі төмендеді. Қазірде жолаушылар пойыздарында коронавирустың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан барлық шаралар денсаулық сақтау саласының уәкілетті органы – ҚР денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті талаптарына сәйкес қатаң жүргізілуде. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚР денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментімен бірлесе жолаушылардан немесе қызмет көрсететін персоналдан коронавирус күдігін анықтаған жағдайда пойыз бригадасы қызметкерлерінің іс-әрекеттері тәртібін регламенттейтін нұсқама әзірленді. Вагонға отырғызар алдында жолсерік жолаушылардың коронавирус індеті тараған елдерде болған-болмағанын сұрап, біледі. Ондай жолаушылар анықталған жағдайда сауалнама толтырылып, мәлімет әрі қарай шаралар қабылдануы үшін «Жолаушылар тасымалы» АҚ орталық аппаратына жіберіледі. Сапар барысында коронавирус белгілері пойыз бригадасы қызметкерінде немесе жолаушыда анықталған жағдайда пойыз басшысы сол жолаушыны басқалардан оқшаулауы және пойыз машинисін хабардар етуі тиіс. Вагондарда тұрақты негізде шо­ғырландыру, айналым және келу пункт­терінде бактерия мен вирустар­­ға қарсы зарарсыздандыру жұмыс­та­ры жүргізілуде. Қабырға, төбе, еден, үстел, диван және терезе беті дезин­фекцияланады. Ол санитарлық ереже талаптарына сәйкес препараттармен сүрту, шашу, құнарландыру әдісімен жүргізіледі. Сондай-ақ жұқпа­лы індет белгілері бар тұлғалар анықталған жағдайда қауіпсіздік шаралары мен іс-әрекеттері бойынша қызметкерлерге нұсқаулықтар өткізілуде. Еліміз бойынша вокзалдарда барлық ғимараттарды зарарсыздандыруды тұрақты жүргізуге ар­найы жуу құралдарының жеткілік­­ті қорымен қамтамасыз етілген. Мұны­мен қоса аурудың алдын алу шаралары туралы жолаушыларға дауыс зорайтқыштар бойынша хабарландырулар жүргізіліп, желдету жүйелеріне ревизия ұйымдастырылып, коронавирус індеті белгілері туралы жаднама орналастырылған. Эйр Астана жолаушыларға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің нұсқауына сәйкес борттағы коро­навирустық инфекцияның алдын алу шаралары күшейтілгенін хабарлады. Жердегі қызмет көрсету және ұшуға дайындау барысында жолаушыларды тіркеу маска және қолғап киген жердегі қызметкерлермен жүргізіледі. Экипаждың барлық мүшесі СОVID-19 гигиенасы мен симпто­матикасы туралы ұшу алдында нұс­қау­лықтан өтеді. Экипаждарға дезинфекциялау құралдары, қолғаптар мен маскалар беріледі. Әрбір рейстен кейін ұшақты жинау және салонды арнайы дезинфекциялау құралымен екі рет өңдеу жүргізіледі. Борттық қызмет көрсетуде аурудың берілу қаупін азайту үшін барлық ұшақтар жолаушыларға арналған медициналық маскалармен жабдықталған. Егер жолаушылардың біреуінде күдікті симптомдар байқалса, барлық жо­лау­шыларға маскалар беріледі, ал ұшып келгенде әуе компаниясы сутегі тотығы ерітіндісінің көмегімен кез келген патогендерді жою мақсатында ұшақты зарарсыздандыру, дезинфекциялау және терең тазарту үшін санитарлық-эпидемиологиялық қыз­метті тартады. Ал Қазпочта коронавирустың 3 айлық әсерін ескере отырып, 2020-2024 жылдарға арналған бизнес-жос­парын түзетті, Қытаймен пошталық алмасу тоқтатылды. 24 қаңтардан бастап «Қорғас» АЭА жабылды. Жүздеген мың адамның зардабына әкелген жаһандық пандемия жағдайында қызметкерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне зор мән берілетінін Қазатомөнеркәсіп те мәлімдеді. Компания жағдайға тұрақты мониторинг жасау үшін арнайы комиссия құрып, қызметкерлер мен олардың отбасыларын қорғау үшін шұғыл шаралар белгіледі. Қатердің алдын алу үшін қауіптілігі жоғары санатқа жатқызылған кейбір қызметкерлер тобы қашықтықтан жұмыс істеуге ауыстырылды. Мүм­кіндігінше ел аумағында және одан тысқары сапарларға шығуға, тікелей қарым-қатынастар жасауға шектеу қойылды. ҚазМұнайГаз коронавирустық ин­фекцияның таралуына жол бермеу үшін барлық мүмкін шараларды қолға алуда. Елдегі төтенше жағдай тәртібін ескере отырып, өз қызметкерлері мен барлық мүдделі тараптар алдындағы жауапкершілігін терең түсініп, компания инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша шаралар кешенін қабылдады. Қазіргі күні ҚМГ компаниялары тобы қызметкерлерінің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету бойынша ауқымды шаралар жасауда. Офистік және өндірістік ғимараттар дезинфекцияланып, қызметкерлер арасында жеке гигиенаны сақтау шаралары туралы түсіндіру жұмыстары өткізілуде. ҚМГ компаниялары тобы бойынша қызметкерлердің Қазақ­стан аумағында, сондай-ақ шетелге іс­сапар­ларының барлығына тыйым салынды. Көпшілік қатысатын барлық іс-шаралар тоқтатылды. Өндірісте адамдар көп жиналатын жерлерде дезинфекция жүргізу, сондай-ақ қыз­меткерлердің дене қызуын өлшеу бойынша барлық қажетті шаралар жасалуда. Әкімшілік қызметкерлердің кемінде 50%-ы қашықтықтан жұмыс істеу тәртібіне ауысып жатыр. Ор­талық аппарат пен барлық еншілес ұйымдарда арнайы жедел штабтар құрылды. Компанияның барлық кәсіпорындары қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Бұдан басқа, мұнай мен газ өндіру, тасымалдау және мұнай өңдеу зауыттарындағы жұмыс қалыпты жағдайда жүзеге асырылып жатқаны, мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалмайтыны хабарланды.

Ботагөз Әбдірейқызы

446 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы