• Өндіріс
  • 19 Наурыз, 2020

Тәжтажал мұнай бағасына қарсы күрес үстінде

Brent маркалы мұнайдың бағасы 2016 жылдан бері алғашқы рет 32 доллардан төмен құлдырап кетті, деп жазады finprom.kz сайты.

Соңғы айларда әлемдік экономика барған сайын күрделене түскен жағдайларға душар болуда. 2020 жылдың басында шикі мұнай бағасы біртіндеп төмендей түскен. Жұртшылық үрейленіп атау қойған «тәжтажал», яғни коронавирустың (COVID-19) одан әрі таралуы және экономикаға әсерінен туындаған қауіп-қатерлер салдарынан тұтыну­шылар сұранысы құлдыраған. Тажал аурудың жайылып кетуіне байланыс­ты, коронавирустан әлемдік экономика кешкен ысырап ағымдағы жылы 2 трлн АҚШ долларын құрауы мүмкін – ЮНКТАД өзінің баяндамасында осындай болжам жариялап отыр. Жалпы алғанда, аса ірі екі мұнай өндіруші арасындағы келіспеушілік әлемдегі беймәлім жағдайға ұрын­дырды. Атап айтар болсақ, ОПЕК+ елдері министрлерінің Вена­дағы келіссөздері Ресей мен Сауд Арабиясы елдерінің келісімге келе алмауы себепті сәтсіз аяқталды. Соның айғағындай, 9 наурызда Brent маркалы мұнай бағасы 24,1 пайызға, бір барреліне 34,36 АҚШ долларына дейін төмендеді; сауда барысында мұнайдың (Brent) бағасы бір сәтте тіпті бір барреліне 2016 жылдың қаңтарынан бері бірінші рет 31,02 АҚШ доларына дейін түсіп кетті. Ал WTI маркасына баға 24,6%-ға, барреліне 31,13 АҚШ доларына дейін құлап кеткен. Ағымдағы жылдың 10 ақпанына S&P Global халықаралық рейтингтік агенттік Brent-тің 2020 жылға орташа бағасының болжамын барре­ліне 40 АҚШ долларына дейін құлды­рауын жобалаған. Ал одан бұрын агенттік Brent-тің биылғы орташа бағасы барреліне 60 АҚШ доллары төңірегінде ұстанып тұрады деп күткен болатын (1-инфографика).

Мұнай бағаларының төмендеуі және доллар мен евро бағамының құбылуы халықаралық биржалардың индекстеріне айтарлықтай жағымсыз әсерін тигізді. Мәселен, өткен дүйсенбіде еуропалық биржалар кәдуілгідей минусқа кетті. Лондон биржасының FTSE 100 индексі 7,7%-ға, немістің DAX-ы – 7,9%-ға, франциялық CAC 40 – 8,4%-ға «отырған». Нью-Йорк қор биржасында S&P 500 индексі 7,6%-ға құлаған. NASDAQ Composite (IXIC) индексі, өз кезегінде, 7,3%-ға, Dow Jones – 7,8%-ға отырып қалған. Бұдан соң, биржаның жұмыс тәртібіне сәйкес, сауда 15 минутқа тоқтатылған. Сауданың автоматты түрде бұғаттауы соңғы рет 2008 жылғы 1 желтоқсанда іске қосылған. Қазақстан қор биржасындағы KASE индексі 2020 жылдың 10 желтоқсанында 4,7%-ға төмендеген. Осындай оқиғалар көптеген елдердің үкіметтеріне елдегі эконо­ми­калық жағдайды реттеу бойынша лезде іс-қимыл танытуға қозғау салған. Мәселен, бағалар тұрақ­тылығын сақтау үшін Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 12%-ға дейін арттыру бойынша кезектен тыс шешім қабылдады. Мұнан басқа валюта нарығын тұрақтандыруды қамтамасыз ету үшін және қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қаржы­лық реттеуші тиісті валюталық бас­қын­шылық жүргізетін болады. Ол үшін елде жеткілікті көлемде алтын-валюталық активтер, сондай-ақ қажет құралдар да бар. Аталмыш шаралар дағдарыстың жеделдеуін шектейді және ұлттық валюта бағамының шектен тыс құбылмалылығын болдырмауға мүмкіндік береді. Мұнайға бағалардың құлдырауынан кейінгі бірінші күні елдің көптеген айырбастау пункттері валюталар бағамымен алыпсатарлық жасай бастады. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы кейбір айырбастау пункттері, 11 наурыздағы доллардың нарықтық бағамы 393,6 теңгені құрағанына қарамастан, оны 400 теңгеден жоғары сатқан. Дамушы нарықтардың, соның ішінде Қазақстанның сауда әріптес­терінің де, валюталары бүкіл әлемде әлсіреуде. Мысалы, 10 наурызда доллар бағамы 4,1%-ға, 71,4 рубльге дейін (бұл күні ең жоғары деңгейінде долар 72,8 рубльге дейін көтерілген) көтерілген. Дегенмен де, Қазақстан Ресей сияқты ағымдағы жағдайға қайыспай қарсы тұруға мүмкіндік беретін бірталай қаржылық беріктіліктің босалқы қорына ие. Мәселен, ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Қазақстан экономикасы мұнайға мұнан да төменірек бағаларға төтеп бере алады деп мәлімдеді, Ресейге қатысты да сарапшылар осындай баға беріп отыр (2-инфографика).

Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджеті негізінен мұ­най-газ секторының салықтарына тәуелді. «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында мұнай бағалары бір барреліне АҚШ-тың 55 доллары консервативтік деңгейі жүктелген. Тиі­сінше, мұнай бағаларының құлауы еліміздің мемлекеттік бюджеті кіріс­теріне айтарлықтай әсер етпек. Мұндай жағдайда Қазақстан Республикасы үкіметінің бюджеттік саясаты шаралары әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындауға бағытта­латын болады. Басым емес бюджеттік шығыстарды қысқарту бойынша да шаралар қабылданады. Жалпы алғанда, Үкімет пен Ұлттық банктің жайсыз зардаптарды мейлінше азайту және елдің әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мүмкіндіктері жеткілікті.

Осы ретте Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы келтірген дәйектер де біраз жайтты аңғартқандай. Brent мұнайының белгіленімдері осы дүйсенбіде барреліне 29,83 АҚШ долларына дейін төмендеп, 7,5%-ын жоғалтты, дейді Қазақстан қаржыгерлер ассоциацисы өз сайтында. Мұнай сатушылар орталық банктер мен үкіметтер қабылдап жатқан шаралар әлемдік экономика құлдырауының бетін қайтара алмай ма деп қауіптенеді. Сонымен қатар сарапшылар мұнай нарығындағы жағдай одан әрі нашарлай берсе, ОПЕК+ қатысушылары келіссөздер үстеліне қайта отыруға мәжбүр болатындарын жоққа шығармайды. Мына деректерге де тоқтала кеткен орынды болар еді. Мәселен, Блумбергтің хабарлауынша, 1 сәуірде Сауд Арабиясы шикізат өндірісін тәулігіне 10 млн баррельге дейін, қажет болған жағдайда 12 миллионға дейін арттыруды жоспарлап отыр екен. Сонымен қатар Эр-Рияд өздерінің тұрақты тұтынушылары үшін 20 жылдық рекордтық жеңілдіктер жариялады. Сарапшылар мұнай бағасының құлдырап кетуіне осы фактор себеп болғанын да айтады. Бұған қатысты «2020 жылдың 1 сәуірінен бастап қазіргі қабылданған шешімді ескере отырып, ОПЕК және ОПЕК-ке мүше елдердің бірде-біреуінің қысқарту міндеттемелері жоқ», – деді Ресейдің энергетика министрі Александр Новак. Оның айтуынша, енді Ресейдің мұнай өндірісін ұлғайтуы ұлттық компаниялардың жоспарларына байланысты болмақ.

«Біз мұнай нарығындағы бағалар соғысының қайта оралғанын көріп отырмыз. Бұл баға ұсыныстарының жаппай құлдырауына себеп болды. Мұнай экспорттаушылардың нарықтағы күрестері белсенділігіне, сондай-ақ әлемдік экономикаға вирустық фактордың қысымының ауқымына байланысты мұнай бағасы барреліне 20 долларға дейін түсуі мүмкін», – дейді «BCA Premier» сараптамалық орталығының бас сарапшысы Антон Покатович. Оның айтуынша, коронавирустың таралуы бәсеңдеген жағдайда мұнай­дың әлемдік бағасы барреліне 40-50 доллар деңгейіне қайта оралуы мүмкін. «Барлық мәселе мұнай өндіру­шілер арасында келісімнің болмауы. ОПЕК + аясында келісімдердің болуы шикізат өндіретін елдердің бір нәрсе – әлемдегі сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігін бақылауды жүзеге асыратындығын білдірді. Бірақ, тарих көрсеткендей, үлкен ақша әлемінде әркім өзі үшін әрекет ететінін ұмытпауымыз керек. Мұнда тек мүддеге орын беріліп, достық, әріптестік деген ұғымдар кейінге ысырылып қалады. Алдағы алты айда Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің бағасы 21-45 доллар аралығында болуы да әбден мүмкін. Мұндай жағдайда кейбір жекелеген елдердің ұлттық валюталарын девальвациядан тек интервенция ғана сақтап қалады», – деп түйіндейді «Альпари» ақпараттық-сараптамалық агенттігінің сарапшысы Анна Бодрова.

Исатай ҚАМБАРОВ

591 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы