• Өндіріс
  • 23 Сәуір, 2020

Қазақстан алдындағы қыл өткелдер

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Осындай мәліметтерді қоғамтану және саясаттану ғалымдарының әлемге танымал маманы болып табылатын, кезінде КСРО Коммунистік партиясы Орталық комитетінде өте жоғары дәрежелі қызмет атқарған Александр Ципко сіз бен бізден артық білмесе, кем білмейді.

Бірақ Қазақстанға келгенде шындықты осылайша бұрма­лаған­ды жөн көреді. Сондықтан бұл жер­­дегі мәселе білікте емес, қазақ­қа қатысты теріс пиғылда болса керек. Қазақстанның шығысы мен солтүстiгiндегi бiрқатар облыстарды қазақ жерi деп мойындамау шекара белгiленген өткен ғасыр­дың 20-жылдарында-ақ болған. Шешiмдi қабылдаған Кремльге «ренжу», әсiресе, Сiбiр мен Орал аймағындағы губкомдарда көп болған. «Ендi, мiне, Қазақстанмен қоса кеткен сол даулы жерлерден Ресей мүлдем айырылып қалды», – дейдi сол губкомшылардың осы замандық рухани мұрагерлерi. Сөйтiп, бар бәленi большевизм басшыларына жабады. Бiрақ аталмыш большевик көсемдерiн «болашақта не боларын ойламаған» деп айыптау шындығында бос сөз едi. Қайта олардың көрегендiгi таңқал­дырады. Өзiңiз ойлап көрiңiз: нелiктен Қазақстанның Сiбiр­мен шектесетiн жағы, әсiресе, Орал тауларының тұсында 50-шi параллельден сәл ғана асады? Жауап бiреу-ақ. Ол жерде Башқұртстан Қазақстанмен шектесуге сәл қалып тұр. 1917-18 ж.ж. Ресейдегi не­гiзгi күштер өзара қырқысып жатқанда, башқұрт игi жақсылары башқұрт-қазақ мемлекетiн құру жобасын жасаған. Қазiргi башқұрт зиялыларының айтуына қарағанда, осы жәйттен қатты секем алған Кремльдегi басшылар кейiн шекара жүргiзерде Башқұртстан мен Қазақстанның арасын тiкелей байланыстырмаудың бар амалын iстеген көрiнедi. Сондықтан осы тұста жер жағынан қатты ұтылған екi республика басқа бағытта еселерiн қайтаратындай қосымша үлеске ие болған екен... Бұл жағдайдың тиiмдiлiгi өткен ғасырдың 90-шы жылдарында ашылды. Ресей Федерациясының бiртұтастығына қауiп төндірген осы тұста үш автономиялық республика – Чешенстан, Башқұртстан және Татарстан болды. Бұлардың үшеуi бiрдей керi тартып шыға келгенде, не болары бiр Құдайға ғана аян еді. Мәселен, кезінде Чешен­стандағы жағдайды қалыпты күй­де сақтауға басты кесел болған нәрсе – оның сыртқы шекара­сының барлығы еді. Осы жайт бұрындары Ресей үшін көп қиын­дық туғызды. Ал, Татарстан мен Башқұртстан өзара шекаралас болғанмен, олардың сыртқа тi­келей шығар шекарасы жоқ. Ондай шекара болған күнде жалғыз осы республикалардың ғана емес, бүкiл ТМД тарихының қандай болған боларын кiм бiлсiн. Дегенмен, оның пайда болуына ғана емес, қарастырылуына да түрткi болатын нақты себеп бар. Ол Ресейдiң Чешенстан мәселесiн сонша тырысқанмен, біржолата үзілді-кесілді шеше алмағандығында жатыр. Онда Мәскеудің бақылауымен прези­денттік сайлау да, парламенттік сайлау да өткізілді. Республика­ға орталықтан қаржы мейлінше мол бөлініп те жатыр. Бірақ ты­ныштықтың ол елде біржолата орнағанына кім кепілдік бере алар екен?! Қайта Ресей сол ты­ныш­­тыққа ақшаны көп қылып бөлу арқылы жетуге тырысып жат­қандай көрінеді. Бұдан жер-жерлерде Ресей бұрынғыдай емес, әлсiреген екен деген пiкiр қалыптасып отыр. Ал, әлемде оның жауы жетедi. Қазiр Ресей қайтадан күшiне енуге барынша тырысып бағып жатыр. Бұл ел элитасының ырығы Америка басшылығыныкiндей табанды, бiрiздi болған болса, Мәскеу әлi де жарты әлемдi аузына қарата алған болар едi. Өйткенi, ол – қуатты ядролық қаруы мен ғаламат интеллектуалдық потенциалы бар ел. Кеңес Одағы бұл жағынан алғанда одан да күштi болған. Бәрiбiр ыдырап тынды. Бұрын мұндай ақырға тiрелудiң себебi нағыз ұлттық түсiнiкке жат және шынайы демократия қағидаларына қайшы коммунистiк идеология деп есептелетiн. Бiрақ одан берi де отыз жылға жуық уақыт өттi. Өзгерген ештеңе жоқ. Ресей сол баяғыша өзiне-өзi келе алмай жатыр. Оның әлсiз болғаны Қазақ­станның мүддесiне сай деу қиын. Өйткенi, Ресей әлсiреген сайын қалған екi күштiң – Америка бастаған Батыс пен тегі үндiеуропалық түбірден тарайтын Таяу және Орта Шығыс ұлттары қауымдастығының қысымы күшейе бередi. Ол ол ма, Мәскеудегi саяси орта тағы да дүрбелеңдi күй кешкендей болса, аталған екі күштің жойқын тегеуріні тура бiрден Қазақстан жерiнiң өзiнде көрiнiс табуы ғажап емес. Ислам әсiрешiлдерiнiң Орталық Азияда, оның iшiнде Қазақстанда да өз тәртiбiн орнатуға құлшынуы қазiргi таңда құпия емес. Олардың солтүстiк-шығысқа қарай бағытталған экспансиясы 1999 жылы басталды. Қырғызстан мен Қазақстанның мұсылмандары оларды жаппай қолдап шыққандай жағдайда Ресейдің превентивтiк (алдын-алуды көздейтiн) шаралар қолданудан басқа амалы қалмайды. Өйткенi, егер ол алдын-алу мақсатында берi қарай өтпесе, бұлар түбi оған қарай барады. Ал бұл қалай болғанда да әлем­дi қайта бөлуге бағытталған қимыл болып шығады. Ол деге­нiңiз – кезектi дүниежүзiлiк со­ғыс­­тың алғышарты. Өйткенi Ресей әрекетсiз қалған күннiң өзiнде де, Батыстың қуатты державалары қарап қала алмайды. Батыс және Ресей бақылаушы­лары мұсылман әсiрешiлдерiнiң Орталық Азияға қарай баруы алда­ғы уақытта қайта жанданады деп отыр. Осылай болған күнде аймақтағы тұрақтылықтың сақта­лып қалуын қамтамасыз ете алатын жалғыз күш – Ресей. Алайда бұл жерде екi «бiрақ» дегiзетiн тұс бар. Бiрiншiден, Ресей әзiрге батыстық санкциялар шырмауынан шыға алмай отыр. Екiншiден, кез-келген соғыс ең алдымен экономикалық мүдденi көздейдi. Ал осы тұрғыдан алғанда қазiргi Қазақстан Ресейден гөрi Батыс елдерi үшiн маңыздырақ. Бiрақ «АҚШ немесе Батыс Еуропа осында солдаттарын әкелiп, елiмiздiң оңтүстiк шекарасын қорғайды-ау» дегенге еш сенiм жоқ. Әрине, олар өз мүдделерiн қорғайды. Бiрақ Қазақстанның бiртұтастығы үшiн олар өз солдаттарының басын оққа тiгедi деп күту, әрине, тым артық нәрсе.

МҰНАЙ ЖӘНЕ ГАЗ

Осы арада бiз екiншi тақы­рыпқа өтемiз. Алдағы мамыр айында «Бритиш Петролеум» бастаған халықаралық консорциумның Баку – Тбилиси – Джейхан құ­быры арқылы әлемдік нарыққа көмірсутекті шикiзат жеткізу ісін бастағанына он бес жыл толады деп күтілуде. Бұл құбырдың тәулiктiк тасымалдау мүмкiндiгi – 1,2 миллион баррель, жылдық тасымалдау мүмкiндiгi – 50 миллион тонна. Бәрi жақсы-ау, бiрақ бүгiнгi таңда жылына осы консорциум жұмыс iстеп жатқан Әзербайжан түгiлi, бүкiл Закавказьеде 50 миллион былай тұрсын, 40 миллион тонна да мұнай өндiрiлмейдi. Биылғы жылға арнап Әзербайжанда бел­гіленген жоспарлық меже – 36,49 миллион тонна. Сонда 2005 жылдан бері жұмыс істеп жатқан БТД (Баку – Тбилиси – Джейхан) консорциумы 50 миллион тонна мұнайды қайдан алмақ? Закавказьеден тыс жерде оны алатын ел бiреу-ақ. Бұл – біздің республика. Бiрақ Қазақстандағы кенiштерде өндiрiлiп жатқан мұнайдың барар жолы бұрыннан бар болатын. Ол – негiзiнен Ресей арқылы. Одан қалса, өткен онжылдық барысында салынған Атасу – Алашанькоу құбыры тағы бар. Осының бәрi – БТД консорциумына айдан анық нәрселер. Сонда бұның алдын-ала дұрыстап ойлап-пішілмеген іс болғаны ма? Олай деуге негіз жоқ. БТД консорциумындағылар ешбір сасып жатқан жоқ. Әлі де уақыт өте келе Қазақстан жағынан қанша мұнай керек болса, сонша мұнай ала алатынына олар кәмiл сенiмдi көрiнедi. Кезінде ресми Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) оларға алдымен 20 миллион тонна мұнай беріп тұруға міндеттенген болатын. Құбыр іске қосылған 2005 жылдың мамыр айында сол кездегі біздің премьер-министр Даниал Ахметов өзінің түркиялық әріптесі Реджеп Эрдоганмен кездесіп, Қазақстанның алдағы уақытта осы құбыр арқылы жылына 30 миллион тонна шикізат жіберіп тұруды жоспарлайтынын жария етті. Бұл, әрине, шындығында Қазақстан үшін мейілінше қажет шара емес, сол БТД-ны салып болғанымен, оған 50 миллион тонна көлемінде мұнай таба алмай қалған батыстық трансұлттық корпорациялардың мүдде­сіне сай тілектің көрінісі болатын. Мәскеудегiлер Астананың бұ­нысына бейризашылық танытты. Сол кезде ресейлік эконо­ми­калық сарапшылар «Қазақстан­ның екі бірдей құбыр – «Баку – Тбилиси – Джейхан» мен «Атасу – Алашанькоу» жобаларына қо­сылуы әуел бастан пайдаланылып келген «Атырау – Самара» құбырын жұмыссыз қалдыратын болды», деген әңгіме көтере бастады. Қытайға қарай баратын бағытқа қатысты олар­дың тарапынан шындығында дау болған жоқ. Ал «БТД-ның жөні тіпті басқа», деп есептеді әлгі сарапшылар. Ресей үкiметiнде мұнай мәсе­лесiмен айналысқан Калюжный мырза: «Баку – Тбилиси – Джейхан» жобасында ешқандай экономика жоқ, тек саясат қана бар», – деп ашықтан-ашық жария­лаған. Қазақстанда Закавказье жақтың мүддесiне сай осындай мiндеттеменiң алынуы саясат пен стратегия тұрғысынан алғанда елімiз үшiн, әрине, үлкен ұтылыс болды. Ресейдiң қоғамдық пiкiрi сол кезде «Астана алыстағы Түркияның жоғын жоқтап, жақындағы көршiсiнiң мүддесiне нұқсан келтiруге көнсе, оны оңтүстiктен төнетiн қауiптен қорғап ненiң әлегi», дегенге саятын еді. Және бұған қарсы ештеңе айта алмайсың. Өйткенi, «біреудiң жоғын екiнші бiреу өлең айтып жүрiп iздейдi» деген бар.

(Жалғасы бар)

513 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы