• Өндіріс
  • 23 Сәуір, 2020

Сенімді өнімге сұраныс жоғалмайды

Нарықтағы қазіргі жағдай мен айтып келген пандемия өндірістің тежеліп-тұралауына соқтырмай қоймайды. Осыған қарамастан кәсіпорындарымыз жұмыс қарқынын баяулатпай, отандық сөрені толықтыруға күш салуда. Қиын кезеңде Солтүстік Қазақстан облысындағы «ViZaVi Company» кондитерлік кәсіпорны 160 жұмыс орнын сақтап отыр.

Карантин жағдайында тұрғындардың күнделікті тірлігі негізгі қажетті тауарлармен – жеке күтім құралдарымен байланысты. Сонымен қатар денсаулығына алаңдаған жұрт кондитерлік тағамға емес, иммунитетті нығайтуға ықпалын тигізетін жеміс-жидекке, көкөніске ден қояды.

Туындаған жағдай сатылым деңгейіне әсер еткендіктен, зауыт басшылығы жұмыс күндерін жартылай қысқартуды шешкен. Бірақ әрбір қызметкерін басымдықта ұстайтын компания олардың жұмыс орнын сақтап қалды. Кондитерлік фабрика өзінің барлық өнімдерін жоғары сапалы табиғи шикізаттан, ешқандай консерванттарды қолданбай жасайтындығымен танымал. Бұл шикізаттың 80%-ін отандық өндіріс құрауда. ViZaVi Company бүгінде өзінің үй рецептеріне сай кондитерлік өнімдері мен кәмпиттерін тек Солтүстік Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де шығарады. Петропавлдан басқа, компанияның құрылымдық бөлімшелері Қарағандыда, Қостанайда және Көкшетауда жұмыс істейді. Өткен жылы кәсіпорын 1,3 мың тонна өнім шығарды. Облыс шекара маңында орналасқандықтан, өнімді Ресейге экспорттауға ешбір кедергі жоқ. Өнім негізінен Омбы, Қорған, Тюмень қалаларына жөнелтіледі. Кондитерлік өнімдердің 80-нен астам түрін шығаратын кәсіпорында өткен жылы шоколад өндірісі іске қосылды. Зауыт мұнымен шектеліп қалмай, үнемі жаңа өнімдерді енгізуге, ассортиментті жаңартуға, клиенттердің қалауына назар аударып, жаңа нарықтарға шығуға тырысуда. Барлық өнімдер сертификатталған және сапа төлқұжатына ие. Компания – «Қазақстанның үздік тауары» конкурстық-көрмесінің аймақтық кезеңін қосқанда, облыстық, өңірлік және халықаралық байқаулар мен көрмелердің бірнеше мәрте жеңімпазы. Кәсіпті үш адамдық команда мен 20 шаршы метрден бастаған шағын цех бүгінде заманауи кондитер фабрикасына айналды. Енді жұмысшылар саны 200 адамнан асып, өндіріс 1200 шаршы метр жерді ауқымдады. Оның басында кондитерлік үрдісті терең меңгеруге ұмтылған таудай талабымен Ләйла Сайдашова тұрды. Оның басшылығымен өркендеген шағын кәсіпорын енді дамыған тарату желісі бар ірі өндірістік компания ретінде танылып отыр. – Бизнесте табысқа жету үшін тек икемділік қана емес, шешім қабылдау жылдамдығы және стресске қарсы тұру қабілеті болу керек. Шешім қабылдаған кезде екі немесе үш нұсқа, яғни әрдайым болжамды балама болуы шарт. Кәсіпкер барлық мүмкін жағдайды алдын-ала зерделеп, алды-артын байыптағаны абзал. Сонымен бірге өнім бағытының даму тенденцияларын, тұтынушылардың тілектерін, серіктестердің мінез-құлқын ескеруге дайын болған жөн. Бүгінгі таңда іскер әйелдер тек тамақ өндірісінде, мейрамханаларда, сұлулық салондарында ғана емес, сонымен қатар басқа салаларда – тау-кен, мұнай өндіру, құрылыста да жұмыс істейді. Осы салаларда түрлі табысты фирмаларды басқаратын ханымдар тек іскерлігімен ғана емес, қарапайымдылығымен, мейірімділігімен ерекшеленеді. Өз істерін әдемі, абыройлы атқарып жүрген қыз-келіншектеріміздің, әжелеріміздің көптігі қуантады, – дейді іскер әйел.

Нарық қашанда өз бұйрығын жүргізеді. Қазіргі үрдіске сай, жұртшылық өнімнің тауарлық түріне, безендірілуіне, дәмінің сапасына ерекше мән береді. Соңғы уақытта таразыда салмақтап сатылатын тәттілерден гөрі жеке қаптамадағы өнімге үдеріс ауғаны байқалады. Кондитерлік өндірісте әрбір өнімнің өзіндік арнайы ингредиенттері бар. Яғни, тұтынушының өз таңдауына, қалауына, талғамына сай, белгілі бір құраммен өнім сатып алуына мүмкіншілігі кең. Ал өндіруші қосар ең басты ингредиент – бұл оның ынта-ықыласы екендігі анық. Бұл ретте өнімнің сапасы сыртқы келбетіне сай болуы аса маңызды. Осы құндылықты әрдайым ұстанатын кәсіпорын өнім әзірлеу барысында шикізат сапасын бақылауға зор мән береді. Тұтынушының сенімінен шыққан өнімге сұраныс қашанда азаймайды. Осыны үнемі ескеретін кәсіпорынның 14 жылдан бері шығарылып келе жатқан атаулы тәтті өнімдері бар. Тұрақты тұтынушылар оларды үнемі ықыласпен сатып алуда. Осылайша, жаңа үрдістерге ден қоя отырып, компания дәстүрлі өнімдерін шығаруды да ұмытпайды. Бұл кәсіпорынның өз тұтынушыларымен жақын адамдарша қарым-қатынас жасауға дағдыланғанын білдіреді. Ендеше бұл ашық, шынайы, салмақты бизнестің нарықта әркез әлеуетті, өміршең болатынының нақты белгісі.

Ботагөз Әбдірейқызы

451 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы