• Өндіріс
  • 30 Сәуір, 2020

Агроөндіріс мұнайға балама болады, тек батыл шешім қажет...

СӨЗБАСЫ.  ҚОЙ ҮСТІНЕ БОЗТОРҒАЙ  ЖҰМЫРТҚАЛАЙ МА?

Сынаптай сырғыған айлар мен жылдардың қырау шала бастаған биігінен бүгінгі, кейде ілгері озып, кейде кейін сырғыған тірлігімізге көз салып көрдіңіз бе? Не байқадыңыз сонда? «Адамдардың жоғалды сан жасағы, Мына дала, мына өлке жап-жас әлі» деп ұлы Мұқағали жырлағандай, бір қарағанда табиғатта еш нәрсе өзгерген де жоқ сияқты. Осы мақала ойыма түскен қараша, желтоқсан мен сол бір екі айда сол баяғы жазын – күзге, күзін – қысқа ауыстырып, өлшемді жүрісінен танбайтын мізбақпас Уақыттың дегеніне мойын ұсынған ауылдағы ағайынның күйбең тірлігіне тағы бір оралармын дегенмін. Тағы да Мұқаң айтқандай оқыр­манға «Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы, Бұдан артық рахат табылмайды. Бұлдырасын өткен күн сағымдай бір, Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы» деп өтініш айтып, талай жыр болған кооператив жайын, шағын бизнес ахуалын, неге екенін білмейім (бұл сырт көзге айтып отырғаным, ал шынтуайтында білем), құс келе қымбаттап кететін жанар-жағар майды кезекті әңгіме ғып қозғайын дегем. Сағым қуған көктемде егілген егіннен күзгі сүдігерге дейін қаламгер қауым мен ши қалпақты атқамінерлер ауық-ауық оралып, шопан қойын қоралағаннан кейін тым-тырыс қалатын ауыл – ескі қотыр ғой. Өйткені, кеңес насихатының «Ел тілегі – егін үстінде» деген ұранын басы-бүтін қара алтынға бағыштап, мұнайға құдайдай сиынып, соның тілеуін тілеп келдік. Енді, міне, Жер-ананың қазақққа бұйыртқан жерасты байлығының жыры таусылғандай. Ел шетіне тиген алапат тасыған су, жанған өрттей қусырып келе жатқанда ертерек етек-жеңімізді, тіпті есімізді деуге болады, жинауымыз керек сияқты. Дуалы ауыз айтқандай, басшы да, қосшы да батыл шешімдер қабылдайтын сәт туды. Сонау өткен ғасырдың 70-ші жылдары Сауд Арабиясының мұнай өнеркәсібі министрі болған Зәки Ямани «тас ғасыры тас таусылғаннан соң тәмамдалған жоқ. Сол сияқты мұнай дәуірі де мұнай түгесілгеннен кейін аяқталмайды» деген-тін. Көріпкел екен, айтқаны айнымай келді. «Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңғыстауда, Мұнаралар басына шырақ тасып», деп Төлеген жырға қосқан мұнай мұнаралары Сәкеннің отарбасындай өткен ғасырдың еншісінде қалды. Қазір әлемдік биржаларға көз тігіп отырған қара алтын алпауыттарының көңілдері пәс, қабағы сынық. Мұнай фьючерстері теріс мәнге ие болып, котировканың көтерілмеуі көкірегі аяққаптай Ресей мұнайшыларының «оқымаған жерінен» келді. Reuters агенттігі хабарлауынша, Ресейдің сөткесіне 1,65 млн баррель мұнай өндіретін «Лукойл» компаниясы Коми жеріндегі еншілес «Лукойл-Ухтанефтегаз»-дың кен орындарын жабу жөнінде шешім қабылдаған. Ал «Славнефть» болса Юградағы кәсіпшіліктерін қаңтармақ. ОПЕК+ мәмілесі ауқымында Ресей компаниялары өндірген мұнайларын ауада жағуды ұйғарып отыр. Әлемнің «энергетикалық астам державасы» болуға ұмтылып, азуын айға білеген, мұнай-газ саясаты арқылы импортшыларға тізесін батырып келген көршіміздің күнін басқа бермесін. «Бұқаға туған күн бұзауға да» келетіні рас болса, жоғарыда айт­қанымыздай, ертерек қамдануымыз керек. Өйткені «жұт жеті ағайынды» дейді. Халықаралық ұйымдар үстіміздегі жылда қара шегіртке қаптайтынын, әлем елдерінде тамақ қоры азаятынын айтып отыр. Бұл жөнінде БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының атқарушы директоры Дэвид Бизли Covid-19 қырғидай тимес бұрын бірнеше мәрте мәлімдеген болатын. Қазақстан – қазіргі таңда әлемдегі ең ірі бидай эскспортерлерінің бірі. Өндірісті жолға қойған жағдайда сыртқа шығарылым тізбесін өзге де дақылдармен, мал шаруашылығы өнімдерімен ұдайы толықтырып отыруға болады. Бірақ ауыл қазағы аяғынан тұрғанға дейін өндірілген өнім ішкі нарық қажеттіліктерін өтеуге, агроқожалықтар әлеуетін көтеруге, ауыл мен қаланың таразы басын теңестіруге жұмсалуы тиіс. Сонымен, осыдан бір-екі ай бұрын-ақ ел экономикасын өгіздей өрге сүйреген мұнай мен газдың күні қараң болатын түрі бар, дедік. Ендігі үміт – ауылда, аграрлық экономикада екені анық. Агроөндіріс мұнайға балама болуы тиіс. Алайда, заманның жақсы кезінің өзінде су аяғы құр­дымға сіңген талай-талай атышулы бағдарламалардың баянсыздығын көрген ауылдың бүгінде өзегі талды. Ұлт ұясына араша керек. Ауыл инфрақұрылымына салған қаржы ойластырыла, орнымен жұмсалған, экономиканы ұйымдастырудың, ғылыми талдамаларды өмірге енгізудің нақты шаралары қолға алынған жағдайда 2-3 жылда еселеп қайтарым беретінін отандық аграршы ғалымдар айғақтап отыр. Әдетте посткеңестік кеңістікте «Кім кінәлі?» мен «Не істеу керек?» деген сауалдар Абай атамыз айтқандай екі көзіміз алақтап, етек-жеңіміз жайылып, біраз далақтап шапқаннан кейін барып есімізге оралатынын жасырмаймыз. Бұл орайда кім кінәлі сауалын талдау-тексеру мекемелеріне қалдырып, не істеу керектігіне ойысайық. Қазақ үшін мұнай дәуірі бітіп, ауыл ғасыры басталғанда ғана қаймана жұрттың бағы жанатынын тағы да қайталайық. Аксиома сынды осынау ақиқат кең кабинеттер мен биік мінберлерден бүгін сөз болып, ертең іс жүзіне көшіп жатса, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманның қыр астынан қол бұлғайтынына сенімдімін.

ҒАЛЫМДАР НЕ ДЕЙДІ?

Ауыл тамырын мемлекеттік статистика мекемелерімен қатар тәуелсіз сарапшылар да басып отырады. Олардың бұдан бір-екі жыл бұрынғы деректеріне сүйенсек, ауыл шаруашылығына жарамды өңір тоқсаныншы жылдардан бері шегірен былғарыдай қуырылған. Шаруашылық айналымындағы жердің жалпы көлемі 52 млн гектарға, егістік – 7,5 млн, шабындық пен жайылым 37,4 млн гектарға қысқарған. 18 млн гектар егістік ауа және су эрозиясына ұшыраған, барлық жайылымдық жердің үштен бірі азып-тозған. Ел аумағының 66 пайызы шөл далаға айналып келеді. Тауарлы өндіріс көлемі күрт кеміп, соның салдарынан ауыл халқының әл-ауқаты төмендеген. Салыстырмалы бағамен есептегенде жалпы өнім көлемі 1994 жылға қарағанда 2,4 есе, соның ішінде егін шаруашылығында 1,5 есе, мал шаруашылығында 4,6 есе қысқарған. Халық тұтынатын ет пен оның өнімдері 40 пайыздан аса, сүт және оның өнімдері үштің біріндей, балық өнімдері үштің екісіндей, жұмыртқа 65 пайызға кеміген. Сарапшылар есебі бойынша елімізде тағам өнімінің 33 пайызы импортталады. Ал, тұтынылатын өнімнің 15 пайызының ғана сырттан әкелінуі ішкі өндірісті тұралатыны белгілі. Сөйтіп, ел қауіпсіздігіне, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігіне орны толмас нұқсан келтірілуде. Осыншама кері кетіп, күйзеліске ұшырау 220 млн гектар ауыл шарушы­лығына жарамды жерге, соның ішінде 29,1 млн гектар егістік пен 180 млн гектардан астам жайылымға ие бай елде орын алып отырғанына қайтіп қынжылмассың. Қала мен ауылдың арасындағы алшақтық күн санап ұлғая түсуде. Ауыл халқының жан басына шаққандағы табысы қаламен салыстырғанда 2,3 есе кем. Ал, ел халқының жартысына жуы­ғы ауылда тұратынын, олардың тек 20 пайыздан астамы ғана маусымдық жұмыстарға тартылатынын ескерсек, әлеуметтік ахуалдың мүшкілдігі бірден көзге шалынады.

АЛЫСТАҒЫ АНГЛИЯНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІНЕН

Президент Тоқаев күні кеше «Эко­номиканың тиімсіз салалары жабылады. Ал, басқа секторлар экономиканы дөңгелетіп, халыққа жұмыс беретін болады», деп атап өтті. Бұл секторға ауыл шаруашылығы енетіндігіне күмәніміз жоқ. Осы ретте экономика тарихынан бір мысал келтірейін. Англияның ауыл шаруашылығында ел халқының 1 пайызы ғана еңбек етеді. Бізде бұл көрсеткіш 40 пайыз төңірегінде. Ағылшын экономикасының өркен­деуіне қой шаруашылығының жедел дамуы, сөйтіп, тоқыма өнеркәсібінің өзге салаларды ілгері сүйреуі себепкер болғанын білеміз. Белді мамандар еліміз экономи­касының кешенді өсуі ауыл шаруа­шылығын заман талабына сай қайта құруға байланысты деп есептейді. Меншік түрін өзгерту арқылы ауыл шаруа­шылығын нарық жолына түсі­руге бағытталған тірліктің қолға алынғанына біраз болды. Ащы бол­ғанмен тағы да мойындауға тура келеді, осы мәселе төңірегінде қабылданған бағдарламалар сонша­лық баянды болмай шықты. Өйткені, біт­кен істен ұрандаған жалаң сөз, аттан­даған науқан асып түсіп жатты. Көп жұрт мұның себебін шаруашы­лықты ұйым­дас­тыру тетік­терінің жете ой­ласты­рылмаға­нынан іздегенді құп көреді. Өйткені, біздің болашаққа арналған жоба-жоспар, бағдарламаларымызда өткен кезеңдердің кемшіліктері сын тезінен өткізілмейді. Мәселен, азық-түлік импортын қысқарту дегеніміз отандық өнімге басымдық беруді, қаржыны өзге елдердің кәсіпорындарына емес, өзімізге бөлуді білдірмей ме? Бұл – бұрыннан келе жатқан кемшілік. Оның орнын толтыруға деген ықыласты қазір де байқап отырған жоқпыз. «Өткен күнде белгі жоқ» дейміз де, таптаурын болған импорт мәселесін біржолата шешіп алмай, барлық назарды, күш пен қаражатты басқа міндеттерге аударудамыз. Сондықтан да жұмсалған қаражат күткендегідей қайтарым бермей, қажыр-қайраттың көбі зая кетіп жатыр. Сондықтан да бір ағылшын фер­мерінің мысы қазақтың қырық шаруасын басып тұрғанына таңдануға болмайды.

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ: ҚАРЖЫНЫҢ ТИІМДІ ЖҰМСАЛУЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ КЕРЕК

Осы аптаның алғашқы күні мәлім­деме жасаған Президент былай деді: «Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері қиындыққа қарамастан жұмыс істеуде. Көктемгі егіс науқаны мәселелері шешімін тапты. Бұл жұмысқа еш­қан­дай кедергі болмауы керек. Ауыл шар­­уашылығы министрлігіне және әкімдерге осындай міндет жүктеледі. Осы науқанға және өнімді алдын ала сатып алуға 200 миллиард теңге бөлінді. Соның 70 миллиарды тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыштар сатып алуға жұмсалады. Жалпы, азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 триллион тең­геге жуық қаржы бөлініп отыр. Бұл – қомақты қаражат». Президент «үкімет пен құзырлы органдардың алдына қаржының тиімді жұмсалуын және осы үдерістің барынша ашық болуын қамтамасыз ету» жөнінде өте жауапты міндет қойды. Бұл орайда көп тірлік адам факторына қатысты. Енді осыған тоқталайық. Одақ кезінде 19 облыстан тұратын республиканың өндіргіш күштерін орналастырудың ғылыми негізделген нұсқасы экономи­калық-географиялық аудандастыру ерекшеліктерін ескере отырып жасалынған болатын. Оған сәйкес ең шалғай ауылдан облыс орталығына дейінгі қашықтық 500-600 шақырымды құраса, қазір ол 1000 шақырымнан асады. Облыс түгіл, аудан орталығына жету жырақтағы ауылдардың тұрғындары үшін нағыз қиямет-қайым. Мынадай бір дерек келтірейін. Қазақстанда да, Ресейде де жұрт Матай стансасын әлемге әйгілі Калашников автоматы дүниеге келген жер ретінде жақсы біледі. Құмдағы қойлы ауылдай емес, өнеркәсіп ин­фрақұрылымы бар теміржол тора­бының жағдайы жаман болмауға тиіс қой. Алайда, оңтайластырудың ызғарлы лебі бұл стансаны да шарпып өтіпті. Кезіндегі 12 мыңнан астам тұрғынның үштен бірі ғана қалған. Жалпы, аграрлық саладағы келең­сіздіктердің түп-төркіні, жоғарыда айтылғанындай, табиғи-өндірістік факторларда емес, адам факторында жатыр. Қиын кезде ел бастаған азаматтарға қойылатын талап көп. Басшылар халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөліп, қолдан келгенше көмектесуге, қаржы болмаған күнде де сөз жәрдемін беру арқылы көңілге демеу болулары керек қой. Алайда, ел тізгіні сеніп тапсырылған әкімдердің жұмысына өкпе көп. Әкімшілік аумақ халқына есеп бермейтін, жоғары жақтан тағайындалатын басшылар жоғарылардың алдында құрдай жорғалап, ел пікірімен санаспайды. Шенеуніктер мен халық арасында өзара түсініспеушілік жиі туындайды. Осы мәселелер төңірегінде біраз естияр азаматтармен пікірлескен едім. Ең алдымен қолға алынатын шаруа – кеңестік кезеңнен мұраға қалған «науқаншылдықтан» арылу екендігін алға тартқан олар ауыл шаруашылығын ұйымдастыру тәсілін түбірімен өзгерту, жүйелі әдіске көшіру керектігіне ден қояды. Шілдің қиындай пышыраған ұсақ қожалықтар күнін әзер көріп отыр. Сондықтан өзін ақтаған ірі астық, мал шаруашылықтарын ұйымдасты­рып, солардың құқықтық мәртебесі жөніндегі заңнаманы түбегейлі қайта қараған жөн. Ауыл шаруашылығын қаржылық қамтамасыз етуде мемлекет жәрдемі, яғни дотация мен субсидия үлкен рөл атқаруға тиіс. Тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік-мәдени сала толығымен мемлекет мойнында болуы керек. Энергиямен, техникамен қайта жарақтандыру – кезек күттірмейтін шаруалар қатарында. Бұрындары әрбір шопан қонысына тартылған ЛЭП-терді, ауыл шарушылығына арналған машина жасау саласын қайтадан қалпына келтірген абзал. Шаруашылықтар жанынан ірілендірілген мәшине-трәктір стансалары жасақталуы тиіс. Ауыл кәсіпкерлерін несиелеу де көкейтесті мәселе. Яғни көкейтесті ұйымдық-құ­қық­тық, заңнамалық, техникалық, қар­жылық, басқа да мәселелер шешімін табуы үшін ауыл шаруашылығына жан-жақты ойластырылған кешенді реформа жүргізу керек.

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ, «Tenge Monitor» газеті Ақылдастар алқасының мүшесі

486 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы