• Бизнес & Қоғам
  • 25 Қазан, 2012

ДАҢҒОЙЛАРДЫҢ ДАУЫ

Қаншама жылдан бері әулекіленіп, даурығып баққанымен ЖСДП-ның немесе сол Әбіловтің өзінің, я болмаса «Алғаның» бір де бір бастамасы аяғына дейін жетіп, нақты нәтиже болғаны елдің есінде жоқ. Құр сөз, айғай-шу, өнбес дау, орынсыз мәлімдеме немесе ешқашан орындалмайтыны айтылған сәтте ақ көзге ұрып тұратын бос уәде. Радикалды және әсіре саяси құрылымдардың Қазақстанның еуразиялық экономикалық ықпалдастық саласындағы қадамдарына қарсы референдум өткізу туралы  кезекті бастамаларын сарапшылар осы кезден сондай арзан популизмдердің қатарына қосып қойды.      

 

            Жел диірмендерімен күрес

 

Ендігі жерде ЖСДП пен «Алғаның» қыр соңынан қалмай жүрген сәтсіздіктерге әлем қоғамдастығына табысты ықпалдасып, өркендеп келе жатқан Қазақстанның экономикасы кінәлі секілді. Сол үшін бірнеше әсіребелсендінің басында қаңғырып жүрген парықсыз ойды біз жалпы халықтың талқысына салуымыз керек пе? Олардың жоңғар қақпасындағы жел диірменін қолмен итеріп тоқтатуға тырысқан әулекі әрекеттеріне миллиондаған қазақстандық бастарын қатыруы қажет пе?

Жауап біреу ғана: «Жоқ, әрине!» Оған біз басымызды қатырмауымыз керек. Қатыратын жөніміз де жоқ. Осылар жұрттың бәрі өздері секілді ерігіп жүр деп ойлайды ау деймін. Ауа райына байланысты күн сайын құбылып тұратын Әбілов пен оның жанындағы шабармандарының еркелігіне бас қатырып, алтын уақытымыз бен қыруар қаржымызды жұмсауымыз қалып еді енді.

ЖСДП-ның ешқандай қолдаушысы да, жақтаушысы да жоқ екенін жақында Әбілов Алматыда референдум мәселесін талқыламақ болып шақырған дөңгелек үстелден көрдік.

 

Таптауырын болған жол

 

 Жиын шақырылған кезде оның тақырыбы айқайлап тұрғанымен, оған шақырылған адамдардың ешқайсысы дұрыстап дайындалып келмегені анық байқалды. Сөз алып баяндама жасағандар, талайдан бері ести-ести құлақ сарсыған, Еуразия экономикалық ынтымақтастығы мәселесіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ежелгі әндерін қайталап шықты. Осыдан неше жыл бұрын жазылғаны белгісіз баяндамаларды қыстырма сөздермен тақырыпқа икемдемек болған әрекеттері әбдіренің түбінде былтырдан қалған сүрді жаңа сойылған жас ет деп тартқандай әсер қалдырды. Отырысқа қатысушылар өздеріне тән «білмеймін, бірақ жақтырмаймын» деген ұстанымдарынан айныған жоқ.

Екіншіден, келгендердің көпшілігі референдум мәселесіне тіптен қолдау білдірмеді. өз жайларына лағып, ұлттық мәселелерді, су мәселесін, одан қалды Орталық Азия елдерімен, Өзбекстанмен ынтымақтастықты дамыту қажеттігін сөз етті. Қырғызстандағы жағдай, зиялы қауым өкілдерінің қоғамдағы орыны туралы да айтылды. Қысқасы, бұл отырыс аю ән айтып, піл би билеген, қырықаяқ дирижер болған керемет бір оркестрдің ойынына ұқсады.

Үшіншіден, қалай болғанда да басқосуға себепкер болған бас тақырыпты талқылауға алып шықпақ болған еуразиялық экономикалық ынтымақтастықтың қас «дұшпандары» өздері көтеріп отырған мәселені мүлдем білмейтіндерін, нақты мәліметтер мен халықаралық тәжірибеден мүлдем хабарлары жоқтығын, әншейін қызуқандылықпен айқайды салып, байбаламдауға ғана бейіл екендерін танытты. Олардан қандай да бір ақпарат алмақ болғандардың қойған сауалдары шөлге сіңген судай үнсіздікпен ұласып, жауапсыз қалып жатты.

Төртіншіден, тағы да ескі әндеріне қайта басқан радикалдар Жаңаөзендегі еңбек дауын ушықтырғандары секілді өздері көтерген экономикалық мәселеге де саяси сипат беріп, оны барынша саясиландаруға тырысатындарын көрсетті.  Бұл жерде тағы да Алға суырылып алға шықты, Әбіләзовтің кезекті қолшоқпары болу бақыты бұйырған Сизов бұл жерде біраз рөл ойнады. Ол келелі іске аймақтарды тартуға дайын екендерін жеткізіп, кейбір аймақтарды өзім аралап шығамын деп бәлсінді. Козловтан алған үлгісі ғой күбірлесті отырғандай жерге түкіріп.

 

Олар қандай әңгімеден қашқақтайды?

           

Ең бастысы, Еуразиялық экономикалық ынтымақтастыққа қарсы референдумға бастамашылық етушілер мен дөңгелек үстелді ұйымдастырушылар ықпалдастық үрдісіне қатысты бір де бір нақты факті айтпады. Қай беттерімен айтады, ол фактілердің барлығы бұлардың бастамаларына қарсы сөйлеп тұр емес пе?!

Айтпаса бір айтайық:

Біріншіден олар Кеден Одағының былтырдан бері еліміздің экономикасына үндесе кірігіп, әрбір қазақстандықтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналып үлгергенін айтпады.

Екіншіден, 170 миллион адамға дейін кеңіген біртұтас экономикалық кеңістік кәдімгідей өзгерістерді бастан кешіп, оның құрамындағы ойыншылар жаңа бәсекелестік жағдайына бейімделіп жатқаны туралы жұмған ауыздарын ашпады.

Үшіншіден, бір де бір білікті экономист жоққа шығармайтын, Кеден Одағынан ең алдымен салыстырмалы түрде сапалы тауар сатып алу құқығына ие болған қарапайым тұтынушы пайда көретінін бұлар айтпақ түгілі, бастарына кіріп те шыққан жоқ.

Төртіншіден, Кеден Одағының құрылуы кез-келген кәсіпкерге бұрын арман болып келген жағдайды туғызды. Кеден алымдары қысқартылды, кеден бекеттері Одақтың сыртқы шекарасына шығарылды, баж салықтарын алудың тәртібі барынша  қарапайым бола түсті.

Іс жүзінде шетел инвестицияларының ағымына және бірлескен кәсіпорындар құруға жаңа көкжиектер ашылып, жаңа мүмкіндіктер жасалды. Ең бастысы, барлығымыздың көз алдымызда ортақ күш-жігермен ортақ Жалпы Ішкі Өнімі 2 триллион доллар болатын алып нарық пайда болды. Бұдан артық не керек?

Жоқ, бәрібір жан-жақтан айқай арқылы арзан бедел жинап қалуға ұмтылған популистер қарапайым адамдардың экономикалық модельдерден хабарсыздығын пайдаланып, олардың санасында ойнақтап бағуда.  Бұлардың өздері нені сынға алып жатқандарын түсінсе қанеки?!

Біреулер өздеріне елдің назарын аудару үшін «референдум» деп кеңірдек созады, келесі біреулері Жаңаөзеннен кейін жұрдай болған абыройларын осы арқылы қайтарғылары келеді, ал үшіншісі дым білмесе де шетелдегі көкелерінің бұйрығымен келіп, топ көбейтіп отыр.

Қысқасы, олардың бұл дөңгелек үстелдері саяси сауатсыздардың бір-біріне қарап, мен секілділер әлі де бар екен ғой шүкіршілік етулеріне қажетті отырыс болды. Бастамашысы мен ұйымдастырушысы қандай болса, отырыстың нәтижесі де сондай болатыны шындық қой.  Бұлар ешкім де емес, сондықтан ешқандай да нәтиже болған жоқ. Экономикалық стратегияға оппонент болу біріншіден терең білімді, өлшеусіз тәжірибені, орасан қажыр-қайрат пен ерік-жігерді қажет етеді. Ал, ЖСДП мен Алғада ондай қасиеттер болмақ түгілі, өздері қалай жандарын сақтауды білмей, шақша бастарынтауға да, тасқа да ұрып жүрген жоқ па?!          

637 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы