• Атамекен
  • 07 Мамыр, 2020

Еділдің суына емініп отырмыз

Ақ Жайық өңіріндегі табиғи су қорының 80 пайызы Ресейге тәуелді. Облыстағы ең басты су көзі – Жайық өзені өз бастауын Ресей Федерация­сы аумағындағы Орал тауларынан алады. Шаған мен Деркөлдің де бастауы – Орынбор жағында. Сондықтан бұдан сәл бұрын Ресей жағынан көктемгі судың мол келетіні жөніндегі ақпаратты көзім шалды. Сол қаншалықты рас? Жалпы облыс аумағындағы өзендердің жағдайы нешік? Үлкен және Кіші өзендерге су келеді ме? Ресейден су алу мәселесі қалай шешілуде? Міне, осы сауалдарға жауап іздеп, «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан облысы филиалының бас гидротехнигі Шынболат Ермағамбетовке жолыққан едік. Маман мән-жайды төмендегідей түсіндіріп берді.

– Биылғы қыста Ирикла су қоймасынан жоғары жағында қар қоры мол болды. Соған орай «Росгидромет» биыл су мол болады деген ақпарат таратты. Ол болжам тірліктегі жағдаймен сәйкес келмей қалды. Қазіргі уақытта Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне секундына 15 текше метр су келуде. Су аз жыл­дары жаз айларында жіберілетін су шамасына сәйкес келеді. Қазір Ирикла су қоймасында 547 млн текше метр су жинайтын бос орны бар. Ресей жағы сол бос орынды толтырмайынша, төменге көктемгі суды жібермейтіні анық. Екінші мәселе, Жайық өзеніне құяр су салалары 200-дің үстінде, солардың ішіндегі ең ірісі – Сақмар өзені. Оның бойында да қыста қар көп болды. Болжам бойынша Сақмарға 5-6 млрд текше метр су келуі тиіс еді. Ол да іс жүзінде шындыққа сәйкес келмеді. Биылғы су деңгейі былтырғы деңгейдің шамасында не одан төмен болады деп күтілуде. «Қазгидромет» мекемесінің берген болжамы бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі облыс орталығы Орал қаласы тұсында 200-300 сантиметрге дейін көтерілмек. Тағы қайталап айтайын: бұл болжам ғана. Өткен жылы Жайықтың су деңгейі 52 жылда болмаған деңгейге, яғни 240 сантиметрге жетті. Ал 1967 жылы су деңгейі 264 см болғанын ескерсек, соның өзінде 24 см-ге төмен болды. Жайық өзеніндегі су тапшылығы – 2-3 жылда қайталанып отыратын табиғи құбылыс. Трансшекаралық Шаған өзенін де су тапшылығы айналып өтпеді. Ол – Жайықтың ірі саласы, өзінің бастауын Ресейдің Орынбор облысы аумағы­нан алады. Шағанға құятын Деркөл өзенінің ұзындығы 100 шақырым ша­масында. Су тапшылығы жағдайын ескере отырып, биылғы 3 наурызда қажетті су көлемін жинау үшін Шаған су қоймасының қақпалары толығымен жабылды. Бүгінде онда жиналған су көлемі 13,9 млн текше метрді құрайды. Яғни жобалық көлемнің 72,88 пайызы. Әлі де 80 пайыздай су жинау мүмкіндгі бар. Бүгінде онда жинақталған су көлемі су қоймасы маңындағы саяжайлар мен шаруа қожалықтарының бау-бақша, көкөніс өсіруіне толықтай жетеді. Үлкен және Кіші өзендер (Қараөзен, Сарыөзен) де өз бастау­ларын Ресейдің Саратов облысы аумағынан алады. Қос өзенге су қорының 80 пайызы Ресейден келеді. 2019 жылы екі өзенде су тасқыны болмады. Биыл да сол жағдай қайталанып, өзендерге су келмеді. Осыған байланысты өңірдің оңтүстік-батыс аумағындағы экологиялық жағдай қиындап, осы аумақтарда тұратын 50 мыңнан астам тұрғын және 971 мың бас төрт түлігі бар Казталов, Жаңақала аудандарын сумен қамтамасыз етуде күрделі жағдай қалыптасуы ықтимал. Сондықтан халықты және мал шар­уашылығын сумен қамтамсыз ету, жерді суландыру, аумақтардағы экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін Еділ суына деген жыл сайынғы ең төменгі қажеттілік 107 млн текше метр құрайды. Қазіргі уақытта Қазақстан тарапы Ресейге жыл сайын қажетті судың тек 50-60 пайызының жеткізу шығындарын төлейді. Соңғы жылдары облыстағы су қоймаларында, соның ішінде тұр­ғындарды сумен қамтамасыз ететін құ­­рыл­ғы орнатылған су айдындарында және жасанды су қоймаларында судың сапасы нашарлап, су жасыл, тұзды суға айналуда. Көлтабандар мен табиғи шабындықтар суарылмағандықтан, мал басының одан әрі өсуіне мүмкіндік болмай, мал шаруашылығының дамуына кедергі болуда. Осыған орай Саратов каналы арқылы алынатын 17 млн текше метр көлемінде Еділ суын жеткізу үшін республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатты ұлғайту керек. Биыл Еділ суын насос стансалары арқылы беруге жұмсалған шығынды өтеу үшін республикалық бюджеттен 1 млрд 964 млн теңге, соның ішінде Ресей Федерациясының Саратов облысынан Үлкен және Кіші өзендерге су беруге 1 млрд 439 млн теңге, Волгоград облысынан Жәнібек жүйесіне су беруге 525,5 млн теңге бөлінді. Осы бөлінген қаржы-қаражатқа тек қана 72 млн текше метр су алуға болады. Ал жалпы қажеттілікті қамтамасыз ету үшін 107 млн текше метр су алу қажет. Осының барлығын ескере келе, облыс әкімдігі биылғы наурыз айында өңірдегі экологиялық тұрақтылықты сақтау үшін жетіспейтін 35 млн текше метр көлеміндегі Еділ суын алу үшін республикалық бюджеттен қосымша 999,1 млрд теңге қаражат бөлінуіне ықпал етуді сұрап, Қаржы министрлігіне хат жолдады. Осылайша Еділ суына емініп отырмыз.

ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА

714 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы