• Атамекен
  • 07 Мамыр, 2020

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚИЫНДЫҚТЫ ЖЕҢУ ЖОЛЫН АЙҚЫНДАП БЕРДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде сейсенбі күні жарияланған сұхбатында еліміз өмірінде болып жатқан жайттарға кеңінен тоқталып, экономикалық дамуымыздың қазіргі жай-күйі мен келешекте қалай өрбитіні хақында да жан-жақты әңгімеледі. Осы ретте Президент атап көрсеткен маңызды мәселелерді өз шолуымызда тілге тиек етпекпіз.

Мемлекет басшысы мынадай маңызды мәселелерге айрықша тоқталды. «Біз Қазақстанда төтенше жағдайды дер кезінде жарияладық. Осындай шаралардың арқасында вирустың жаппай таралуына жол бермей, қоғамдағы тұрақтылықты сақтап отырмыз. Дағдарысқа қарсы шаралар үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінгенін білесіздер. Ең алдымен, жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңге мөлшерінде төлем жасауды ұйғардық. Жалпы, 4,2 миллион адам бұл көмекті алды. Оны екінші айда да жалғастырамыз. Бұдан бөлек, 1 миллиондай мұқтаж жан азық-түлікпен және қажетті заттармен қамтамасыз етілетін болды. Әрине, ақша таратып берумен ахуал түзелмейді. Дағдарыс жағ­дайында кешенді әрі жүйелі шаралар ұйымдастырған абзал. Ең алдымен, жастарды жұмысқа орналастыру керек. Сондықтан 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Әр өңірде инфрақұрылымдық және инженерлік жобалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары бар. Міне, жұмыссыз қалғандарды солардың құрылысына, жөндеу жұмыстарына жұмылдырудамыз. Уақытша қиындыққа тап болған 1,6 миллион кәсіпкердің несиесін қайтару мерзімі кейінге шегерілді. Мұндай шара іскер азаматтарды қолдау үшін қажет. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қаржысы 1 триллион теңгеге дейін көбейтілді. Бұл қаражат жаңа жобаларды қайта қаржыландыруға, жеңілдік шарттарымен несие беруге жұмсалады. Кәсіпкерлер үшін салықтар мен басқа да міндетті төлемдер мерзімі ұзартылды. Зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдері еңбекақы төлеу қорының міндетті төлемінен алты айға босатылды», – деді Президент. Ол ұлттық валютамыз – теңге бағамы мен банк жүйесінің қазіргі кездегі жағдайына да тоқталып өтті. «Басқа елдердің валюталарымен қатар біздің теңгеміздің де құны кеміп кеткені рас. Осыған орай, Үкімет пен Ұлттық банк жағдайды тұрақтандыру үшін нақты шаралар қабылдады. Мен квазимемлекеттік секторға экспорттан түсетін табыстың бір бөлігін ішкі нарықта сатуды тапсырдым. Сондай-ақ олар шетел валютасындағы депозиттерін еліміздің қаржы жүйесіне қайтаруда. Бұл қаражат нақты жобаларға жұмсалады. Осы және басқа да шаралар доллар тапшылығын болдырмау үшін жасалып отыр. Банк жүйесі – қаржы нарығының аса маңызды бөлігі. Банктердің тұрақты жұмыс істеуіне мемлекет те, бизнес өкілдері де, қарапайым салымшылар да мүдделі. Сондықтан банктерге тегіннен-тегін қолдау көрсетілмейді. Бұл – ұлттық экономиканы көтермелеудің бір жолы. Қазір банктердің үздіксіз қызмет көрсетуіне мүмкіндік бар. Депозиттерге кепілдік беретін қор да тұрақты жұмыс істеуде. Бұл ахуалды Ұлттық банк бақылап отыр. Сондықтан са­лым­шылардың қаражатына ешқан­дай қатер төніп тұрған жоқ. Төтенше жағдай кезінде екінші деңгейдегі банктер әлеуметтік-экономикалық ахуалдың тұрақта­нуына өз үлесін қосты деп айта аламыз. Ең алдымен, банктер кәсіпкерлерге және азаматтарға берген несиені қайтару мерзімін кейінге ауыстырды. Нақты айтқанда, несие төлемдері 3 айға шегерілді.

БЮДЖЕТ – БАСТЫ НАЗАРДА

«Үкімет дағдарыс кезеңінде бюджетті нақтылаудың ерекше тәртібін бекітті. Коронавируспен күресу үшін қомақты қаржы бөлінгенін білесіздер. Ел азаматтарына қолдау көрсету, экономикалық белсенділікті арттыру шаралары қосымша қаржыны талап етеді. Ескерте кететін бір жайт, бюджет қаржысына қымбат көлік пен жиһаз алынбайды. Ауқымды жиындар өткізуге арналған қаражат қысқартылды. Кейбір инвестициялық жобалар кейінге қалдырылды.

Үнемделген қаражат экономи­каның тұрақты дамуын және төтенше жағдай режімін қамтамасыз етуге жұмсалуда. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағыт­талған бірқатар жобалар іске асырылып жатыр», – дейді Мемлекет басшысы.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ЖЕТЕ КӨҢІЛ БӨЛІНЕДІ

«Биыл көктемгі егіс науқанына және өнімді алдын ала сатып алуға 200 миллиард теңге бөлінді. Соның 70 миллиарды тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыш сатып алуға жұмсалады. Сонымен қатар шағын және орта шаруа қожалықтары жанармайды арзан бағамен алады. Осыған орай 390 мың тонна дизель отыны жеңілдікпен сатылуда. Мұның бәрі мол өнім алуға септігін тигізеді деп сенемін. Қазір халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету – негізгі мәселенің бірі. Мен мұны Үкіметке де, әкімдерге де тұрақты бақылауда ұстауды тапсырдым. Жалпы, елімізде азық-түлік жеткілікті. Алдағы кезеңде бағаны қымбаттатпай, елді дүрліктірмей, жұмысты дұрыс жүргізген жөн», – деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Тоқаев.

ОТАНДЫҚ БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ

«Отандық бизнесті дамытуға арналған бірқатар бастама жүзеге асты. Менің тапсырмам бойынша шағын және микро бизнес өкілдері үш жылға табыс салығынан босатылды. Олардың қызметі алдағы үш жыл бойы тексерілмейді. Сол үшін мораторий жарияланғанын білесіздер. Қазіргі төтенше жағдай кезінде де кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетілуде. Оны жоғарыда атап өттім. Елді алаңдататын өзекті мәсе­ленің бірі баспана екені белгілі. Осы бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылды. Үкімет алдына Елбасы ұсынған «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясын кеңейтіп, тұрғын үй құрылысын жандандыру міндеті қойылды. Соған сәйкес, биылдан бастап жыл сайын көпбалалы және мүгедек балалары бар 10 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға арналған әлеуметтік көмектің жаңа түрлері енгізілді. Мысалы, көпбалалы отбасыларға табысына қарамай жәрдемақы беріле бастады. Жарты миллионнан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі кепілсіз несиесі өтелді. Бұл бастамалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған».

ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР – БҮГІНГІ КҮН ТАЛАБЫ

«Бүгінде цифрлы технологиялар қарқынды дамып, қоғамдық өмірдің түрлі саласына дендеп еніп келеді. Біз осы үрдіске баса мән беріп отырмыз. Бұл – қазіргі заманның басты талабы. Мұны коронавирус індетіне байланысты туындаған күрделі кезең анық аңғартты. Менің тапсырмам бойынша Үкімет «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында анық­талған кемшіліктерді ескеріп, қайта қарайды. Цифрландыру үдерісі елімізді өркендетуге тың серпін беретіні сөзсіз. Оның мән-маңызы арта бермек», – дейді Президент. Еліміздің әлеуметтік-экономи­калық дамуындағы маңызды міндет­терді түйіндей келе, мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев былай деп атап көрсетті: «Елімізді өр­кендету үшін ұлттық экономиканы әртараптандыру үдерісін жалғастыра береміз. Осы жолда шағын және орта бизнеске барынша жағдай жасаған абзал. Сонымен қатар адами капиталды одан әрі дамытамыз. Бұл бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін қажет. Осыған орай білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларын да түбегейлі жаңғырту міндеті алдымызда тұр».

БИЛІКТЕГІ АУЫС-ТҮЙІС

Өткен аптаның соңында билікте бірқатар биік лауазымдық ауысулар да орын алды. Соларға нақтырақ тоқталып өтсек. 2 мамырда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жарлығымен ел Парламенті жоғарғы палатасының спикері Дариға Назарбаеваның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Ал одан кейінгі ауыс-түйістер осы аптаның басымен тұспа-тұс келді. Әдетте сенаторлар дүйсенбіде отырыстарын өткізбесе де, тап сол күні Президенттің ұсынуымен құпия дауыс беру арқылы бірауыздан Мәулен Әшімбаевты ҚР Парламенті Сенатының төрағасы етіп сайлады. Қасым-Жомарт Тоқаев жоғарғы палата отырысына қатысуы бары­сын­дағы депутаттар алдындағы өз сөзін­де еліміздің саяси және қоғамдық өміріндегі сенаттың маңызды рөлін атап көрсетті, деп хабарлайды Ақорда. «Бүкіл еліміздің алдында тұрған міндеттерді орындау үшін ең алдымен билік тармақтары арасындағы үйлесім қажет. Маңызды реформаларды жүзеге асыруда Парламенттің, әсіресе, Сенаттың рөлі де, құзыреті де ерекше. Сенаттың ең басты міндеті – сапалы заңдарды қабылдау. Мұндай заңдар реформаларға жол ашады, тұрақтылық пен тәртіпті қамтамасыз етеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Дариға На­зарбаеваның Сенат төрағасы лауазымында атқарған қызметін жоғары бағалап, оған өз ризашылығын білдірді. Бүгінгідей күрделі кезеңнен елімізді аман-есен алып шығу үшін Сенат депутаттарын жұмыла жұмыс істеуге шақырған Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сена­тының төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынды. «Ол мемлекет ісінің қыр-сырын жетік меңгерген, ұзақ жыл түрлі салада жемісті және тиімді қызмет атқарды. Парламент жұмысын жақсы біледі. Әрдайым өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сон­дықтан бұл қызметті абыроймен атқаратынына күмәнім жоқ», – деді Мемлекет басшысы. Тағы бір маңызды тағайындауға сай, енді идеологияға Дәурен Абаев жауап беретін болды, деп жазады БАҚ өкілдері. «Дәурен Әскербекұлы Абаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалсын», делінген Президент Жарлығында. Бұған дейін ол төрт жыл бойы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігіне басшылық жасады, оның алдында Президенттің Баспасөз хатшысы және көмекшісі болды. Аида Балаева елімізде алғаш рет Ақпарат және қоғамдық келісім ми­нистрлігін басқарған әйел болып отыр. «Қазақстандық үкіметте енді әйелдер саны екі есе ұлғайды», деп жариялап та үлгерді жаңалыққа әуес БАҚ көздері. Ол саяси карьерасын 2000-шы жылдары Алматы мен Астана әкімдіктерінде бастаған. Президент әкімшілігінде А.Балаева ішкі саясатпен айналысатын бөлімге жетекшілік еткен. «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға да қа­тысқан. Осы тағайындалуына дейін ол ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың кө­мекшісі болған.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

446 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы