• Өндіріс
  • 14 Мамыр, 2020

ГРЭС-1: Қуат рекордына қол жетті

Еліміздің ең ірі электр станциясы, энергетика көшбасшысы – Екібастұз ГРЭС-іне 40 жыл толды. Бүгінде Б.Нұржанов атындағы ГРЭС-1 – Қазақстанның біртұтас электр энергетикасы жүйесінің қажеттілігін қанағаттандырып отырған ұлттық деңгейдегі маңызды кешен. 

Тарихта қарқынды құры­лыс және даму кезеңі ретінде қалған өткен ғасырдың 70-жылда­рында Екібастұздың отын-энергетикалық кешенін құру аясында ГРЭС-1 нысандары салына бастады. Бұл жауапты процеске «Екібастұзэнерго» өндірістік бірлестігінің сол кездегі бас директоры Болат Нұржанов басшылық етіп, барлық сегіз энергоблокты салу, монтаждау және дамыту жұмыстарының жүзеге асуына өлшеусіз үлес қосты. 1-Екібастұз мемлекеттік аудандық электр станциясы Урал мен Батыс Сібір тұтынушыларын электрмен жабдықтау үшін құрамындағы 5 электр станциясының бел­гіленген қуаттылығы 20000 МВт болатын Екібастұз отын-энергетика кешенін құру жөніндегі жобасының бір бөлігі болды. Бірақ тек екі электр станциясының – ЕГРЭС-1 мен ЕГРЭС-2-нің ғана құрылысы аяқталды. 1980 жылғы 15 сәуірде КСРО Энергетика және электрлендіру министрлігі станцияның алғашқы турбогенераторын және қазандық агрегатын пайдалануға қабылдау туралы актіге қол қойды. Конденсатты электр станциясының қуаттылығы 4000 МВт болып белгіленді және әрқайсысының қуаттылығы 500 МВт болатын сегіз энергия блогымен жабдықталды. Оның алғашқы энергоблогы 1980 жылы пайдалануға берілсе, соңғы сегізіншісі 1984 жылы іске қосылды. Екібастұз ГРЭС-1 құрылған кезде сол уақыт үшін прогрес­сивті бірқатар техникалық және шаруашылық сипаттағы шешімдер іске асырылған. Атап айтқанда, электр станциясы отын өндірілетін жерге неғұрлым жақындатылды, салқындатқыш су қоймасы мен күл үйіндісі кұрғап қалған, шаруашылық мақсатында пайдаланылмайтын көлдердің табиғи ойпаңдарына жайғастырылды.

Қажетті су Ертіс-Қарағанды каналынан алынып, станцияны орналастыруда Екібастұз қаласына қарай соғатын желдің бағыты да ескерілді. 1981 жылғы қазан айында ГРЭС-1 алғашқы миллиард киловатт сағат электр энергиясын өндірді. Сол кезеңде ГРЭС-1 КСРО аумағындағы аса ірі жылу электр станцияларының қатарына енді. Екібастұз ГРЭС-1 электр станциясындағы суды химиялық тазарту (СХТ) жүйесін қайта құру жобасын алғашқылардың бірі болып іске асырды. СХТ жүйесін қайта құру барысында станция су жаңа мембрандық технологияларға көшті, бұл тұзсыздандырылған суды хи­миялық дайындау жүйесінің сенімді жұмыс істеуін едәуір арттырып қана қоймай, операциялық шығыстарды да азайтуға мүмкіндік берді. Тазартылған судың сапасы да жақсарды. Бүгінде Б.Нұржанов атын­дағы Екібастұз ГРЭС-1 – Қазақ­стандағы қатты отынмен жұмыс істейтін ең ірі станция және қазіргі қуаты 3500 мегаватт болатын әлемдегі ең ірі көмір электр станциясының бірі. Электр энергиясын өндірумен және таратумен айналысатын конденсациялық типтегі жылу электр станциясына 100%-тік қатысу үлесімен отандық ірі электр энергетикалық холдинг – Самұрық-Энерго иелік етеді. Ұлттық маңызды нысан республикадағы электр тұтыну көлемінің 20%-ін толықтай қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие. Онда өндірілген электр энергия­сының басым бөлігі ішкі нарыққа таратылады. Холдинг дерегі бойынша, ГРЭС-1 өткен жылды 18,3 млрд кВт-сағат электр энергиясын өндірумен аяқтады. Тұтастай алғанда, Қазақстан нарығында ЕГРЭС-1 өндірген электр энер­гиясының үлесі 14,2%-ке артты. Орташа блоктық жүктемесі 455 мегаватты құрайтын жеті энергия блогы жұмыс істеп тұрған кезде, станция күзгі-қысқы маусымға толық дайын екенін көрсетті. Ағымдағы жылдың ақпанында 7 энергия блогының жұмысы үшін рекордтық жүктеме – 3481 МВт тіркелді. Мұндай көрсеткіш соңғы рет 1986 жылғы ақпанда 8 энергия блогы жұмыс істеп тұрғанда байқалған екен. Сондай-ақ ағымдағы жылдың І тоқсанында Екібастұз ГРЭС-1 5,7 млрд кВт-сағ электр энергиясын өндірді. Сөйтіп, ЕГРЭС-1 өндірген электр энергиясының Қазақстан нарығындағы үлесі 19,4%-ті құрады. Электр энергия­сының ішкі нарықтағы сатылымы өткен жылғы І тоқсанмен салыс­тырғанда 31,3%-ке артып, 5,5 млрд кВт-сағатқа жетті. Өзбекстан нарығына 455 млн кВт-сағат электр энергиясы сатылды. Өзінің тұтынушыларын электрмен үзіліссіз қамтамасыз ету мақсатында станцияда кешенді іс-шаралар атқарылды. Мысалы, өткен жылы 3 энергия блогында ағымдағы және кеңейтілген жөндеу, ал екі энергия блогында (№3 және №5) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі күні бірінші энергия блогы қалпына келтірілуде, басқа блоктар секілді ол да жаңа үлгідегі, тиімділігі жоғары, күл ұстап қалу деңгейі 99,6% болатын электрсүзгілермен жабдықталады. Кәсіпорынның жұмыс қуат­тылығын арттыру елімізде электр энергиясының тапшылығы туындау қаупін төмендетеді және ұлттық экономиканың өсуіне септігін тигізеді. Бүгінгі таңда станция 1400-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Өндіріс қуаттылығын арттырумен қатар, өңірдің әлеуметтік тыныс-тіршілігіне белсене қа­тысатын ЕГРЭС-1 Екібастұз қаласының әлеуметтік жобаларына демеушілік көмек көрсетіп, қоғамдық қайырымдылық қор­ларына, мәдени-бұқаралық іс-шараларға қолдау білдіруде. Ел экономикасын дамытуды, табыстылықты арттыруды мақсат тұтқан кәсіпорын Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге ТМД-да қауіпсіз, экологиялық таза, тиімді және үлгілі кешен ретінде танылуға зор күш-жігер жұмсауда.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

657 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы