• Өндіріс
  • 22 Мамыр, 2020

Тіректі өндіріс тұраламайды

Шығыс Қазақстан өңіріндегі өнеркәсіптік өндірістің 70%-і өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Өткен 4 айда осы саланың кәсіпорындары 500 млрд теңге сомасына өнеркәсіптік өнім шығарды. Ағымдағы жылдың 3 айында облыс металлургтары өндірген өнім сомасы 241 млрд теңгеге жетті.Бұл межені еңсеруде металлургия саласының, соның ішінде Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты мен титан-магний комбинатының үлесі қомақты.

Өткен аптада еліміздің ең ірі индустриалды-аграрлық аймағына сапарында Үкімет басшысы Асқар Мамин осы зауыттарға барып, өңдеу өнеркәсібі алыптарының алдағы даму жоспарларына ден қойып, міндеттерді нақтылады. Өскемен титан-магний комбинаты – шикізатты өндіруден бастап қосылған құны жоғары өнім шығаруға дейін бағытталған ірі титан өндіруші. Түсті металлургия флагманы әлемде өндірілетін барлық титанның 11%-ін шығарады, авиағарыш саласындағы кәсіпорын өнімінің үлесі 18%-тен асады. Өскемен титаны кеме жасауда, энергетика саласында, мұнай-газ өнеркәсібіндепайдаланылады.Кәсіпорынның тауарлық өнімде­рінің негізгі түрлері – кеуекті титан, бастапқы құймалы магний, титан құймалары мен қорытпала­ры. Комбинат өнімдері әлемдегі барлық аэроғарыш саласының өндірушілерімен сертификатталған. Қазіргі уақытта өнімдердің 100%-і АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Франция, Оңтүстік Корея, Үндістан және Қытай сияқты индустриалды дамыған елдерге экспортталады.

Компанияның мұндай көрсет­кіш­­терге қол жеткізуіне индустрияландыру бағдарламасы бойынша инвестициялық жобаларды іске қосу мен үш бірлескен кәсіпорын (UKAD және EcoTitanium – Франция, POSUK Titanium – Оңтүстік Кореяда) құру елеулі ықпал етті. UKAD бірлескен кәсіпорнын титан құймалары мен қорытпаларын одан әрі өңдеу үшін ӨТМК акционерлері мен француздық Aubert&Duval компаниясы Францияда титан соғындыларын, табақтарды, шыбықтар мен сымдарды өндіру бойынша зауыт салу үшін құрды.ӨТМК авиациялық-ғарыштық, мұнай-газ және басқа да өнеркәсіп салалары үшін титан құймалары мен қорытпаларын өндіру бойынша цех құрылысын аяқтап, пайдалануға енгізді. Жаңа өндіріске 90 млн доллар көлемінде инвестиция салынды. Титан құймалары мен қорытпаларын шығарудың жоспарланған ең жоғары көлемі жылына – 11000 тонна.Осылайша, комбинатта титан құймаларын, қорытпаларды енгізумен және UKAD бірлескен кәсіпорнын құрумен барлық үш буынды: «ӨТМК» АҚ, «UKAD» БК және «Aubert&Duval» БК титан өнеркәсібінің әлемдік көшбасшыларымен бәсекелесуге қабілетті индустриялық байланысқан интеграциялық тізбек пайда болды. 2014 жылы ӨТМК электронды-сәулелі пешті пайдаланумен инновациялық өндірісті құру бойынша ірі жобаны жүзеге асырды. Ол үшін комбинат басшылығы оңтүстік кореялық компаниямен бірлесіп Кореяда «POSUK Titanium» ЖШС бірлескен кәсіпорнын ашты. Құны шамамен 50 млн АҚШ долларын құрайтын жобада көзделген­дей, қазақстандық титан өнімде­рі кейіннен Оңтүстік Кореяның ішкі нарығында өткізіле отырып, ыстықтай және суықтай илектелген титан құймалары әрі қарай қайта өңделеді. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы «ӨТМК» АҚ Үндіс­­тан­ның мемлекеттік кәсіпорны MIDHANI компания­­сымен ынтымақтастық меморандумын бекітті. Оның шеңберінде титан биоимпланттары мен медициналық құралдар өндірісі саласындағы әріптестік нығая түспек. Аталмыш компаниямен әріптестік қарым-қатынас он жыл бұрын орнаған-ды. Қазіргі уақытта отандық кәсіпорын бұл компанияға медициналық бұйымдарды өндіру үшін кеуекті титанды және Eli титан қорытпаларын экспорттайды.MIDHANI атом энергетикасы, аэроғарыштық, химиялық және мұнай-химия салалары үшін титан өнімдерін, сондай-ақ ASTM, BSI, ISO және BIS халықаралық ерекшеліктеріне сай келетін, бұл елдің дәрілік заттарды бақылау басқармасы лицензиялаған әлемдік деңгейдегі титан биоимпланттары мен протездерін шығарады. Мұнай-газ, машина жасау өнім­дерін өндіру, титан жабы­ны бар құбырлар мен қоспалар өндірісі үшін титан ұнтақтарын шығару– отандық титан өнеркәсібі перспек­ти­валарының бірі. Титанның биоло­гиялық инерттілігін ескере отырып, жақын арада биоимпланттар мен медициналық құралдарды өндіретін кәсіпорын құру жоспарлануда.Компанияның 2033 жылға дейінгі даму стратегиясы аясында бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылуда. Бағдарлама шығарылатын өнім номенклатурасын кеңейту, титан өндірісін қайта бөлуді ұйымдастыру, сондай-ақ тиісті мамандарды даярлаумен өндірістік процестерді автоматтандыру мен роботтандыруды мақсат етеді.

Өңірде серпінді дамып келе жатқан тағы бір белді кәсіпорын – Қазақстан нарығына бағдарланған құбыр желісі арматуралары мен саға жабдықтары импортын алмастырып, оны сапалы өніммен қамтамасыз ететін Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты. 2013 жылы кәсіпорын өндірістік қуаттылығына шықты. Құбыр желісі арматурасын және мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын өндіретін Қазақстанның ең ірі машина жасау зауытының өнім­дері мұнай-газ өнеркәсібі, магис­тральдық мұнай және газ құбыр желісі кәсіпорындары, айдау стансаларының технологиялық кестелері мен резервуарлық парктер, энергетикалық кешен, сумен жабдықтау сияқты кәсіп­орындарда қолданылады. Кәсіпорын сынамалы ысырма, шибер ысырмасы, шарлы крандар, кері қақпақшалар, дискті ысырмалар, ысырма тіреуіштерінің жабдықтары, фонтандық, ай­дағыш, қарнақсорғыш арматуралар өндіреді. Жобалық қуаты жылына 10 мың дананы құрайды. Шығарылатын өнім сапасы СТ-KZ тауар сертификатымен расталған. Қазақстандық мазмұн үлесі – 85%. Кәсіпорынның мұнай кәсіптік жабдықтары мен құбыр жүргізу арматуралары Ресей мен Өзбекстанда да сұранысқа ие. Бүгінде отандық машина жасау нарығында жаңа белестерді бағындырып отырған кәсіпорын өндірісте заманауи материалдар мен технологияларды қолдануды нақты жолға қойған. Озық құ­рылғылармен жабдықталған зауытта сапаны бақылау қызметі жұмыс істейді. Соның арқасында шығарылатын өнімнің барлығына 20 айға кепілдік беріледі. Өнім сапасын бақылау жүйесі түсетін материалдарды және жасақтау бұйымдарын кірер кезде міндетті түр­­де бақылауды қарастырады. Са­па қызметі материалдар мен пісіріл­­ген қосылысты бақылаудың қиратушы және қиратпайтын әдістерін қолданады. Шығарылатын ме­тал­құрамаларының пісірілген қосы­лыстарын бақылау кезінде ультрадыбыстық, капиллярлық және магнитті ұнтақты дефектоскопия қолданылады. Пісі­ріл­ген қосылыстарды бақылау өнімге техникалық шарттармен анықталған көлемде іске асырылады. Жалпы, соңғы жылдары арматура зауыты 100 млн доллар көлемінде қайта жаңарту жұмыстарын жүргізді. Үздіксіз дамуды мақсат еткен кәсіпорын техникалық толысу тұрғысындағы іс-шараларды осы қарқында өрістете бермек.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

555 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы