• Өндіріс
  • 28 Мамыр, 2020

Болашағы берік сала

Ағымдағы жылдың көктемінде Қазақстан мен Өзбекстан премьер-министрлері Қостанайда бірлескен жаңа автомобиль модельдері өндірісін іске қосқан болатын. Екі ел өндірістік процестерінің интеграциясы үшінші елдердің тауарлары мен қызметтеріне импорттық тәуелділікті азайту үшін өзекті болып табылады.

Автомобиль жасау – ел экономикасының серпінді дамып келе жатқан салаларының бірі. Индустрияландыру бесжылдықтарының қорытындысында автомобиль өндірісі өңдеу өнеркәсібіндегі ең қарқынды дамушы сала ретінде танылғаны белгілі. Мемлекеттік бағдарламада айқындалғандай, жаһандық трендтер металлургия, резеңке бұйымдар, шыны, тоқыма, электр жабдықтары мен аппараттары және тағы басқа аралас салаларды дамытуға әкелетін Қазақстанның автомобиль өнеркәсібінің өркендеуіне ықпал етеді.

Сәйкесінше, бұл саладағы өнімнің жалпы көлемін жылына 100 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы, оқшауландыру мен қазақстандық қамтуды арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқан машина жасау саласында 2019 жылы өндіріс өсімі екі есеге артты. Өнеркәсіп кәсіпорындары 240,4 млрд теңгенің өнімін шығарды. Жыл санап Қостанай облы­сында машина жасау өндірісі ұлғайып келеді. Егер 2010 жылы кәсіпорындар 77 автокөлік жинаса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 12 мың бірлікке жетті. Өңірдегі автомобиль құрастыратын негізгі кәсіпорын – «Аllur» компаниялар тобының мүшесі «СарыарқаАвтоПром». Аймақтың автомобиль өнеркәсібін дамытудағы стратегиялық серіктесі – қытайлық СиэМСи компаниясы. 2016 жылдан бастап Қостанайда «Қазақстанда жасалған» маркасымен 70-тен астам электромобиль шығарылды, олар еліміздің солтүстік аймақтарында жол сынақтарынан өтті. Бүгінгі таңда ірі автокөлік өндіруші «СарыарқаАвтоПром» зауытына елдегі өндірілген барлық автокөлік құралдарының жартысы тиесілі. Биыл Қостанай зауыты жалпы 186 609 млн теңге сомасына жеңіл автомобильдер, жүк көліктері мен автобустар өндірісін 25802 бірлікке дейін екі есе арттырды. Индустриялық жетістігі мол өңірде көлік шығарудың заманауи тетіктері іске қосылған. Кәсіпорын JAC, Hyundai, Ravon, ChevroletNiva, MAN, Ankai, Yutong, УАЗ секілді әлемге танымал 8 брендтің 50-ден астам моделінің өндірісін игерді. Ағымдағы жылдың қаңтар-ақпанында 6760 автомобиль құрастырылды, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4 есеге көп. Сондай-ақ биылғы қаңтар-ақпанда 500 автомобиль экспортқа жіберілді, бұл өткен жылғы осындай мерзімдегіден 4 есе көп. Бұдан бөлек, «СарыарқаАвтоПром» Ankai автобустарын құрастыруда. Бұл – жолаушылар сыйымдылығы 80 адамға арналған, экологиялық талаптарға сай келетін әр түрлі қозғалтқыштармен жабдықталған қалалық автобустар. Қостанай автомобиль зауы­тын­дағы «Chevrolet» маркасының жаңа үлгілерін құрастыратын Қазақстан-Өзбекстан бірлескен желісінде жыл соңына дейін 1 мыңнан астам жоғары өнімді жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта зауыт толық жүктемемен үш ауысымда жұмыс істеуде. Жаңа өндірістік желіде «Chevrolet» маркалы автомобильдердің Damas, Labo, Trailblazer, Malibu, Spark сияқты бірнеше түрі құрастырылады. «Chevrolet Damas» автобусы мен «Chevrolet Labo» жүк машинасының ақырғы қолжетімді құнының шамамен 3 млн теңгені құрауы сауда, логистика, ауыл шаруашылығы және өзге де салалардағы шағын және орта бизнес үшін тартымдылығын арттырады. Бүгінгі таңда облыста автомо­биль құрастырумен қатар мама­ндандырылған ауылшаруа­шылық техникасы мен комбайндар өндірісі жетіліп, дамып келеді. 2005 жылдан бері Қазақстандағы астық жинау комбайнын өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі болып табылатын «АгромашХолдинг KZ» кәсіпорнында 4 мыңнан астам комбайн жиналды. Олар еліміздің барлық аймақтарында сұранысқа ие. Компания сондай-ақ бірегей қызмет көрсету және сату желісіне ие. Өткен жылдан бастап облыста тракторлар шығарыла басталды. «АгромашХолдинг KZ» қытайлық серіктеспен бірге «Lovol» тракторлары өндірісін іске қосты. Ресейдің «Композит групп» компаниясымен Қостанай қаласының индустриалды аймағында құрастыру өндірісі іске қосылып, екі жүзден астам «Беларусь» тракторлары жиналды.

Ботагөз Әбдірейқызы

457 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы