• Өндіріс
  • 28 Мамыр, 2020

Сыртқы нарықты қалай игерудеміз?

KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы экономиканың басым секторларындағы шикізаттық емес тауарлар, жұмыстар, қызметтерді сыртқа шығару, қазақстандық кәсіпорындарды қолдау бағытында тиімді тәжірибе қалыптастыруда. Жыл басынан бері компания қолдауын 37 қазақстандық экспорттаушы сезінді. 

Төмен пайыздық мөлшер­лемемен берілетін несиелер өн­дірушілерге аса қажет, өйткені барлық шығындар өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Әсіресе, қазіргі күрделі экономикалық жағдайға, валюталық құбылуларға сәйкес шығындардың өсу қаупі де артады. Мұндай жағдайда тиімді шарттармен несиелендіру – ел өндірушілері үшін үлкен сүйеу боларлық тетік. KazakhExport-тың сақтандыруы арқылы отандық экспорттаушы төлемін кейінге қалдыра отырып, шетелдік контрагенттерге өз өнімдерін тәуекелсіз жіберіп, жеткізілім көлемін едәуір ұлғайта алады. 2017 жылдан бастап KazakhExport құралдарын Қазақстанның түрлі өңірлерінен машина жасау, металлургия, химия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы қызметті жүзеге асыратын 112 отандық экспорттаушы кәсіпорын пайдаланған. Осы үш жылдың ішінде сақтандыру қолдауының жалпы көлемі 245,9 млрд теңгені құрады, оның 97 млрд теңгесі – өткен жылдың еншісінде. Облыстар бойынша қолдау көрсетілген келісімшарттардың ең көп сомасы Алматыға (71 млрд теңге), Қостанай (48,3 млрд теңге), Павлодар (29 млрд теңге) және Ақтөбе облыстарына (17,6 млрд теңге) тиесілі. Қазіргі күні сақтандырылған экспорттық келісімшарттардың сомасы 21,5 млн долларды құрауда. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша KazakhExport қабылдаған міндеттемелердің көлемі – шамамен 19 млрд теңге, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңінен үш есе көп. Экспортқа дейінгі және сауданы қаржыландыру бойынша шартты салымдардың сомасы 10,9 млрд теңгеге жетті, қолдау көрсетілген келісімшарттардың сомасы 50,7 млрд теңгеден асты.

KazakhExport компаниясының қолдауына ие болып, импортты алмастыру бойынша үкіметтік бағдарламаға белсене қатысып қана қоймай, сыртқы нарықты табысты игеріп жатқан отандық кәсіпорындардың бірі – «Казэнергокабель» АҚ. Зауыттың KazakhExport-пен ынтымақтастығының бастапқы себебі де – осы екінші деңгейлі банктен арзан қаржыландыру алу болатын. Экспорттық сату қашанда белгілі бір тәуекелдермен бірге жүретінін ұғынған кәсіпорын басшылығы KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясымен ынтымақтастықта нақты мүмкіндіктер ашылатыны туралы біліп, онымен келіссөздерді бастаған. Компания бұл қадамды қолдап, экспорттық несиені сақтандыру мен экспортқа дейінгі қаржыландыруды ұсынған. Сақтандырылған экспорттық келісімшарттар «Казэнергокабель» зауытына айналым капиталын толықтыруға екінші деңгейлі банктен несие желісін ашуға мүмкіндік берді. Несие мөлшерлемесінің төмендеуіне байланысты зауыт экспортқа тауар өндіруге шикізат алды. Бұл өз кезегінде ірі қазақстандық кабель-өткізгіш өнімдерін шығаратын кәсіпорынның Ресей мен Өзбекстанға жеткізілімінің ұлғаюына ықпал етті. Берілген экспорталды қаржыландырудың жалпы сомасы 340 миллионнан астам теңгені құрады. Қазіргі кезде 17 мыңнан астам кабель және сым бұйымдарын шығаратын павлодарлық кәсіпорын өнімдері ішкі, сыртқы нарыққа белсенді өткізілуде. Зауытпен Өзбекстан мен Ресейге қазақстандық өнімдерді жеткізуге арналған үш экспорттық келісімшарт бойынша сақтандыру шарттары жасалған. Егер өткен жылы Өзбекстанға айына орта есеппен 356 тонна өнім сатылса, қазір сату көлемі айына орта есеппен 391 тоннаны құрайды. Сақтандырылған экспорттық келісімшарттар бойынша жасалған мәмілелер сомасы 1 миллион доллардан асады. «Біз тауарларды шетелдік контрагенттерге кейінге қалдырылған төлемдермен жеткіземіз. Сатып алушы тарапынан шартта көрсетілген мерзімде төлемеу қаупі туындаса, KazakhExport бізді бұл тәуекелден сақтандырады. Шартта көрсетілген мерзімде төлемеген жағдайда, компания бізге бұл соманы қайтарады, содан кейін оны сатып алушыдан дербес өндіріп алады», – деп түсіндіреді зауыттағылар. Биыл KazakhExport-тың қолдау құралдарын алғаш рет құбырлар мен фитингтерді өндіру мен сатуға мамандандырылған Fidelis Global және пластикті экструзиялау, сондай-ақ құймалы престеу бойынша ірі компания Novus Polymer пайдаланды. Оларды қаржыландыратын банк үшін қарыздарды сақтандыру құралы шеңберінде сақтандыру өтемі берілді. KazakhExport-тың осы құралының көмегімен компаниялар айналым қаражатын толықтыруға 400 млн теңге көлемінде қаржы алды, бұл өз кезегінде Өзбекстан мен Тәжікстанға қосымша шикізат сатып алуға және экспортталатын өнім көлемін ұлғайтуға септігін тигізді. Жыл басынан бері қолдау тапқан жобалардың ішінде азық-түлік өнімдерін өндірушілер де бар. Мысалы, KazakhExport-тың құралдарын алғашқы болып 122 компаниядан тұратын, көптеген елдерде 76 өкілдігі бар, «CG Corp Global» ЖШС ірі халықаралық корпорациясына кіретін «CG FOOD Central Asia» ЖШС пайдаланды. Өткен жылдың желтоқсан айында корпорация өзінің өндірістік желісін кеңейту үшін Түркістан облысында тез дайындалатын кеспе зауытын ашқан болатын. CG FOOD Central Asia Ресей Федерациясындағы үш шетелдік сатып алушыға қатысты экспорттық кредиттер бойынша шарттарды сақтандыруға ие болды. Сақтандырылған экспорттық келісімшарттардың сомасы 130 млн ресей рублін құрады. Зауыт осы жылдың басында қазақстандық тез дайындалатын кеспені жеткізуді бастады және РФ мен Өзбекстанға экспорттау географиясын біртіндеп кеңейтуді жоспарлап отыр. – Қазір отандық бизнес, бүкіл ел үлкен сынақты бастан кешіруде. Сондықтан біз белсенді жұмыс жүргізіп, аймақтардағы өндірушілермен, жергілікті басқару органдарымен әрдайым тығыз байланыс ұстаудамыз. Клиенттерге KazakhExport құралдары бойынша нақты, жедел шешімдер ұсынылуда, – дейді компания басшысы Руслан Ысқақов.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

434 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы