• Өндіріс
  • 04 Маусым, 2020

Қуаттың қайнар көзі

«Қайнар-АКБ» ЖШС – еліміздегі жалғыз аккумулятор өндіруші. Зауыт жылына шамамен 2,5 миллион батарея шығарады. Мамыр айында Алматы облысына жұмыс сапарында осы зауыт өнімдерінің үлгілерімен танысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын бәсекеге қабілеттілігін нығайтып, жаһандық нарыққа экспорттау мүмкіндіктерін арттыра алатынына сенім білдірді.

Өткеніне көз жүгіртсек, іргелі өндіріс ошағы КСРО-дағы сегіз аккумулятор зауытының бірі болған. Талдықорған қорғасынды аккумуляторлар зауыты 1975 жылы іске қосылып, жеңіл, жүк автомобильдері мен ауыл шаруашылығы техникаларына арналған аккумуляторлық батареялар шығара бастады.

Кейіннен атауы «Қайнар-АКБ» ЖШС болып өзгерген компания бүгінде экономикалық тұрғыда жан жақты дамыған, аккумуляторлық батареялардың толық өндірісімен қамтылған заманауи кәсіпорын деңгейіне көтерілді. Енді зауыт тепловоздарға арналған аккумуляторлар шығара бастады. Бірегей отандық тауар өндіруші «Самұрық-Қазына» холдингінің отандық тауар өндірушілерінің тізілімінде тіркелген, сондай-ақ халықаралық «Интербат» аккумуляторлық батареялар өндірушілер одағына кіреді. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру мен экспортты ұлғайту жөніндегі жұмыс «Қайнар-АКБ» серіктестігі үшін тұрақты процесс болғанын ерекше атап өту қажет. Жаңа технологияларды, жоғары сапалы материалдар мен белсенді массалар үшін арнайы қоспаларды қолдану арқылы нарықтың қатаң талаптарына сай келетін аккумуляторлық батареялар өндіруге болады. Бұл тауар сапасына кепілдік беріп, кәсіпорын қабырғасында шығарылатын өнім түрін ұлғайтуға жол ашады. Барлық өндірілген батареялар қазақстандық стандарттарға (СТ-KЗ) және ресейлік стандарттарға (РСТ) сәйкес сапа бақылауынан өтеді, бұл тұтынушының ең жоғары талаптарына жауап беретін дәрежеге әкеледі. Кәсіпорында мемлекеттің қолдауымен кең көлемде жаңғырту жүргізудің нәтижесінде зауыт өткен жылы өндіріс көлемін 2,5 миллион аккумуляторға дейін арттырып, өнімді ТМД елдеріне, Германияға, Польшаға, Қытай және Біріккен Араб Әмірліктеріне экспорттауға мүмкіндік алды. Өткен жылдың қарашасында Италияға тауар жөнелтілді. Бүгінге дейін кәсіпорында толық технологиялық цикл жолға қойылған. Ерекшелігі сол, зауыт құрамдас бөлшектерді қажет етпейді, өйткені барлық қажетті өнімдер оның өз цехтарында шығарылады, ұсақ бөлшектерді құю немесе дайын аккумуляторларды герметикалау жұмыстары өз қабырғасында жасалады. Яғни, зауытта батареялардың барлық құраушылары жасақталып, бөл­шектер мен жинақтауыштарды құюдан бастап дайын бұйымдарды құрастырғанға дейінгі толық процесс жүргізіледі. Ал бұл процестің пайдасы отандық тауардың құны айтарлықтай төмендегенде байқалатыны сөзсіз. Пластмасса бұйымдарын қалыптау цехында 35 станок орнатылған, оларда 240-қа дейін пластикалық қалыптар мен конфигурацияларды құюға болады. Моноблок, болашақ аккумуляторларға арналған бөлшектер, тұтастай алғанда, барлық өндіріске қажетті заттар бар. Ақ түйіршіктер – полипропилен машинаға түскен соң еріп кетеді де, оператор көрсеткен пішінді оңай алады. Әдетте, балқытуға арналған контейнерге салған кезде полипропиленге түрлі-түсті бояғыштар қосылады, бұл түрлі-түсті өнімдер алу үшін жасалады. Батареяларды толтыру өндірісіндегі негізгі шикізат – қорғасын Өскеменнен сатып алынады. Қорғасынға деген қажеттіліктің бір бөлігі пайдаланылған батареяларды арнайы цехта қайта өңдеу арқылы қамтамасыз етіледі. Онда терең тазалаудан өткен аккумулятор сынықтары жаңа өнімдерге арналған шикізатқа айналады. Озық еуропалық технологиямен жабдықталған заманауи шеберхананы іске қосу арқылы аккумуляторларды өндіру процесі жақсарды. Аккумуляторлық сынықтарды қалпына келтіруден оны электр пештерінде өңдеуден және қорғасынды терең тазалаудан бастап түрлі қорытпалар өндіруде, нәтижесінде жаңа буын батареяларын шығаруда елеулі ілгерілеушілікке қол жетті. «Экологиялық таза қала» жобасын іске асыру аясында зауыт аумағында кәдеге жарату бойынша ауқымды жоба іске асырылды. Оның аясында аккумуляторлық батареяларды қорғасын, паста, полипропилен металдандырылған фракцияларға бөлудің автоматтандырылған желісі іске қосылды. Италиялық «Engitec Technologies LTD» жетекші компаниясы жобалаған және орнатқан электролитті бейтараптандыру жүргізілді. Өңделген аккумуляторларды қайта өңдейтін аталмыш технология Қазақстандағы бірінші және бірегей жоба саналады. Ол жаңа инновациялық технологияларды пайдалана отырып, қолданылған аккумуляторларды фракцияларға бөлумен экологиялық қауіпсіз өңдеуді жүзеге асыруға, аккумуляторларды кәдеге жарату кезінде қоршаған ортаға тасталатын он мың тонна мөлшеріндегі қорғасын құрамдастарының үлкен көлемін экологиялық айналымнан шығаруға, алынған фракциялардан тауар өнімдерін – қорғасын және пластмасса алу мен олардан әрі қарай дайын өнім өндіруге мүмкіндік береді. Зауыттың элек­тротермиялық пештерінде айына 1100 тонна тауарлық қорғасын мен қорытпалар өндіріледі. Аккумуляторлардың оң және теріс торлары қорғасын-кальцийлі лентаны экспандирлеу технологиясы бойынша алынады. Лентаны италиялық «Sovema» фирмасының «Strip Line» жабдықтарында бірнеше рет айналдыру, кейіннен «Exmet технологиясы» перфорациялау жолымен және канадалық «Battery Technology Solutions Inc» компаниясының лентасын құю және экспандациялау бойынша желіде алады. Технология тоттанудың алдын алып, өздігінен қуатсызданудың төмен жылдамдығын қамтамасыз етеді. Бұл батареяға сенімділік пен ұзақ уақытқа жарауына кепілдік береді. Осы технология бойынша «Varta», «Exide, «Yassa» аккумуляторлық батареялары дайындалады. Батареялардың электродты тілімдері «Sovema» автоматтандырылған желісінде және «Battery Technology Solutions Inc» желісінде өндіріледі. Қорғасын пастасын, яғни белсенді массаны дайындау миксерлерде автоматты түрде берілген бағдарламамен жүргізіліп, онда араластыру қатаң бекітіледі. «Қайнар» аккумуляторлық батареяларын өндіру технологиясының арқасында Сібір, Орта Азия және Қазақстандағы (-600С-тан +600С-қа дейін) шұғыл континентальды ауа-райы жағдайында өнімдер сенімді жұмыс істейді.

Кәсіпорын бәсекеге қабілеттілікті арттырып, экс­порттық әлеуетті дамыту үшін 2010 жылдан бері Жапонияның «Кайдзен» – өндірістегі басқару технологиялары жүйесін енгізуде. Осылайша, Индустриялық-ин­новациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында компания өндірісті толық қайта жаңартып, АҚШ, Еуропа елдерінің әлемдік өндірушілерінен жабдықтар сатып алды, өндіріске озық технологиялар енгізді. Зауытта құрастыру жабдықтарын өндіруде көшбасшы – австриялық «ВМ» компаниясы әзірлеген сыйымдылығы 45-тен 230 Ач-ға дейінгі аккумуляторлық батареялар үшін құрастыру кешенінің соңғы модификация-құрастыру желісі іске қосылды. Аккумуляторлық батареяларды құрастыру автоматты түрде атқарылады. Желі жұмысы процесінде қызметкерлер тораптар мен тетіктер жұмысын, жинақтаушы бөлшектерді арнайы жинақтағыштарға беру бойынша тек жалпы бақылау жасайды. Бұл жұмыстың бәрі үлкен техникалық, интеллектуалдық және кадрлық әлеуеттің жинақталуына ықпал етуде. Кәсіпорында жоғары білікті мамандардың жұмыс істеуіне, өнім сапасының үнемі жақсаруына бақылау ерекше. Сәйкесінше, әлемдік стандарттарға және тапсырыс берушілердің нақты талаптарына сай өнімдер шығаруға шынайы кепілдік бар.

Ботагөз Әбдірейқызы

800 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы