• Аймақ
  • 04 Маусым, 2020

Тағы да ауыл жайлы немесе қазіргі экономикалық ақиқат хақында

Сөзді сөз қозғап, ойға ой түрткі салады, деп бекерге айтылмаған. Бұдан сәл бұрын газетімізде жарық көрген «Агроөндіріс мұнайға балама болады.  Тек батыл шешім қажет...» атты мақалада көтерілген қазіргі ауылдың шешімін күтіп, қордаланып  қалған түйткілдерін тарқату қалам ұстаған ағайынның ғана емес, елдің ауанын бағып, жұртшылыққа жағымды ұсыныстарын дер кезінде алға тартқанды жөн көретін саясат серкелерін де толғандырып жүргеніне көзіміз жетті.  

Үдемелі индустриялық даму бағдарламасын қабылдап, жеңіл көлік, тікұшақ, комппьютер шығаратын талай өндірістің тұсауы кесілгенімен, «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып, көміртекті шикізатқа тәуелділіктен арылған жоқпыз. Алдағы міндет – көпірме уәде мен қызыл сөзді қойып, білек сыбана іске кірісу, тез арада шаруашылық құрылымын өзгерту, әртараптандыру. Мұндай пікірді сарапшы, Париж саяси ғылымдар мектебінің профессоры Сергей Гуриев те айтып, мұнай бағасына тәуелді болмайтын экономика құруға балама жоқтығын жамиғатқа жеткізіп отыр. Әр нәрсенің байыбына барып, кесімді сөзін елдің соңын ала айтатын ғылыми жұртшылық шетелдік ғалым пікірін тарқатып, ұсыныстары мен жоба-жоспар­­ларын көп ұзамай билік пен қалың көпшілікке ұсынады, деген ойдамыз.

ТАҚЫРЫПҚА ТАМЫЗЫҚ

Тілге тиек етіліп отырған мақалаға Мұқағали ақынның «Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы...» атты өлеңі арқау болған-ды. Айтқандай-ақ сол «бір әңгіменің» ай өтпей-ақ ел аузына ілінгені­нен бұл тақырыптың жамиғат көкейінде жүргенін аңғарғандай болдық. Жаңалық жаршысы «BAQ.kz» сайтына осы бүгін салынған, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, сенатор Әли Бектаев пен «Ұлы Дала Қырандары» республикалық халықтық қозғалысының көш­басшысы Сәдібек Түгелдің пікірлері ойымызды айғақтай түскендей.

«Коронавирусқа байланысты шектеулер болашақта көп нәрсені өзгертері анық», деп атап өткен сенатор Бектаев мырза енді «елдің экономикаға, әлеуметтік салаға деген көзқарасы басқаша болады», деп түйіндейді. «Бұл жалғыз Қазақстанға байланысты емес. Осы сәтте біздің ел үшін ең дұрыс бағыт – ауыл шаруашылығы саласын, агрорлық секторды дамыту. Оның ішінде агроөндірісті көтеру. Бұл сала бірінші орынға шығады деп ойлаймын. Жалпы, аграрлық секторда мүмкіндік көп. Ауыл шаруашылығы өнімдерін шикізат күйінде емес, нарыққа қайта өңдеп шығаратын болсақ, өндіріс те дамиды. Бізде қазір ауыл шаруашалығы өнімдерінің тек 40 пайызы өңделеді. Қалғаны шикідей кетеді. Етің еттей, көкөнісің көкөністей, астығың астықтай кетіп жатыр. Соның бәрін қайта өндейтін зауыттар, фабрикалар салынатын болса, экономиканың өндіріс саласын ауыл шаруашылығы өнімдері арқылы да дамытуға болады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы техникаларын қолға алсақ... Өзімізде комбайн, трактор құрастырылса. Сол кезде ауыл шаруашылығы көп мәселені шешетін салаға айналар еді», деп тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйеді саясаткер. Ал, «Ұлы Дала Қыранда­рының» серкесі Сәдібек Түгел «Қа­зақстанға ауыл реформасы керек» деп тұжырымайды. Енді қоғам қайраткерінің пікіріне ден қояйық. «1984 жылы бізде 12 714 ауыл болды. Қазір, оптимизациядан кейін қалғаны 6 612 ғана. Екі есеге кеміп отыр. Сондықтан айтарым, ауылды қайтадан қалпына келтіріп, жандандырып, түбегейлі көтеру керек. Ауыл реформасын жүргізу қажет! Жабылып қалған, колхоз, совхоздарды қайта құру керек. Жаңа ауыл өндірісін құру арқылы, жаңа жұмыс орындарын ашып, ауылда жұмыссыздықты жою керек. Сонда жастар қаладан ауылға қайта оралады. Ауылға жан бітеді. Мектептер, медпунктер, кітапханалар, клубтар, дүкендер мен басқа да инфрақұрылымдар ашылады. Жол салынып, автобустар қатынайтын болады. Барлық шекаралық аймақтардағы аудандар мен ауылдарды қайта ашу керек. Бұл – заман талабы». Алып-қосарымыз жоқ! Құрметті оқырман, саясаткерлер өз тілеулестерінің назарын ел еңсесін көтеру тетігі әлеуметтік ахуалды жақсартуда жатқанына тегіннен-тегін аударып отырған жоқ. Кез келген идея бұқараны баулағанда ғана жеңіп шығады, деген классиктер пікірі осындайда ойға оралады.

ТАРИХТЫҢ ТАҒЫ  БІР ТАҒЫЛЫМЫ

Әр отбасын айналып өтпейтіні белгілі болып отырған қазіргі дағдарыс жайлы сөз қозғар алдында жиырмасыншы ғасырдың басында көне құрылықта, атап айтқанда Англияда орын алған экономикалық даму үрдістеріне көз жіберуге тура келген-тін. Оған дуалы ауыздардың «коро­на­­вирустың арты тоқырауға ұла­­сады» деген бір ауыз лебізі себепкер болды. Сонымен, 1929-1930 жылдарғы Ұлы тоқырауда Англияда билік басына келген лейборист (ағылшын­ның лейбор – еңбек деген сөзінен) Джеймс Макдональд төменгі пайыз көрсеткіштерін ұстанып, әлеуметтік бағдарламалар арқылы дағдарыстың халыққа тигізген зардабын жеңілдетуге тырысқан екен. Сөйтіп, мұндағы жұрт Америкадағыдай онша күйзеле қоймапты. Екінші дүниежүзілік соғыстың бас кезінде, 1940 жылы немістер Нидерланд пен Францияны басып алғанда билік тұтқасы консерватор Уинстон Черчилльдің қолына көшеді. Тегеуірінді тұлға экономиканы майдан қажеттеріне шұғыл бағыттап, халықты тас-түйін жұмылдырады. Бірақ соғыс біте салысымен өткен парламент сайлауында ұлт көсемі лейбористер серкесі социалист Клемент Эттлиден ойсырай жеңіледі. Әлқисса, сол Эттли қандай өзгерістерді жүзеге асырды дейсіз ғой. Ол қираған қалалар мен тұра­лаған шаруашылықты қалпына келтіру үшін ең алдымен қажыған халықты демеу саясатын ұсынады. Оны жүзеге асырады да. Черчилль қаншалық қаһарман, қаншалық ақсүйек болса да, оның елді әбден титықтатқан майданды мылтықсыз, қайла-күрекпен жалғастыру саясаты қолдау таппағанын айттық. Эттли болса социалистердің ежелгі арманы – «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» қоғам орнатуға кіріседі. Әлеуметтік қамсыздандыру саласында толыққанды заң-низам қабылдап, жүзеге асыру арқылы әрбір азаматтың күн көрісіне қажетті қаражат тауып беруді, жұмыссыздықтың алдын алуды, тегін дәрігерлік көмек пен білім беруді ақиқатқа айналдырады. Мемлекет жеке адамның тағдырын өз жауапкершілігіне алады. Бұл шынында да әлеуметтік төңкеріс еді. Қоғамдық өндірісті және бірқатар өнеркәсіп салаларын мемлекет қарамағына алу арқылы Эттли экономикалық ресурстарға және өндіріске бақылау орнатты. Келесі, 1946 жылы-ақ ол Ағылшын банкін, көмір өнеркәсібін, телеграф пен телефонды, азаматтық авиацияны мемлекет қанатының астына алды. Кейінгі жылдары энергетика, темір жол, каналдар, тас жолдар, газ бен темір, болат өндірістері национализацияланды. Міне, осының бәрі соғыс ауыртпашылығынан ерқашты болған ел халқының әл-ауқатын жақсартып, қоғамдық көңіл-күйін көтерді, елдің мәртебесін арттырды. Эттли тұрғын үй құрылысына да баса мән берді. Соғыс кезінде жарты миллион баспана жермен-жексен қирап, үш жарым миллион үй бүлінген болатын. Қаражат тапшылығына қарамастан Эттли үкіметі миллионнан астам баспана тұрғызып, халықтың алғысына бөленді. Лейбористер билікте болған алты жыл ішінде британ халқы ес жиып, етек жапты. Ашыққан қарын тойынып, жыртылған киім бүтінделді. Енді экономикадағы ақша айналымын реттеу арқылы кәсіпкерлік пен жеке іскерлік бастамаларға жол ашу қажет болды. Мұны кейіннен үкімет басына келген Маргарет Тэтчер жүзеге асыра алды. Халқымыздың қазіргі ахуалын «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің жұқарғанымен» салыстыруға болар. Мемлекеттің де, саясат серкелерінің де ендігі міндеті жамиғаттың жағдайын жақсарту болуға тиіс. Ең бастысы-терең ойластырылған әлеуметтік саясатты жүзеге асыру керек. Қазынасын соғыс ортайтқан Англияның көреген саясаткерлері әлеуметтік төңкеріс жасап, есеңгіреген елдің есін алты-ақ жылда жидыра білгенін айттық. Бізде ше? Басқаны былай қойғанда, мұнайдан соңғы он-он бес жылда түскен қаржыға ауылды үлде мен бүлдеге орап қоюға болар еді ғой?! Сол қаражат қайда кетті, көктеп, көгергеніміз кәне, деп сауал тастар кез де келген сияқты. Әлеуметтік саясат ұлты­мызға, білімімізге, саяси, діни ұста­ны­мымызға, тұрғылықты жерімізге қарамастан әрқай­сымызға ортақ болуға тиіс. Әркім одан өзінің болашағын көре білуге тиіс, ол Ескендірия шамшырағы сияқты жол нұсқап, жәрдемге, ақыл-кеңеске зәру әрбір әлеуметтік топтың сұранымдарын қанағаттандыруға тиіс. Мәселен, ат төбеліндей іскер топ өкілдерін алайық. Сыртқа жүнін қампайтқандарымен, олардың да мұң мен зары шаш-етектен. Ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін арттыру қажет дейміз, оны ел экономикасын өркендетудің алғышарттарының бірі ретінде қарастырамыз. Дұрыс-ақ. Бірақ, сол кәсіпкерліктің өркендеуі үшін қажет жағдайлар толық жасалған ба? Соған неге көңіл аудармаймыз? Мемлекет экономиканы реттеу тетіктерін оңтайландырмайынша, бәсекелестікті дамытпайынша халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартатын жұмыспен қамту саясаты жүзеге аспақ емес. Елдің еңбек ресурстарының араласуынсыз, шикізат көздерін өндіру арқылы қол жеткен экономикалық өсудің арты өшуге әкеліп соғуы әбден мүмкін. Оған таяу уақытта көзіміз жетуі ықтимал. Мемлекет елдің әрбір азаматы алдындағы жауапкершілігін арттыруы керек. Еңбеккер жандардың өз құқық­тарын корғай алуына мүмкіндік жасау қажет. Кәсіподақтар беделді саяси күшке айналуға тиіс. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру салаларын бастан аяқ қаржыландыруға мемлекеттің қуаты жетеді. Мемлекет халықпен ашық сұх­батқа барғаны жөн. Англияның мысалындай, ел еңсесін көтеруге алты-жеті жыл жеткілікті. Осы кезең ішінде ауыл да бойын тік­темек. Сөйтіп, халықтың басым бөлігі алғашқы қорды жинап үлгірмек. Ал, осыдан кейін келетін экономикалық циклда үкімет елге «ал, енді өз күніңді өзің көр», деп нық сеніммен айта алады. Міне, сонда Еділдің бойы ен тоғайға мал толады десек, қателеспейміз.

ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

Ойлап қараған адамға ұлыс тіршілігі, келешек қамы ұмсынсаң қолың жетпейтін заңғар емес екен. Елдік мәселелерге келгенде Абай атамыз айтқандай «бізді не қыласың, ана сөзді ұғатындарға айт», деп жауапкершіліктен ат-тонын ала қашатындар, болмаса «көтере алмайтын шоқпарды белге қыстырудан» қорқа соғатындар қарасы бүгінде қораштанып қалғандай. Өйткені, халықтың өзі жекелеген кісілерден, отбасылар мен әулеттерден түзіледі, «көп болып көрген ұлы той» – коронавирустан туындайтын дағдарысты ахуал осынау қарға тамырлы ағайындарымыздың қай-қайсысын да айналып өтпейді, ол қарадан бастап ханға дейін ортақ. Мұны әркім түсінеді. Сондықтан замана сынына, дәуір сауалына жауапты, уақыт тығырығынан шығар жолды бүгінде ел болып іздестіріп жатқан халіміз бар. Кей керауыздар айтатындай, қазақтың қазынасы той емес, ой болуы тиіс. Ел десе елеңдемейтін қазақ жоқ бүгінде. Қаладан қара үзіп, қырық қадам шыға қалсаң, «түтіні түзу ұшқан ауылдар бар ма екен» деп, жапатармағай жөн сұрасып жатады жұрт. Себебі, қазақтың бесігі – ауыл. «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» деген Бейімбет жырында үлкен экономикалық ақиқат жатыр. Оңтүстік-шығыс Азия «жолбарыстарын» бүге-шігесіне дейін зерттеген профессор Сағындық Сатыбалдин бұл елдердің барлы­ғының еңсе тіктеуі ең алдымен аграрлық секторды аяғына тік тұрғызудан басталғанын жазады. Үкімет көмегі шөліркеген егінге себездеп өткен жазғы жаңбыр сияқты. Ең бастысы, дән құнарлы топыраққа сіңірілуі керек. Ал, топырақ тұрмыс жағдайын жөндеп, ел қатарлы өмір сүруге құлшынған адамның еңбегі арқылы түлемей ме?! «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, ғалымдар мен мамандар, білікті басшылар тізе қосып, ұлт бесігі – ауылдық аймақтарда әлеуметтік тыныс-тіршілікті жолға қою мен шаруашылықты ұйымдастырудың замануи жоба-жоспарын жасауы қажет. Ағылшындар айтқандай, «көнеден өткен жаңа жоқ». Кеңес­тік дәуірдің озығы да, тозығы да бар. Озығы – ауылдық жерде кешенді механикаландырылған ірі шаруашылықтар құрып, ой­ластырылған аграрлық саясат жүргізуі. Бүгінде өз күнін өзі көріп жатқан ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіруге, сөйтіп, нарық құры­лымын жағымды жаққа қарай өзгертуге әбден болады. «Әркім өз тағдырының ұстасы» дейміз. Ал, кез келген қожалық иесі – өзінің ғана емес, ауыл-аймақ тағдырының да ұстасы. Бұл-бұрынғының байларынан қалған дәстүр. Осыны әр қазақ есте ұстауы керек.

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ, «Tenge Monitor» газеті Ақылдастар алқасының мүшесі

484 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы