- Өндіріс
- 10 Маусым, 2020
Электр қуаты күнбе-күн қажет

Кеңес Одағы тарардың алдында Қазақстан жылына 108 миллиард киловатт-сағат көлемінде электр қуатын тұтынатын еді. Оның 105 миллиард киловатт-сағаты республикамыздың өзінде өндірілетін. Ал қалғаны Ресей мен Орта Азия жақтан алынатын. Ал өткен 2019 жылы Қазақстан шамамен 104 миллиард киловатт-сағат тұтынған және 105 киловатт-сағат өндірген екен. Бұл көп пе, әлде аз ба?
Салыстырмалы түрде қарастырсақ, аталмыш нәтижелер Кеңес заманындағы жетістіктерден аз да болса төмен көрінгенімен, олардың өткен онжылдықтың орта шенінде тіркелген көрсеткіштерден біраз жоғары екеніне көзіміз жетеді. Мәселен, 2005 жылы елімізде 66,5 миллиард кВ/сағ. (киловатт/сағат) электр қуаты өндірілген және 59,2 миллиард кВ/сағ. электр қуаты тұтынылған. Арасында екі есеге жетпегенмен, соған жуықтайтын айырмашылық бар екен. Қалай дегенмен, ол кезде де, өткен жылы да өндіріс көрсеткіші тұтыныс көлемінен артық болған. Дегенмен, еліміз өзі үшін қажет электр қуатының біршама бөлігін әлі де болса сырттан сатып әкелуге мәжбүр. Неге? Бұның екі себебі бар. Біріншіден, бізде өндірілетін электр қуаты тұтыныс үшін толығымен жеткілікті сияқты болып көрінгенмен, ол шындығында жеткіліксіз. Өйткені елімізде өндірілетін тоқтың біршамасы тұтынушыларға жеткенше жолда жоғалады екен. ҚР энергетика министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, еліміздегі электр желістерінің орташа тозығы 60 пайызды құрайды екен. Олардың жалпы ұзындығы жүздеген мың километр көрінеді. Бұл – ғаламат көрсеткіш. Осыншама ұзын желістер бойымен тасымалдап, әрбір тұтынушыға тараттым дегенше, тоқ біраз шығынға ұшырап үлгереді екен. Яғни, таза күйінде алғанда, елде өндірілетін тоқтың көлемі ішкі тұтыныс қажетін толықтай өтеуге бәрібір жеткіліксіз. Екіншіден, Кеңес заманында құрылған бүкілодақтық Біртұтас энергетикалық желістер ауқымында қалыптасып қалған тәртіпке сай, осы күнге дейін Қазақстанның кейбір облыстары тоқты сыртқа жібереді, ал екінші бір облыстары сырттан алады. Өйткені ыңғай солай. Бұл – Қазақстандағы электр тоғын тасымалдау және тарату желістерінің үш бөлек-бөлек жүйе болып қалыптасқанының нәтижесі. Осы үшеуінің Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан аймақтарында орналасқан екеуі – және де әрқайсысы өз бетінше – Ресей жақпен тікелей жалғастырылған. Ал олардың өзара байланысы күні кешеге дейін болмаған. Сондықтан осы екі аймақтың электр қуатына қатысты жағдайының екі түрлі болып қалыптасқанына таңданудың қажеті жоқ болар. Солтүстік Қазақстанда тоқ артығымен өндіріледі, сондықтан оның бір бөлігі Ресейге экспортқа жіберіледі. Ал Батыс Қазақстанда электр қуатын өндіру көлемі жеткіліксіз. Сондықтан бұл аймақтағы облыстар өздері тұтынатын тоқтың біршама бөлігін Ресейден сатып алады. Ал үшінші жүйе Оңтүстік Қазақстанда орналасқан және Орталық Азияның Біртұтас энергетикалық желістерімен жалғастырылған. Бұл аймақта да жергілікті электр қуатын өндіретін мүмкіндіктер шектеулі.
Марал САЛЫКЖАНОВ

477 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *