• Аймақ
  • 10 Маусым, 2020

Қуаңшылықтан қорғанудың жолы

Еліміздің агроөнеркәсіп саласында жаңа сақтандыру жүйесі іске қосылды. Оның сақтандыру операторы болып «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры бекітілді.

2004 жылдан бері Өсімдік шар­уашылығын міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істеп келген болатын. Ал жаңа жүйе одан ерекше болмақ. Біріншіден, агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру енді ерікті түрде болады. Екіншіден, салаларға шектеу жоқ. Яғни, аграрлық сектордың кез келген бағыты сақтандырылады. Үшіншіден, сақтандыру сыйақыларын мемлекет субсидиялайды. Бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру­шілерді ынталандыруға және сақ­тандыру шартын жеңілдетуге бағытталған. Сақтандыру сыйақы сомасының 50%-ын мемлекет суб­сидиялайды. Ол үшін биыл респуб­ликалық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді. – Жаңа жүйені әзірлеу кезінде өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандырудың проблемалық мәсе­лелері ескерілді, – дейді «Ауыл шар­уашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарушы директоры басқарма мүшесі Асқар Қалиев. – Мәселен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүдделерін қорғау мақсатында жүйеде Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттіктің лицензиясы бар сақтан­дыру компаниялары ғана жұмыс істей алады. Жаңа жүйеде әлемдік сақтандыру нарығында «А» рейтингі бар үш ха­лықаралық қайта сақтандыру компаниясы жұмыс істейтін болды. Олар отандық компаниялар сақтандыратын тәуекелдерді қайта сақтандырады. Бұл сақтандыру тәуекелдері туындаған жағдайда кепілді төлемдерді қамта­масыз етуге мүмкіндік береді. Шарт жасасудан бастап төлеммен аяқталатын барлық процедуралар электронды цифрлық қолтаңба арқылы Qoldau.kz электронды платформасында жүргізіледі. Процестерді автоматтандыру адами факторды азайтады және жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етеді. – Бүгінгі таңда Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қолдау қоры топырақтағы ылғалдың индексіне негізделген сақтандыру өнімдерін бекітті, – дейді А.Қалиев. – Сақтан­дыруға жататын дәнді дақыл­дар – бидай, арпа, сұлы, жүгері. Ал майлы дақылдар күнбағыс, рапс, зығыр өнімдері. Мониторингті жүзеге асыру үшін ақпарат Жерді қашықтан зондтау көздерінен алынады. Ылғал деңгейінің мониторингі тұрақты негізде жүргізіледі және сақтандыру жағдайының деректері автоматты түрде тіркеледі. Сақтандыру жағдайы туындағаны туралы Qoldau.kz жүйесіндегі жеке кабинетіне немесе жеке электронды поштасына келген хабарламаны алғаннан кейін сақтанушы (ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші) төлем жасайтын сақтандырушыға (сақтандыру компаниясына) өтініш береді. Бұрынғы жүйедегі алынған деректер бойынша сақтандыру жағдайларының 60%-дан астамы ылғалдың жетіспеуінен, яғни құрғақшылыққа қатысты болды. Осыған байланысты өнімді құрғақ­шылықтан сақтандыру ерекше маңызға ие. Сондай-ақ егіс нау­қанының аяқталу мерзімі де еске­ріледі. Ылғалдың жетіспеу қаупінен сақтандыру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер биыл 15 маусымға дейін сақтандыру шартын жасасуы қажет. Сақтандыру кезеңі 3 айды қамтиды. Яғни, 15 мамырдан 15 тамызға дейінгі аралық есепке алынады. Ылғалдың шамадан тыс болуына қатысты сақтандыру келісімшартын 15 тамызға дейін бекіту қажет. Сақтандыру ағымдағы жылдың 15 тамызынан 15 қыркүйегіне дейінгі аралықта жүргізіледі. Алдағы уақытта агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру өнімдерінің нарықтағы қажеттілігі ескеріліп, тізімі кеңейтілетін болады.

Гүлнұр АМАНТАЙҚЫЗЫ

386 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы