• Аймақ
  • 10 Маусым, 2020

Сақтық шаралары әлі де өзекті

Алматы облысында карантин талаптары қайта күшейтілуде. Өйткені, өңірде коронавирус жұқтырғандар саны қайтадан артып келеді. Облыстың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы облыс аумағында СOVID-19 сырқаттанушылығының 5,5% өсуіне байланысты қабылданып отыр.

Соңғы жағдайлар көрсетіп отыр­ғандай, облыс тұрғындары мен бизнес өкілдері карантиннің негізгі талаптарын орындамауда. Медициналық маска тақпау, арақашықтық сақтамау көптеп орын алуда. Жалпы, карантин талаптарын сақтамаған 720 жағдай тіркелген. Коронавирустың өсу қар­қыны Талдықорған қаласында жо­ғары, шаһарда індетті жұқтырғандар саны ұдайы өсуде. Осы жайтқа байланысты қаланың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес облыс орталығында карантин режимі жалғасады. Бірақ санитарлық посттар қойылмайды, нысандар жабылмайды. Тек нысандардың жұмыс істеу уақытына өзгеріс енгізілді. Сонымен қатар дезинфекциялау жұ­мыстары қоғамдық орындарда, халық көп шоғырланатын жерлерде, тұрғын үй кіреберістерінде күн сайын жүргізіледі. Қаулыға сәйкес өңірде карантинді жалғастыру және Алматы облысының эпидемиологиялық қолайсыз жағдайлары орын алған аудандары мен қалаларында карантин шараларын күшейту енгізілді. Атап айтқанда, Қапшағай қаласы мен Іле ауданының әкімдеріне Қапшағай су қоймасының жағалауындағы демалыс аймақтарына және Іле ауданының Жетіген ауылдық округіне апаратын автожолда мобильді бекеттердің жұмысын қамтамасыз ету міндеттелді. Жуырда облыс әкімі Амандық Баталов коронавирус инфекциясы­ның таралуына байланысты облыс аумағындағы шаралар туралы брифинг өткізді. Облыс әкімі елде ТЖ режимі басталғаннан бері өңірде арнайы штаб құрылғанын, қабылданған жедел шаралардың арқасында Қарасай ауданының «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде, Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылын­дағы саяжай массивтерінде коронавирустың таралу ошағы дер кезінде оқшауланып, жойылғанын атап өтті. Алайда, өңірде қауіпті вирус­ты жұқтырудың жаңа деректері тірке­луде. – Карантин шараларын кезең-кезеңімен босаңсыту жұмыста­ры жүруде. Осыған байланысты, әлеуметтік қашықтықты, бетперде режимін, жалпы қажетті дезин­фекциялық-эпидемиологиялық шараларды сақтау аса маңызды. Бұл коронавируспен күрес жағдайын тезірек еңсеруге көмектеседі, – деді А.Баталов. Сол сияқты облыс әкімі індетпен күрес шараларына өңірдің меценаттары мен бизнесмендері де қолдау көрсетіп жатқанын айтты. Ауыл шар­уашылығындағы жұмыстардың барысына да тоқталып өтті. Қабыл­данған профилактикалық және санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың арқасында көктемгі егіс жұмыстары дер кезінде басталып, кідіріссіз жүргізілді. Өнеркәсіп орындары қалыпты жұмыс істеуде, олардың қызметі тоқтаған жоқ. Бұл шаралардың өңірде экономикалық жағдайдың тұрақтылығын сақтаудағы маңызы зор. Індет жағдайында өзекті болып отырған ішкі туризм мәселесі де айтылды. Облыс басшысы Алакөл көлінің екі жақ жағалауында да суға түсу мерзімін бір мерзімде ашу туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметовпен өзара ауызша келісімдері бар екенін, шамамен 13 маусымда барлық туристік нысандарда тиісті санитарлық-дезинфекциялық талаптарды сақтай отырып жаңа маусым ашылатынын жеткізді. Брифинг сұрақ-жауаппен жал­ғасты. Облыс әкіміне журналис­тер мен блогерлер тарапынан түрлі сауалдар қойылды. БАҚ өкілдері «Жұмыспен қамту жол картасының» жүзеге асырылуы, шағын және орта бизнесті қолдау, коммуналдық төлемдерге өтемақы төлеу, әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарларының бағасын бақылау мәселелерін сұрастырды. Журналистердің сауалдарына жауап бере отырып, облыс әкімі жалпы эпидемиологиялық жағдайдың әлі де күрделі екеніне назар аударды. Дегенмен, балалардың жазғы демалыс орындары карантин алынып тасталған уақытта өз қызметтерін сапалы көрсетуге дайын болуы үшін жөндеу және дайындық жұмыстарын жүргізуде. Әкім облыс тұрғындарын карантин шараларын қатаң сақтауға шақырды. – Эпидемиологиялық жағдай­­дың ушығуына жол бермеу үшін облыс тұрғындарына айтарым: санитарлық-эпидемиология­лық шараларды сақтау өз басымыз­дың, жақындарымыздың, барша азаматтардың саулығы үшін керек, сонда ғана біз бірлесіп қауіп­ті вирусты жеңіп шығамыз, – деді А.Баталов.

ГауҺар ӘЗІЛХАН

448 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы