- Атамекен
- 10 Маусым, 2020
Шағын бизнестің арзан кредитке қолы жетімді болмақ
Осы жылдың шілдесінен бастап шағын бизнеске жылдық мөлшерлемесі 6%-дан айналым қаржысын толықтыруға және өндірістік қажеттіліктерге кредиттер беріле бастайды. Бұл туралы дүйсенбіде халықпен есепті кездесуінде ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді.
«Менің пайымдауымша, кредиттеудің қолжетімділігі мен кепілдіктің жетімсіздігі – кредит алудағы негізгі мәселе болып табылады. Сондықтан да кешенді жоспар аясында жаңа бағыт – микро және шағын бизнес субъектілерін кішігірім кредиттеумен қамту көзделген. Қолдаудың бұл құралы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының механизмі арқылы іске асырылып, осындай жаңа бағыттардың арқасында бизнес 6% жылдық мөлшерлеме бойынша кредит алатын болады да, кредиттерді екінші деңгейдегі банктер ұсынбақ. Түпкі мөлшерлеме 6%-дан аспауы үшін бұл республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Ол кәсіпкерлер үшін кредит мөлшерлемесін төмендетуге мүмкіндік береді», – деп мәлімдеген Руслан Дәленов Forbes.kz-ке берген сұхбатында. Айналым қаржысын толықтыруға 5 млн теңгеге дейін, өндірістік қажеттіліктерге – 20 млн теңгеге шейін алу қарастырылып отыр. Кепілдік жетіспеушілігі мәселесін «Даму» қорының 85%-ға дейінгі қарыздарға кепілдік беру құралы арқылы шешу жоспарланған. – Кредит алудың тетіктері барынша оңайлатылған.Осындай кредиттер көмегімен мейлінше көп кәсіпкерлер қамтылатын болады, – дейді Р.Дәленов сенімді түрде. Әйтсе де, қамтудың болжамды санын ол ашып көрсетпепті. Оның айтуынша, кредиттеудің жаңа тетігі бизнес үшін осы шілдеде-ақ қолжетімді болады екен. – Жалпы алғанда, – деп еске салады, экономика министрлігінің басшысы, – экономикалық тежелу біздің аймақтағы ғана құбылыс емес. Осы қаңтарда ғана 160 ел экономикалық өсімдерін болжаған еді, ал үш-ақ айдан кейін 170 ел экономикасы төмендегенін жариялаған, оның үстіне дағдарыстан өндірушілер де, тұтынушылар да зардап шеккен. Министрдің атап көрсетуінше, Қазақстанда неғұрлым көбірек дәрежеде қызмет көрсету секторы: сауда, көлік, туризм, қоғамдық тамақтандыру қызметі, кинотеатрлар мен қонақүйлер зиян шегіпті. – Азық-түліктік тағамдарды өткізу мен дәріханаларды есепке алмағандағы, бүкіл дерліктей – сауда саласы, шағын және орта бизнестің үлкен бір бөлшегі жапа шеккен. Бұл сәуірдегі статистикадан да көрініп отыр. Сондықтан аталған салаларға, соның ішінде еңбекке ақы төлеу бойынша да, еңбекақыға салық бойынша да қосымша салық ынталандырмасы берілген, – деп атап көрсетті Р.Дәленов. Оның айтуынша, экономиканы қалпына келтіру бойынша кешенді жоспарда түрлі салалардағы нақты мәселелерді шешу жөніндегі шаралар ашып көрсетілген. – Дәл осы кезеңді есепке алғанда, шаралардың жақсы топтамасы іске асырылуда. Әрине, мониторинг те жүргізудеміз, қалыптасқан жағдайға қатысты қосымша шаралар да қабылданатын болады, – деп қадап айтты министр.
Иса ҚАМБАР
436 рет
көрсетілді0
пікір