• Аймақ
  • 18 Маусым, 2020

Тұрғын үйлердің қасбеті мәрмәрмен қапталмақ

Қазір Түркістан қаласында «Ұлы дала елі» атты орталық құрылысы жүріп жатыр.

Осыған байланысты облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан өңіріне жұмыс сапарымен келген Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен кездесті. Жұмысшы топ облыс орталығында бой көтерген «Ұлы дала елі» мәдени кешенінің құрылыс барысымен танысты. Түркістан шаһарын түлету мақсатында еліміздің әрбір облысы бір нысаннан тарту еткен болатын. Соның бірі – Атырау облысы әкімдігі туризм ордасы, киелі Түркістан жеріне сәулет өнерінің үздігіне айналар «Ұлы дала елі» рухани орталығын салып беруде. Орталықта Қазақ Ханды­ғының құрылғанынан бастап, жаңа дәуір дамуына дейінгі әртүрлі тақырыпты ашатын 9 тарихи-заманауи залдар ашылады. Құрылыс басында болған Атырау облысының әкімі мәдени орталықта зама­науи мүмкіндіктерді, яғни, инно­­ва­циялық технологияларды ба­рынша қолдануды ұсынды. Алып құрылыс алаңына айналған облыс орталығында еліміздегі ірі құрылыс компа­ниялары киелі шаһарды түлету жолында күндіз-түні тер төгуде. Атырау облысы әкімдігінің сыйы күзде аяқталуы тиіс. 0,8 гектар жерде бой көтеріп жатқан орталықтың аумағы 6200 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Бұдан бөлек, өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы қарқыны үдей түскен құрылыс алаңдарын аралап, құрылысшылармен кездесті. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеті тұтастай ашық түсті травертин мен ақ мәрмәр таспен қапталуда. Олардың сапасын тексеріп шыққан аймақ басшысы, мердігер компания жауаптыларына жұмыс қарқынын жылдамдатуды жүктеді. Өмірзақ Естайұлы құрылыс басында сақтық шараларын күшейте отырып, тәулік бойғы жұмыс кестесіне көшуді тапсырды. «Жұмыс көлемі өте ауқымды, оны жақсы түсінемін. Бірақ қазір кідіретін кез емес. Терең жауапкершілікті сезіне білу маңызды. Біздің тарыпымыздан қандай да бір көмек керек болса, тікелей айтыңыздар», – деді өңір басшысы. Түркістан қаласы әкімшілік-іскерлік орталығында 7,9 және 12 қабатты 5600 пәтер, не 89 тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуде. Жыл қортындысымен 7 қабатты 24 тұрғын, яғни, 1452 пәтерді пайдалануға тапсыру жоспарланған. Кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарға және көпбалалы отбасыларға 450 пәтер берілсе, мемлекеттік қызметкерлерге 1000-нан астам кредиттік тұрғын үй тапсырылмақ. Сонымен қатар қазір бұл өңірде «WORLDSKILLS TURKESTAN 2020» атты облыс­тық біріншілік өтіп жатыр. Техникалық және кәсіптік білімді дамытуға бағытталған «Worldskills Turkestan 2020» байқауында Түркістан облысының 319 студенті 46 мамандық бойынша бақ сынауда. Біріншілікке әлемнің 83 мемлекетіне таралған халықаралық біліктілік сайысы колледж студенттері мен жас мамандар арасында білікті кадрларды анықтауға мүмкіндік береді. Мақсаты – жұмысшы мамандығының беделін және кәсіптік білім сапасын арттыру. Сайыста жастардың тә­жіри­белік дайындығы мен кәсіптік біліктілігі шың­далып, шығармашылығы мен жоғары еңбек мәдениеті, заманауи, оның ішінде ақпа­раттық-коммуникациялық технологияларды іс жүзінде қолдана алу біліктілігі сыналады. Сайыстың биылғы ерекшелігін атап өтер болсақ, Түркістан шаһары үшін аса маңызды құрылыс саласына мейлінше назар аударылып отыр. «BI Group» компаниясы білікті мамандарға қолдау көрсетіп, демеушілік жасауда. Жеңімпаздары ұлттық чемпионатқа жолдама алады. Сонымен қатар бірінші орын иегеріне теледидар, екінші орын иегеріне планшет табысталады. Қалған жеңімпаздарға да арнайы сыйлықтар қарастырылған. Түркістан өңірі аталған жарысқа 2015 жылдан бастап қатысып келеді. Осы жылдар ішінде қол жеткізген жетістіктер аз емес. Былтыр мәселен Нұр-Сұлтан қаласында өткен «WorldSkills Kazakhstan – 2019» V республикалық чемпионатына облыстан 33 студент қатысып, оның ішінде өз шеберліктерін көрсете білген 17 дарынды жас 4 алтын, 2 күміс, 2 қола, 9 медальон жеңіп алды. Жалпы командалық есепте облысымыз үшінші орынды иеленген болатын. Облыстың студенттеріне биыл да үлкен үміт артылып отыр.

Айнұр БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ

417 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы